
Астана қаласындағы «Жастар» сарайында бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі өтті. Ол биылғы жылы осымен тоғызыншы рет өткізіліп отыр.
«Жәрмеңкеге 55 жұмыс беруші қатысып, 1400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынылды. Елордалық ұйымдар арасында құрылысшыларға, инженерлерге деген сұраныс жоғары болды. Мұғалімдерге де қатысты осыны айтуға болады»,- деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өтініш берушілер бірауыздан осындай жәрмеңкенің кезінде бір күнде бірнеше жұмыс берушімен бір шаңырақтың астында сұхбаттасу мүмкіндігі бар, сол жағы өте ыңғайлы екенін айтты.
«Егер жақсы жұмыс іздесеңіз, іздеу әдісінің барлық түрін қолдануыңыз керек, өйткені кейбір компаниялар бос жұмыс орнын интернетке жарияламайды. Сонымен қатар қойылатын талаптарды оқығанда, түсінбеген жерлерің болуы мүмкін. Ал мұндай жәрмеңкелерде барлық мәліметті бірден нақтылауға болады», — деді жұмыс іздеушінің бірі бізбен тілдескенде.
Жұмыс берушілерді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы өткізетін бағдарламалар қызықтырды. Олар: NEET санатындағы азаматтарды, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жобалар. Осы жобалар аясында мемлекет жоғарыда аталған санаттағы қызметкерлер үшін жалақының 35%-дан 50%-ға дейін төлейді.

«Қаладағы бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелерге үнемі қатысамыз. Біздің компания құрылыспен айналысады, тиісінше мамандарға үнемі мұқтажбыз. Сондықтан біз жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді қабылдауға және оларды өз бетінше оқытуға дайынбыз. Мемлекет бізге қызметкердің тағылымдамасы кезінде жалақының бір бөлігін төлеу арқылы көмектеседі», — деді «Үміт» компаниясының кадрлар бөлімінің басшысы Наталья Кагирманова.
Бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер ұсынған орташа жалақының мөлшері 150-ден 400 мың теңге аралығында болды.
Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышева «Қазіргі уақытта құрылыс, денсаулық сақтау, өндіріс, тамақ өндірісі саласындағы кадрларға қажеттілік бар. Сондықтан біз бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді шақырдық. Жыл соңына дейін жастар үшін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», — дейді.
Жыл соңына дейін Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты — азаматтарды жұмысқа орналастыру. Бүгінгі жалпықалалық жәрмеңкеге 400-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.
Абзал Ибрагим,
Астана қаласы