Бүгінгі кино: Қазақ сөзінің жұпары аңқымайды

08 ақпан 2018, 17:43

Қазақ киносының бүгінгі хәлі қалай? Тарихи картина түсіруде неден ақсап отырмыз? Тарихи киноны Қазақфильмнің емес, телеарнаның бюджетіне түсіру қаншалықты қисынды дүние? Осы сұрақтарға жауап алу үшін белгілі сценарист, «Қазақ хандығы» тарихи сериалының редакторы Ерлан Төлеутаймен әңгімелескен едік. Киноөнер туралы әңгімеміз біраз мәселенің басын қайырды.

Жас қазақ: Ерлан мырза, жуырда ғана «Қазақстан» телеарнасы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмін назарымызға ұсынды. Кейіннен бұл отандық туындыны сынаушылар да, ақтаушылар да көбейіп кетті. Жалпы мұндай тарихи фильмді түсіруге бір телеарнаның немесе киностудияның мүмкіндігі жете ме?

Е.Төлеутай: Дұрыс сұрақ. Жетпейді. Өйткені тарихи фильм түсіру – өте күрделі процесс. Ол кең көлемді өндіріс ауқымын талап етеді. Жыл сайын жаңарып, түрленіп отыратын шетел асып келетін кинотехника мен кинотехнологиялар қымбаттау үстінде. Оның үстіне, тарихи сериал түсіретіндей біздің телеарналардың ешқандай тәжірибесі, машығы жоқ, тіпті материалдық-техникалық базасы да сай емес.Телеарналар тарихи сериал түсірмек түгілі, кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан журналистік мектепті жойып алды. Аутсорсинг деген жұт шықты. Аутсорсинг – қазақ телеарнасына келген тікелей нәубет, зауал. Мен аутсорсинг айналасында қандай адамдардың жүргенін білемін. «Қозы Қөрпеш – Баян сұлу» да осы аутсорсинг аферасының құрбанына айналды. Тағы да айтамын, телеарналар мен аутсорсингтік компанияларға еш уақытта тарихи фильмдердің тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Тарихи фильмдер түсіру жауапкершілігін тек «Қазақфильм» киностудиясына жүктеген жөн. Бірақ оның да жағдайы қазір мәз емес. Соңғы жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 18 гектар жеріне көз алартқан әртүрлі лобби жасаушылар олай-бұлай шабуылдап «Қазақфильмнің» де кетеуін кетіре бастады. Дегенмен «Қазақфильмде» Шәкен Айманов салған сара дәстүр, айқын жол бар. Материалдық-техникалық базасы да телеарналарға қарағанда оқ бойы озық. Соның өзінде тарихи фильм түсіру көп жағдайда сәтті бола бермейді. Сонау қазақ киносының корифейлері көзі тірі уағында да сәтсіз түсірілген тарихи фильмдер болған. Сондықтан тарихи фильм түсіру ісін ойыншық көріп, оны ешқашан коммерциялық жобаға айналдырмаған жөн.

Жас қазақ: Сонда тарихи фильмді «Қазақфильмге» ғана берген жөн дейсіз ғой.

Е.Төлеутай: Әрине. Бұдан бөлек, тарихи фильмді түсіре алатын маман қажет. Елімізде тарихи картина түсіре алатын шебер режиссер мен кәсіби маман саусақпен санарлықтай аз қалды. Оны да ескерген жөн. Тарихи һәм ұлттық фильм түсіре алатын режиссерлер деп бұл күнде Сатыбалды Нарымбетов, Досхан Жолжақсынов, Рүстем Әбдірашев, Ақан Сатаев және Сәбит Құрманбеков, Данияр Саламатты айтуға болады. Жыл соңындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы туралы болған жағдай тарихи фильм түсіру мәселесіне байыппен қарап, абайлап бару керектігін меңзегендей. Тіпті келешекте тарихи фильмді арнаулы лицензиясы бар режиссер ғана түсіруі керек шығар. Олай болмаған жағдайда жауһар эпостарымыз бен тарихи тақырыптарымыз бірінен соң бірі осындай масқараға ұшырай бермек. Қазақ – эпикалық санаға ие ұлт. Қазақтың жадында сонау көшпенділер салтанат құрған жарқын заман өшкен жоқ. Әр қазақтың санасында Баян сұлудың, Қозының, Алпамыстың, Едіге мен Ер Тарғынның бейнесі ғажайып образ ретінде сақталған. Әсіресе, халық жадындағы сұлулар галереясы ғажап. Сондықтан эпостарымызды түсіргенде, басты рөлді сомдайтын сұлуды таңдағанда, аса сақ болу керек. «Хан бұрылып қарағандай» сұлулығы өз алдына, «маңдайына күн, етегіне жел тимеген» кіршіксіз, пәк болуы шарт. Әрине, таланты өз алдына. Мұндай аруды ел ішінен іздеп табу керек. Ол үшін кастинг мәселесі жолға қойылуы керек. Қазір қастинг мәселесі де қазақтың қасиетін танымайтын орыс тілділер мен актер таңдауда бармақ басты, көз қыстыға баратын пысықайлардың қолына көшуде. Осы мәселе де назардан тыс қалмауы тиіс.

Жас қазақ: Өз тәжірибеңізден айтыңызшы, тарихи фильм түсіргенде неге мән берген дұрыс: тарихи дерекке ме, әлде оқиғаға немесе диалогқа ма? Қайсысының жүгі ауыр?

Е.Төлеутай: Жалпы кино өнері үш киттің үстінде тұр. Әуелі сценарий, сосын режиссер және актер. Осы үшеуінің бірі ақсаса, бітті – кино болмайды. Даулы сериалда осы үшеуі де жоқ. Жұрттың бәрі сәтсіз түсірілген фильм үшін продюсерді кінәлауда. Өйткені ол атағы шыққан адам. Атағы шыққан адам даттауға жақсы, кім сынаса да қыбы қанады. Шынтуайтында, түсірілген фильмге режиссер жауап береді. Фильмді танымал режиссер түсірмегендіктен, ол тасада қалып қойды. Таяқтың бәрін сериалдың продюсері жеді. Тарихи фильмге режиссер үлкен дайындықпен келуі керек. Тарихи фильмнің режиссері халық дүниетанымынан мол хабардар, кем дегенде екі-үш көркем фильм түсірген тәжірибелі режиссер болуы керек. Ал мұндағы режиссер бауырымыздың бұрын ешқандай фильм түсірмегені, кино түсірудің қыр-сырын әлі меңгермегені көрініп-ақ тұр. Ал енді тарихи фильмдерде неге мән берген жөн деген сұраққа алдында айтқан үшеуінен басқа тарихи шындық пен көркемдік шындықтың аражігін ажырата білу керек дер едім. Яғни режиссер тарихи шындықтан көркем шындық жасай білу керек. Кино – алдымен өнер. Өнер, оның ішінде кино өнері – көркем қиялдың жемісі. «Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығу керек» деген екен бір сөзінде дегдар жазушы Асқар Сүлейменов. Тарихи фильм турасында да осылай айтуға болады. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Кино, оның ішінде ұлттық фильм, тарихи кино түсіру – ұлттық санасы биік суреткердің еншісі. Бізде киноға шоу индустрияның көзімен қарайды. Кино ол – өнер! Орысша айтқанда – искусство. Осы искусствоға қазіргі санасы әбден коммерцияланған продюсерлер мен режиссерлер саудагердің, алыпсатардың көзімен қарайды. Ал кино өнер өте нәзік дүние, оның нәзіктігін киіктің лағына теңеуге болады. Шоу-бизнес өкілдерінің қолына түскенде ол қолға үйретуге көнбейтін киіктің лағы сияқты бірден өліп қалады. Сондықтан мемлекет шоу-бизнес өкілдерін кино өнердің маңайына жолатпаудың бір тетігін қарастырғаны абзал.

Жас қазақ: Осыдан бес-он жыл бұрын «Қазақ киносындағы олқылыққа асфальтта өскен қазақ балалары кінәлі» деуші еді…

Е.Төлеутай: Кез келген проблеманың түп-тамыры болады. Қазақ киносының бүгінгі түйткілдері өткен ғасырдың 70-жылдарында басталған. Дәлірек айтқанда, қазақ киносының корифейлері: Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалиндер дүниеден озған соң, қазақ киносы кері кете бастады. Оның бірнеше себебі болды. Мен біреуін айтайын. Мәскеуде ВГИК деп аталатын үлкен кино институты бар. Жетпісінші жылдардан бастап, осы институтта тек элитаның балалары оқыды. Өйткені әкелері жоғары лауазымды қызметін пайдаланып, өздерінің бір ауыз қазақша білмейтін балаларын ВГИК-ке жіберіп жатты. Партократтар мен байдың балалары қайбір оқып жарытсын, олармен бірге оқыған сирек те болса қазақ тілді ағаларымыздың айтуынша, екінші курска келгенде жігіттер жағы ішімдікке үйір болып, қыздар жағы көбінесе аяғы ауыр боп қалып, оқуын тастап кетіп жатады екен. Әрине, ішінде бітіріп шығатындары болады. Олар «ВГИК бітіріп келді» деген атпен «Қазақфильмде» кино түсіреді. Бірақ бір ауыз қазақша білмейтін режиссер ұлттық киноны қайтіп түсірмек. Осылайша, ұлттық киномыз Шәкен мен Сұлтан Қожықовтардан кейін бірден тоқырады. Шәкен ағалар ұлттық фильм түсіре алатын шәкірт тәрбиелеп үлгермеді. Кейін «тоқсаныншы жылғылар» деп аталатын режиссерлердің жаңа легі келіп, ұлттық киноны мүлдем тұқыртып тастады. Сөйтіп дәстүр үзілді. Осыдан үш жыл бұрын Еуразия кинофестиваліне ВГИК-тің профессоры, атақты Соловьев келді. Сонда Республика сарайының сахнасында сөйлеген сөзінде әйгілі профессор залдағы шәкірттеріне қарата: «Мен бұларға ұлттық кино түсіріңдер дегенмін» деді. Осы сөзімен ол қазақ киносындағы тоқсаныншы жылғылар толқынына көңілінің толмайтынын білдірді.

Жас қазақ: Қазір кинода жүрген жастар кімдер?

Е.Төлеутай: Қазіргі жағдайға келетін болсақ, кино саласында жастар көп. Бірақ дені – орыстілді жастар. Бұлардан ұлттық режиссер шыға қоюы екіталай. Демек әлі жаңа заман Шәкендерін ұзақ күтетін түріміз бар. Айтпақшы, жоғарыда айтқан үш киттің бірі – актер жөнінде де қазақ киносында проблема жетіп-артылады. Әсіресе, қазіргі жас кино актерлер мен актрисалардың қазақ тілінде сөйлеуі сын көтермейді. Бірде тарихи фильмнің түсірілім алаңында бір актердің дұрыс сөйлей алмағанына ыза боп: – Өзің киноға қайдан келгенсің, қай саланың маманы едің, – десем, – Кәсіби актермін, жоғары оқу орнында сахна тілінен сабақ беремін, – деп қарап тұр. Жылайсың ба, күлесің бе? Жас актерлердің көбі сахна тілінен мақұрым, қазақи сөз саптай алмайды. Тегіс тобырлық мәдениеттің вирусын жұқтырған, миларын, санасын эстрада, поп, рок музыка әбден жеп қойған. Бойына рок музыка өтіп кеткендіктен тұтығып сөйлейді. Біреуі Абайды, Махамбетті жатқа айта алмайды. Көбінің тілінде «асфальт дефектісі» бар, яғни қазақ әріптері ң, қ, ғ, і, ө, ұ, ү, дыбыстарын айта алмайды. Бұл дыбыстарға тілі келмеген соң қазақ сөзінің жұпары аңқымайды. Жаттап алып, жасанды сөйлегендей әсер қалдырады. Айтпақшы, кино актердің сөз жаттауы жайлы бірер сөз. Баяғыда қырғыздың атақты актері Бейшеналиев Мәскеу павильонында бір рөлге түсіп жатып, сөзін ұмытып қалыпты. Бәрі аң-таң, великий Бейшеналиев қалайша ұмытып қалады, бұл не деген масқара! Бейшеналиев түнімен қанша арақ ішсе де (кеңес заманының киноактерлері қатты ішкен) рөлін жаттап келуге уақыт табады екен. Сол жолы құдай ұрып, бәлкім, қатты мастықтың салдарынан Бейшеналиев әлгіндей кепке ұшырайды. Әрине, режиссерге де, редакторға да актердің рөлін ұмытып қалуы аса бір трагедия емес. Шамалы уақыт беріп, қайта жаттатқызып дубль жасап қайыра түсіре береді. Бірақ бұл Бейшеналиев сынды «өнерім – өмірім» деп ұғатын, ешқашан жаңылысып көрмеген кәсіби актерге ауыр соққы боп тиеді. Қапы қалғанына, ұятқа қалғанына өмір бойы опынып өткен екен. Содан кейін Бейшеналиев ешқашан сөзінен жаңылмаған деседі. Ал қазір ше, актерлер арақ ішпейді, бірақ көп актерлер түсірілім алаңына дайындықсыз келеді. Рөліне деген жауапкершілік жоқ. Сондықтан келешекте Өнер академиясына қабылданатын болашақ кино актерлерге талапты күшейту керек. Талантты, тіл білетін, ең бастысы «ң»-ға тілі келетін, ұлт дүниетанымнан хабары барларды ғана қабылдау керек. Сахна тілі сабағы актерлік шеберлік сабағымен бірдей басымдыққа ие болуы қажет. Баяғыда Өнер академиясының ауласында басы салбырап, мұңайып кетіп бара жатқан еңгезердей жас жігітті байқап қалған Кәукен Кенжетаев одан не болғанын сұрапты. Әлгі жігіт емтиханнан құлап қалдым депті. «Жүр» деп қолынан жетелеп алған Кәукен ағамыз емтихан жүріп жатқан класқа кіріп барыпты да: – Қазақ киносына Қобыланды керек пе? – депті. – Керек! – депті әлгілер. – Алпамыс керек емес пе? – депті. – Керек, керек, – деп шуласыпты тағы да. – Ендеше неге құлатасыңдар, міне, тұр ғой, Қобыланды, – деген екен. Сөйтіп, әлгі ауылдан келген еңгезер «типаж» жігіт актерлік бөлімге қабылданып кеткен екен. Қазір «Тұлпарды қу басынан танитын» Кәукен сияқты үлкен жүректі ағалар жоқ. Есесіне, қазақ киносына келіп жатқан жас актерлердің ойы да, бойы да кішірейіп барады. Өнер ілімін оқытатын шаңырақтардың «коммерциялануына»… байланысты театр мен кино бөлімдеріне ауыл жастары – қазақ исі аңқыған «типаждар» түсе алмайтын болған. Нағыз өнердің кедейден, кедейдің баласынан шығатынын ұмыттық. Ал беттері «Батыс Қытай – Шығыс Еуропа» асфальтіндей жып-жылтыр, жүздерінде «биография» ізі жоқ – өмір көрмеген, бойлары да, ойлары да аласа, тобырлық мәдениет жұлдыздарын кумир тұтатын қаланың, яки байдың тоқ баласы ешқашан ұлттық актер бола алмайтынын білеміз. Біле тұра оқытып жатырмыз. Аталмыш сериалда да жас актерлеріміздің сөзді бойына сіңірмегені, сіңіре алмағаны анық байқалып тұр. Қалай сіңіреді, қазақша кітап оқымаса, жыр, күй, ән тыңдамаса?! Жастардың бар ойы – тезірек жұлдыз болып танылу. Бірақ олар нағыз актер болу үшін жанкештілікпен еңбектену, үйрену керектігін алдымен көп оқу-тоқу керектігін ескере бермейді. «Қотыр атқа соқыр ат үйір» дегендей ұлттық дүниетанымнан бейхабар орыс тілді продюсер мен режиссерлерге енді орыстілді сақау актерлер қосылды. Оған сценарийлердің көбінесе орыс тілінде жазылатынын қосыңыз. Осыдан соң, ұлттық кино қойыртпақ болмай қайтсін?! Әлгі үш китіңіз ит боп қалды емес пе? Келешекте мемлекет идеологиясына жауапты мекемелер, кино өнерін үйрететін өнер ордалары осы олқылықты жоюдың жолын табуы керек. Биыл Парламентте «Кино туралы заң» қабылдау үшін кең көлемде әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа заңда қазақ киносының ұлттық мәселесі заңмен қорғалуы тиіс! Әйтпесе, ұлттық киномыздың осы құлдырағаны – құлдыраған.

Жас қазақ: Тарихи картиналарға кемінде қанша қаржы бөлінуі керек?

Е.Төлеутай: Айтпақшы, мені таңқалдырғаны – арты дауға ұласқан әлгі сериалға бөлінген қаржының мардымсыздығы. Бар болғаны 54 миллион теңге. Айтыңызшы, онсыз да жартысына жуығы салыққа ұсталатын мұндай болмашы қаржыға қалай сапалы фильм түсіруге болады? Біздің қоғам, оның ішінде блогер-кино сыншыларымыз қызық кино түсіруді бір оп-оңай дүние көреді. Кино деген алдымен – өндіріс. Өндіріс болғанда соңғы технология жетістігімен жұмыс істейтін өндіріс. Ал мұндай технологиялық, интеллектуалдық өнер өндірісіне көп қаржы жұмсалады. Қазіргі уақытта орташа голливудтық фильмге жұмсалатын қаржының өзі 100 миллион доллардан асты. Америкалық киногерлер ақшасы көптіктен ақша шашып жатқан жоқ. Сапалы кино түсіру мол қаржыны қажет етеді. Кино дегеніміз – өндіріс процестерінің күшімен өнерге айналатын әлемдегі жалғыз ерекше өнер түрі. Сериалды түсіруге тапсырыс берушілердің осы қарапайым қағидаға сауаты жетпеген. Егер бұл сериалды Голливуд түсірсе, кем дегенде 100 миллион доллар салар еді. Нәтижесінде, экранға тағы бір соны кинотуындыны жарқ еткізер еді. Біз әуелі киноның қаржысын, материалдық-техникалық базасын сайлап алмай, кино түсіруді бастап кетеміз. Сонан соң шулаймыз-ай кеп! Жоқ! Олай болмайды. Келешекте тарихи фильм түсіру ісін белгілі бір жүйеге келтіргеніміз жөн. Түсірілім кезеңдерінің нормативін бекіткен абзал. Мәселен, тарихи фильмнің дайындық кезеңі кем дегенде бір жыл не бір жарым жыл болуы керек. Түсірілім кезеңі кем дегенде 8 айға (қыс мезгілі көрсетілуі үшін) созылуы керек, қалған монтаждау-дыбыстау т.б кезеңдеріне жарты жылдай уақыт берілуі қажет. Тарихи фильм осылайша кем дегенде екі, екі жарым жыл ішінде түсіріліп, көрерменге жол тартқаны жөн. Сосын тарихи фильмнің бюджеті жөнінде бірер сөз. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты тарихи сериалдың бюджеті кем дегенде бір миллион доллар, ал мысалға, Кенесары хан жайында көркем фильм түсірер болсақ, бюджеті 10 миллион доллардан кем болмауы керек. Егер осындай түсірілім нормативін сақтай отырып, осындай көлемдегі қаржыға тарихи фильм түсірер болсақ, режиссерден, фильмді түсірген кинокомпаниядан жақсы фильм талап етуге болады. Көріп отырғанымыздай, 54 миллион теңгеге сериал түсіру «арзанның жілігі татымайдының» кері болып шыққан. Менің «Қазақстан» телеарнасы басшыларына бір айтарым, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалын сөреге тастамай, осы сериалды қайыра монтаждап ежелгі ғашықтық эпос жайында сыр шертетін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты деректі фильмге айналдырған жөн. Сонда жұмсалған қаржы желге ұшпайды. Өтінерім, келешекте еліміздің телеарналары мұндай аз қаржыға фильм, яки сериал түсіріп әуре болмаса екен. Тағы да бір құбыжық кино дүниеге келмес үшін, тағы да бір тарихи жәдігер-жауһарларымызды қорламас үшін, ұлттық құндылығы қорланған жұртты бүгінгідей ұлардай шулатып, ашындырмас үшін…

Жас қазақ: Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Жарас КЕМЕЛЖАН

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды