
Әлемдік спорт букмекерлердің қолдауы арқасында қарқынды дамып келеді. Бұдан отандық командалар да қалыс қалған жоқ. Қазір кез келген чемпионатта букмекер кеңсесінің атауы жазылған форма киген ойыншыларды көреміз. Теледидардан тікелей спорт жарысы өтіп жатқанда, букмекерлік кеңсенің жарнамасы да жиі көрсетіледі. Таң қалатын ештеңе жоқ. Қазір ірі букмекерлік компаниялар, спорт клубтары мен федерациялар арасындағы ынтымақтастық әлемдік трендке айналды.
Спорт клубтары, командалар мен тіпті ойыншылар спортқа тігетін бәсті белсенді жарнамалауда. Қазір бұл жарнаманы эфирдегі кез келген спорт жарысынан көруге болады. Неліктен мұндай үрдіс қалыптасты? Бұл арада тікелей, керек десеңіз, математикалық байланысты көруге болады. Жанкүйер көп болса, бәс тігетіндер де көбейеді. Демек букмекерлік компаниялар тарапынан да спорт клубтарына демеушілік артады.
Батыс елдерінде спорт жанкүйерлерінің 40 пайызы матч нәтижесіне күнделікті бәс тігеді. Ол жақта спорт бәсекесіне жаппай ставка қою – қалыпты жағдай. Мұның өзі спорттың қарқынды дамуына серпін береді. Букмекерлер жыл өткен сайын спорт командалары мен клубтарды қолдауға қаржыны көбірек жұмсай бастады.
Барлығы дән риза. Соның ішінде мемлекет те.
Букмекерлік саланы құмар ойын саласына жатқызатындар қаншама жерден алып, жерге салса да, үлкен спортқа бөлінетін қаржы қолдауы – жағымды құбылыс. Мұнымен таласа алмайсың. Соңғы жылдары дамыған елдердің үкіметі букмекерлік компанияларға тыйым салудың орнына, қолдау көрсетуі де бекер емес.
Бәріне де тиімді
Әлбетте, мұндай демеушілік аяқ астынан пайда болған жоқ. Букмекерлер кәсіби спортпен бірлесіп жұмыс істегісі келеді. Олар чемпионат пен ойын атаулының таза өткеніне мүдделі. Себебі осы саладағы сыбайлас жемқорлық, өзара келісілген ойындар болжам индустриясын зор шығынға ұшыратады. Алаяқтар алдын ала келісім жасап, ірі көлемде бәс тіккен кезде букмекерлік компаниялар қомақты қаржысынан айырылады. Алайда беттинг компаниялар (әр түрлі саланы қамтитын бизнес) мұның да шешімін тапты. Бұл – белсенді демеушілік пен клуб басшыларымен тығыз байланыс. Ірі клубтар мен командаларға демеушілік ету арқылы букмекерлер оларды бақылауға мүмкіндік алды.
Бұл арада клуб қожайындарының мүддесі де түсінікті. Жанкүйер көп болса, сүйікті командасына бәс тігетіндердің қатары көбейеді. Соның нәтижесінде матчтан тікелей түсім көп болса, демеу қаржы да ұлғаяды. Спортшылар үшін де, букмекерлік компанияларға да тиімді.
Міне, сол үшін де Батыста беттинг құлашын кең жайды. Қазір тек АҚШ-тың өзінде букмекерлер жыл сайын 10 миллиард доллардан астам қаржыны демеушілікке жұмсауда. Ал әлем бойынша ол сома 100 млрд доллардан асып түседі.
Соңғы жылдары атақты клубтар мен букмекерлік компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы жиі естиміз. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын «Барселона» футбол клубы мен 1xBet букмекерлік компаниясы ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Жыл сайын ондаған букмекерлік компаниялар әлемдегі ең мықты клубтармен келісімге келеді.
Букмекерлер тарапынан құйылған миллиардтаған қаржы спорт клубтары мен федерацияларға зор мүмкіндіктер сыйлайды. Жастар спорт академиялары, жасөспірімдер спорты, паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып жатыр. Жаттықтырушылар мен негізгі ойыншылардың жалақысы өсуде.
Үлкен спортқа қосымша қаржы құйылғаннан кейін, оның сапасы мен тартымдылығы артты. Спортшылардың кәсіби деңгейі жоғарылады. Ең бастысы, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілді.
Бұл билікке де тиімді. Өйткені спорттағы жетістіктер сол мемлекеттің әлемдегі беделін көтереді. Сондықтан да дамыған елдерде букмекерлік қауымдастықтар мемлекет қолдауына ие. Билік олардың жұмысын тиімді түрде реттеуді қамтамасыз етіп, демеушілік қызметке жағдай жасайды. Мемлекет оларға салық жеңілдігін ұсыну арқылы спортқа қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді.
Ал бізде ше?
Қазақстан да шет қалған жоқ. Букмекерлік компаниялардың спортқа қолдау көрсетуі біздің елге де жетті. Жоғарыда айтылған ғаламдық 1xBet компаниясы бұдан былай «Қайрат» футбол командасына демеушілік етеді. Компания өкілдері айтқандай, мұндай ынтымақтастық компанияны спортта танымал етуі тиіс.
Аймақтағы спорт командаларына демеушілік ету арқылы букмекерлік компаниялар спортшыларға қолдау көрсетеді. Бұл аз қаржы емес. 2019 жылы букмекерлер қауымдастығы отандық спорттың дамуына миллиард теңгеден астам қаржы жұмсады. Әйтсе де, демеушілер мұны жарнамалауға асықпайды. Олардың мақсаты – отандық спортты дамыту.
Бүгінде отандық букмекерлік компаниялар – футбол, хоккей, баскетбол командалары мен ірі спорттық жарыстарға демеушілік етеді.
Олар жастармен белсенді қарым-қатынас орнатты. Атап айтқанда, жастардың киберспортқа қызығушылығын ынталандырады.
Букмекерлік кеңселерде тек кәсіби емес, әуесқой спорт түрлері де назардан тыс қалмайды. Олар балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың жергілікті жобаларын қолдайды. Мысалы, аудандарда футбол алаңдарын салады.
Жақында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының бірнеше ауылында және Алматы облысы Қарасай ауданының Райымбек ауылында қазақстандық букмекерлік қауымдастықтардың қаражатына салынған футбол алаңдары ашылды.
«Ауыл Футбол» жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов шағын болса да ең заманауи стандарттарға сай жабдықталған, балаларды жаттықтыруға арналған ғимараттар салынып жатқанын айтады. Букмекерлік қауымдастықтар мұнымен шектелгісі келмейді. Таяу арада еліміздің барлық аймақтарында балаларға арналған футбол алаңдары пайда болады.
Букмекерлер спортты дамытуға ғана демеушілік жасап отырған жоқ. Олар түрлі әлеуметтік жобаларды да жүзеге асрыуда. Мысалы, 2020 жылы пандемия кезінде өзін-өзі басқаратын букмекерлер қауымдастығының «Дыши.kz» жобасы жұртқа кеңінен танылды.
Жобаға қатысушы букмекерлік компаниялар медициналық ұйымдар мен облыстық, аудандық ауруханаларды коронавируспен күреске қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Аурухананы жаңа құрылғылармен толықтырып, ПТР-тест, қорғаныс киімдері мен медициналық қажетті заттарды тегін таратты. Балалар үйіне көмек, жасөспірімдер арасындағы спорт жарыстарына демеушілік ету де жоба аясында жүзеге асты.
Енді осы жерде мынадай сауал туындайды: мемлекет бұған қызығушылық таныта ма? Біздің мемлекетке спорттағы биік жетістіктерді дамытуға қосымша демеушілік керек пе? Шенеуніктер букмекерлік компаниялардың спортты ынталандыруы мен спорт федерацияларына қолдау көрсеткенінен хабардар ма? Дамыған мемлекеттер сияқты, спорттағы сыбайлас жемқорлық пен өзара келісілген матчтарға букмекерлік компаниялармен бірлесіп күресуге мүдделі ме?
Әзірге ондай қызығушылық байқалмайды. Керісінше, букмекерлік кеңселерді арнайы ойын аумақтары «резервациясында» ұстағысы келеді. Бәлкім, отандық спортқа букмекерлердің қаржысы қажет емес деп санайтын шығар. Қайткенде де, бұл әлемдік үрдіске сай келмейді.
Олжабек Байқуатов