«БЖЗҚ» АҚ ақпараттық жүйесінде бүгінде он миллион алты жүз мыңнан астам шоттың иелеріне қызмет көрсетіледі. Әрбір шот бойынша жарналардың түсуі және инвестициялық табысты есептеу туралы ақпараттар нақты уақыт тәртібінде жаңартылып отырады. Яғни, шоттарды есепке алу және талдау жүйесі жетілген түрде жұмыс істейді және бұзылуға өте төзімді. Әрбір операциялық күн дер кезінде өңделеді. Сәйкесінше салымшыға тұрақты түрде жаңа және маңызды ақпараттар ұсынылады.
Мұның барлығына қалай қол жеткізілді? БЖЗҚ ең алдымен enpf.kzпорталын іске қосты. Сайттың интерфейсі пайдаланушыға ыңғайлы және түсінікті жасалған. Ол жинақтардың көлемі немесе зейнетке шығу уақытымен ғана емес, сонымен қатар Қордың есептілігімен, портфельдің құрылымымен танысуға мүмкіндік береді.
Қор қызметінің ашықтығы мен айқындылығының арқасында салымшылардың Қорға деген сенімі нығая түсті. Олар БЖЗҚ электрондық сервистерін, олардың ішінде мобильді қосымшаны белсенді түрде пайдалануда. Айта кетелік, мобильді қосымшаның атқарымы Қор сайтының атқарымымен бірдей.
БЖЗҚ қызметі қатаң түрде реттелген және зейнетақы шоттары туралы ақпарат құпия сақталады. Сондықтан кез келген өтініш берушілік сипаттағы қызметтер салымшыдан электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе Қор сайтына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпиясөз арқылы тіркелуді талап етеді. Қор қызметтері мен зейнетақы активтерін басқару туралы ақпараттар ашық және қолжетімді. Бұл ретте Қордың барлық электрондық қызметтері кез келген салымшыға тәулігіне 24 сағат және аптасына 7 күн бойы нақты уақыт тәртібінде қолжетімді екендігін айта кеткен жөн.
БЖЗҚ электрондық сервистерінің танымалдығын Қордың статистикасынан да көруге болады. Мысалы, 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша салымшылар enpf.kz сайты,Қордың мобильді қосымшасы және e-gov порталы арқылы өз шоттарынан 7,9 млн үзінді көшірме алған. Бұдан басқа салымшылар Қор кеңселеріне келмей-ақ, қашықтан өздерінің жеке деректемелеріне 95,8 мың рет түзету енгізген. Шамамен 964 мың салымшы болашақ зейнетақысының көлемін білу үшін электронды болжамды зейнетақы калькуляторын пайдаланған. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін 95 мыңға жуық өтініш өңделді. Зейнетақы қоры Мемлекеттік корпорацияға инфляцияны ескере отырып, мемлекеттік кепілдікті есептеуге қажетті мәліметтерді 180 мыңнан астам рет ұсынған. Бұл ретте электрондық операциялар саны үздіксіз артып келеді.
Бүгінде БЖЗҚ мен Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйесі өзара ықпалдастырылған. Сондықтан зейнетке шыққан салымшының өтініші туралы ақпарат БЖЗҚ-ға электрондық сипатта түседі. БЖЗҚ өз кезегінде зейнетақы төлемдерін есептеп, оны мемлекеттік корпорация арқылы алушының банк шотына аударады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін ортақ және базалық зейнетақы да дәл осы шотқа аударылады.
Өкінішке қарай, бүгінде зейнет жасына толған салымшылардың көпшілігі зейнетақыны рәсімдеу үшін қайда барып, қандай құжаттар тапсыру керектігін біле бермейді. Бұл жағдайда олар Қордың 1418 тегін телефон нөміріне хабарласып, барлық сұрақтарына жауап ала алады. Байланыс орталығы күн сайын, аптасына 7 күн – таңғы сағат 08.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Қор зейнетақы төлемдерін тағайындау және алу жүйесін барынша оңайлатты. Әрине, мұнымен шектеліп қалмайды. Қор енді микросервистерге көшуді жоспарлап отыр. Сондықтан қазіргі уақытта Қор жүйесін мемлекеттік органдар және екінші деңгейдегі банктердің жүйесімен өзара ықпалдастыру жұмыстары жүргізілуде.