Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында зейнетақы жүйесіне қатысты сұрақтар бойынша ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Бұл жолғы шараның ерекшелігі- сол, Қор мамандарымен қатар тұрғындарға әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік органдардың, қоғамдық және мемлекеттік емес бірлестіктердің өкілдері келушілерге және БАҚ өкілдеріне әр түрлі сұрақтар бойынша жауап берді.

Жиынға Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Динара Бейсенова, «Медициналық сақтандыру қорының бөлім жетекшісі Айгерім Сүйінбаева, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Бас маманы Жұлдыз Тіленчиева, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Гүлсара Алтынбекова снды мамандар келушілердің әлеуметтік көмекті алу, медициналық сақтандыру, жұмыспен қамту, зейнетақы жүйесіндегі маңызды сұрақтарға жауап берді. Қала тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, әр саланың мамандарынан тұшымды жауап алал алды. Сонымен қатар жиын барысында келушілерге зейнетақы және әлеуметтік сала бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

Шара барысында азаматтарды бірінші кезекте зейнетақының неден құралатындығы қызықтырды. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өкілдері базалық және ортақ зейнетақы, ал Қор мамандары өз кезегінде зейнетақы төлемдерінің жинақтаушы бөлігі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру туралы да сұрақтар қойылды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ қызметкерлері жұмыс берушілер үшін мұның міндетті екендігін еске салды.

Бала күтімімен декреттік демалыста жүрген әйелдер үшін бюджеттен міндетті зейнетақы жарналары бойынша қосымша көмекқаржы бөлінетіндігінен әйелдердің көпшілігі бейхабар болып шықты. Еске сала кетелік, жұмыс істейтін әйелдердің Қордағы жеке зейнетақы шотына баласы бір жасқа толғанша мемлекеттік бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан міндетті зейнетақы жарналары аударылып отырады. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Аталмыш шара «БЖЗҚ» АҚ барлық филиалында жоғары деңгейде өтті. Келушілер көп болды және олар зейнетақы жүйесінің жұмысына үлкен қызығушылық танытты. «Ашық есік күні» шарасының соңында қатысушылардың барлығы бағалау сауалнамасы арқылы өздерінің пікірлері мен ескертпелерін жазып қалдырды.
Мақпал Ноғайбаева