Қазіргі қазақ мал баққысы келмейді. Малшыны менсінбейді, қойшыны қорсынады. Тағы ет жейді. Ет ағаштың басында өспейді. Оны сол қойшы қозысынан, жылқышы құлынынан, сиыршы бұзауынан ерте тұрып, жай жатып, қыстың аязына тоңып, жаздың аптабына күйіп бағады, өсіреді. Бұл — ең адал еңбек. Қазіргі қайбір қалалықсымақтар кеше ғана ата бабасы киіз үйден шыққанын, кешегі малшы, жалшының тұқым тұғияны екенін ұмытып, малшыға жоғарыдан қарағысы келеді. Тіп- титімдей болып балалары мал, ауыл десе мұрынын тыржыңдатады. Осының бәрі әдемі киініп, беті басын әспеттегенімен балаға еңбекті қадірлеуді үйретпеген тоғышар ата- ананың надандығынан. Малды тек мультиктен көретін балаларға оны өсірудің қандай азап екенін ұғындыру керек. Егер біреу төмен тұрса, сол малды бақпай, азабын тартпай, ет жеп кекірік атып отырған сіз бен біз төмен тұруымыз керек. Құрметтеу керек бұл мамандықты. Бас ію керек ауыл халқына! Біреуге ауыл ет үшін ғана керек. Біреуге биліктегі саясаты үшін ғана керек. Ал қазақ үшін ол ұлтты көбейтіп, тілін, дінін, қазақшылығын сақтап отырған Орда. Мың да бір тағзым, бар қазақтың Анасы — Ауыл!
Әділбек Қабаның facebook парақшасынан.