«Боржомилатқан» наурыз күшті ме?

26 наурыз 2021, 11:52

Жұма күні таңертең «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар көлікпен қала орталығына қарай келе жатқан едім. Төле би көшесінің бойындағы «Тастақ» деген жазуы бар үлкен сары үйдің қабырғасында «Наурыз күшті болсын» деген жазуға көзім түсті. Биылғы Наурыз мерекесі жақындаған сайын ауа райы бұзылып, күн суытып кеткен. Көлікке жайғасқаннан кейін бойым жылынып, қала көшелеріндегі адамдарға қарап отырғанмын. Наурыз деген сөзді оқығанда көңілім көтеріліп-ақ қалып еді. Соңынан «Наурыз күшті болсын» дегенді көргенде «мұнысы несі» деген ойға қалдым. Шамасы, бұл билбордтағы «Круто с Наурызом» дегеннің аудармасы.

Енді өткенге біраз шегініс жасап, сонау өткен ғасырдың 90-жылдарына оралып көрейікші. Сол кезде қала көшелерінде «Қош келдің Наурыз!», «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» деген сияқты қанатты сөздерден көз сүрінер еді. Оны көрген адамдардың да көңілі көтеріліп, келешекке деген сенімі мен қызығушылығы артып, бір серпіліп қалушы еді. Енді, міне, арада жылдар өткенде осы бүкіл шығыс халықтарының ұлық мерекесі түрлене дамып, қанатын кең жая ма десек, жыл өткен сайын тынысы тарылып бара жатқаны еріксіз ойлантады. Бұл жерде Наурыз мерекесін тойлау дегенде орынсыз шашылу, келеңсіз ойын-сауық құру дегенді білдірмесе керек. Керісінше, алты ай қыстан аман өткен қарапайым халық мұсылманша жаңа жылдың келгеніне қуанып, күн мен түннің теңелгеніне куә болмай ма? Ежелден келе жатқан ұлттық өнер ұлықталып, салт-дәстүр түрлене жаңаланып, бүгінгі жас ұрпаққа дәріптеліп көрсетілмеуші ме еді? Дәл осы Наурыз мерекесі кезінде қазақтың ұлттық тағамдары түрленіп, кең жайылған дастарханнан өз орнын табар еді. Береке-бірлік, сыйластық пен жарасымдылық осындайда көрінуші еді-ау. Бұл біздің ұлттық салт-дәстүріміздің жарасымдылығын көрсететін жақсы күндердің бірі емес пе!
Қаңтар айының басында келетін бір-ақ күндік жаңа жыл мерекесі қарсаңында жұрттың әбігерге түсетіні белгілі. Дастархан шығыны, оған қоса, жекелеген адамдардың біріне-бірі жасар сый-сияпаты, от шашуға кететін шығын біраз адамның қалтасын қағады. Кейбір деректерге сенсек, Қазақстан азаматтарының қалтасынан тек жаңа жылдық сыйлыққа ғана 10-30 мың теңгеге жуық ақша шығындалады екен. Отбасындағы жаңа жылдық дастархан мәзіріне пәленбай мың теңге тағы кетеді. Мерекелік дастарханға түрлі жемістер мен салаттар қойылатыны белгілі. Ал енді Наурыз мерекесін атап өткенде, мұндай тағамдардың аса қажеті бола бермейді. Наурыз көже, бауырсақ, құрт-май қойылса да жеткілікті. Қазақтың шұбаты мен қымызы, сүт қосқан күрең шәйінен артық не болушы еді? Мереке күндерінде баяғыдай алтыбақан құрылса, халық әндері мен дәстүрлі әндер айтылса, ұлттық өнердің жаңғырғаны деген, міне, осы емес пе. Бірақ ел басына төнген нәубеттей болған атың өшкір коронавирус қарапайым халықтың еңсесін басып тұрғанда, оны да ескермеуге болмайды. Әзірге халық көшеге шығып, думандатып тойламаса да, рухын көтеретін жігерлі сөз керек-ақ.

Бұл жерде біздің көңілімізге келгені қала көшелеріндегі өрескел көрінген сауатсыз жазылған жарнамалардың бірі. Мәселен, «Пепсидің наурызы боржомилатып» дегенін қалай түсінуге болады? Әдеттегідей, орысшадан сөзбе-сөз аудара салған. Одан гөрі бала күнімізден дәмін татып келе жатқан лимонадтың «Нағыз Наурыз» деген жарнамасы көңілге қонатын сияқты.
Сөз соңында барша Қазақ елін, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Ұлыс оң болып, ақ мол болсын! Ақсақ аударма жоқ болсын!

Төлеухан Бідірәлі,
Алматы қаласы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды