Былтырғы жылдың күзінде ауыл әкімдерін сайлау арқылы таңдау тәжірибесі жүзеге асырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттер, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау арқылы анықтау іске қосылды. Нұрбол Досымбаев – сол сайлауға кандидатурасын ұсынып, ауыл халқының сенімі арқылы әкімдікке сайланған азамат.
Жуырда Нұрбол Инақынұлы туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әз Наурыз мерекесін ұйымдастырған әкім ауылдастарының алдында салмағы 40 келіден асатын тірі қойды иығына артып алып 50 рет көтеріп, чемпион атанды.
Ауылдастарының ынтымақтастық рухын оятып, ел ішіндегі ауызбіршілікті арттыруға күш салып жүрген әкіммен сөйлесудің сәті түсті.
«Мен Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылында 1988 жылы өмірге келдім. Балалық шағым – Қулық тауының бөктеріндегі, жері де жаймашуақ, елі де жылы Жылысайда өтті. Кейін отбасымызбен Талғар ауданына көшіп келдік. Талдыбұлақ ауылындағы мектепті оқып бітірдім. Кейін осы мектепте мұғалім, директордың орынбасары қызметін атқардым. Былтыр ауылдық округ әкімдерін сайлау науқанына қатысып, кандидатурамды ұсындым. Жергілікті халықтың, яғни сайлаушылардың сенімін арқалап басым дауыспен әкімдікке өттім. Арқамда тұтастай бір ауылдық округ тұрғындарының аманаты тұрғанын сезінген сайын ауырлығы бата түседі. Көпшіліктің үміт отын өшірмей, жұмыс істеуге барымызды салып жатырмыз. Биылғы жыл еліміз үшін үлкен қасіретпен басталды. Пандемиядан еңсесін енді тіктеген ел Наурыз мерекесін атап өтуге барынша үлестерін қосты. Тіршіліктің оянып, Жер-Ананың бусанып, табиғаттың түлейтін мезгілін ала келетін ұлыс күнін біздің тұрғындар да ерекше ықыласпен атап өтті», – деді ауылдық округ әкімі.
Нұрбол Инақынұлы әкімдік қызмет атқаратын Белбұлақ ауылдық округіне Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ ауылдары қарайды. Әкімдік лауазымына кіріскен мемлекеттік қызметкер ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футболдан турнир ұйымдастырып, дәстүрлі жарысқа айналдырғанын да айтты. Ауылдың әр жылғы түлектері өзара сайыс өткізіп, спорттық мерекеге ұласқан осындай игі шара жастар арасындағы сыйластық пен ынтымақтастықты, ауызбірлікті нығайтуға күш салып келетінін де мақтанышпен жеткізді. Биылғы Наурыз мейрамы кезінде ауылдық округ тұрғындары ұлттық ойындарымыз гір көтеру, арқан тартыс, қол күрестіру сынды сайыстарға қатысып, бақтарын сынапты.
Бала ата-анасының айтқанын істемейді, көргенін қайталап, соған қарап бой түзейді. Нұрбол Досымбаев та бала күнінен спортқа жақын болғандықтан, өзі басшылық ететін Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарын ынтымаққа жұмылдырып, жастарын салауаттылыққа бейімдеп, осындай игі бастаманы қолға алыпты. Биылғы Наурызда әкім Нұрбол Инақынұлы қол күрестен, 100 метрге жүгіруден, гір тасын және тірі қойды көтеруден ауылдық округ чемпионы атанып, өзгелерге үлгі-өнегелі ісін паш етті. Әкімнің өзі чемпион атанған ауылдан келешекте қазақ спортын өрге сүйрейтін таланттар тумауы мүмкін емес. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы өсіп шығатынан кәміл сенеміз. Белбұлақ ауылдық округінде 15 мыңнан астам халық бар десек, келешекте белбұлақтықтар «біздің ауылдың әкімі де, жастары да чемпион» деп мақтанатын күн алыс емес.
Қуаныш Рахмет,
Белбұлақ ауылы
Талғар ауданы