Болмай қалған вундеркинд

21 мамыр 2021, 13:20

Болған оқиға. Өткен аптада бір досымыз ауызашарға шақырды. Оразаның соңғы күндері. Бардық. Алыс-жақыннан аға-бауырлары, әпке-қарындастары келіпті. Арасында астанадан келген немерелес ағасы бар екен. Таныстық. Тамақ ішіп отырғанда қонақтар әртүрлі әңгіме айтты. Біреу саясат соқты, біреу экономиканы, тағы біреуі халықаралық жаңалықтарды: қырғыз бен тәжіктің текетіресін, АҚШ пен Қытайдың, Израил мен Палестинаның қақтығысы туралы әртараптан әңгіме өрбісін.

Дастархан басына, үй иелерінің ықылас-пейіліне ауысар түрлері жоқ. Бір кезде әйелдер жағынан бір аққұба келіншек сөзге араласты.

– Байқасам, көбіңіз білімді де білікті, шеттеріңізден оқыған-тоқыған азамат сияқтысыздар. Саясат соққанда, құдды президенттердің қасында жүрген адамдардай көсіліп отырсыздар. Экономиканы да шемішкеше шағып, мұнайдың тамшысына дейін өздеріңіз сатып жүрген жандай сөйлейсіздер. Мықты болсаңыздар, айтыңыздаршы: балаларымыз қашан мектепке барып оқиды? Мына атың өшкір ковидтен қашан құтыламыз? – деді.

Дауысында зіл бар. Қасында отырған күйеуі түрткілеп: «Қойсаңшы, ұят болады ғой» дейді. Анау сөйлеп қалған келіншек екен, күйеуінің тоқта дегеніне ерегесіп кетті-ау деймін, сұрақ үстіне сұрақ қояды.

– Былтыр шенеуніктер «интернетпен 99 пайыз қамтамасыз еттік. Онлайн оқуға барлық ауыл-аймақ дайын» деп, есеп беріп жатыр еді. Енді биыл «1200 ауылда интернет жоқ, 2022 жылдың соңына дейін бәрін қарқ қыламыз» деп соғып отыр. Кімнің сөзіне сенеміз: былтыр алай дейді, биыл былай дейді. Сіздер не дейсіздер? – деп бәрімізге қадалды.

Жаңа ғана саясатқа құлаш сермеп сампылдап, экономика деп езеуреп отырғандар құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды. Бәрінің жанды жеріне тиген сияқты. Мектепте ұзақ жыл сабақ берген зейнеткер ұстаз, төрде отырған апамыз ғана тамағын кенеп, тыныштық бұзсын.

– Мен қырық жылдан артық мұғалім болған адаммын. Әліпті таяқ деп білмейтін талай оқушыға білім бердім. Менен сабақ алған балалардың алды ғылым докторы, арты ауылда қой бағады. Қанша бала тәрбиелеп шыққанымды есептеп көрген жоқпын. Бірақ сол оқушыларымның есеп шығара алмайтындары қазір 500-600 қойды жаңылмай санайтын шопан. Адам болмайсың деген талай бала қазір елге белгілі азаматтар. Бәрі мені көргенде «Сізді сағындық. Мектепті сағындық» деп жатады. Мен де оларды сағынамын. Мектепті, қара тақтаның алдында тұрып, сабақ берген қимас күндерімді сағынамын. Ал қазір ше? Қанша жыл мұғалім болсам да, екі немереме сабақ түсіндіре алмай отырмын. Былай қарасаң, түк түсінбейтін балалар емес, мектепке барып оқып жүргенде үлгерімдері жақсы еді. Бірақ онлайн оқу басталғалы миына сабақ кірмейтін болды. Теледидардағы «онлайн мектепке» қарап бір сағат отырады. Содан кейін мұғалімдері жіберген жаңа сабақтарын түсіндіремін. Түсінген сияқты болады. Жарты сағаттан кейін сұрасаң, көзі бақырайып отырады. Бұл қалай? – деп, екі қолын жайды.

Жаңағы сөзшең келіншек сөйледі:

– Міне, біздің балалар да осындай. Теледидардан бірдеңе түсінгендей бас шұлғып отырады. Тапсырманы орындаған кезде айдан түскендей аңыраяды. Апай, өзіңіз айтыңызшы. Бұл қалай? – деп, зейнеткер мұғалімнің сұрағын өзіне қойды. Қарт ұстаз: «Өмірлік тәжірибем мен қазіргі жағдайға байланысты менің түсінгенім мынадай: бала партада, ұстаздың алдында отырып, бор иіскеп, кластастарымен бірге жарысып оқымаса, оған берген сабақ миға қонбайды. Ешнәрсе сезінбейді. Мұғалімді, мектепті сезінбеген адамды қанша қинасаңыз да, түк шықпайды. Мен осыны түйдім», – деді зейнеткер мұғалім.

Шақырылған қонақтардың көбі – жастар. Бәрінің үйінде бір-екі баладан мектепке барады. Ортақ тақырып, ортақ жағдай. Жағдай болғанда да салмағы ауыр, жауапкершілігі тастай. Содан болар, бәрі үнсіз. Шарасыздық екені айдан анық…

– Бәріңіз бастарыңыз салбырап, салы суға кетіп, сағы сынған жандай болып отырсыздар ғой, – деп тыныштықты үй иесінің Нұр-Сұлтаннан келген ағасы бұзды. Жүзіне күлкі үйіріліп тұр.

– Көңілдеріңіз көтерілсін. Бір әңгіме айтып берейін. Онлайн оқу деп жатырсыздар ғой. Бізде осыған байланысты бір қызық жағдай болды. Анау жүгіріп жүрген үлкен ұлым 6-сыныпта оқиды, – деп асхана жақта қыздармен ойнап жүрген қара баланы көрсетті.

– Осы уақытқа дейін 4 пен 5-ке оқып жүрген. Биыл аяқ астынан ұлымыз вундеркиндқа айналып шыға келмесі бар ма? Математика мұғалімі қандай қиын есеп берсе де, бұл 3-4 минуттың ішінде әлгіні есептеп, шешу жолдарына дейін жазып, тастай қып жібереді екен, – деп бір тоқтады. Қасында отырған келіншегі қипақтап: «Оны айтып қайтесің? Қоя салсаңшы!» деп күбірлеп жатыр. Бір жақсы әңгіменің шетін шығарып алған соң, отырғандар қойсын ба? «Айтыңыз, айтыңыз» деп қостай кеттік. Астаналық қонақ сөзін жалғады.

– Бір күні сынып жетекшісі хабарласып тұр. «Сіздердің балаларыңыз өте зерек, өте еңбекқор. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Жақсы ғана емес, бұл бала супер! Бір сөзбен айтқанда, ұлдарыңыз вундеркинд, – деді. «Мүмкін емес» дедім, аң-таң болып. Келіншегім «мүмкіндігі аз» деді жағасын тістеп. Оның аяқ астынан вундеркинд болып кетуіне еш негіз жоқ екенін ата-анасы ретінде бірінші біз сеземіз ғой. Бірақ мұғалімдері қоймады. Мектепке шақырды. Бармасқа болмады, бардық. Мектеп директоры, оқу бөлімі жөніндегі орынбасары мен сынып жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі бар, бәрі қызу қарсы алды. Сөйлестік. Ұзақ-ұзақ мәжілістен кейін баламызды Назарбаев атындағы зияткерлік мектепке түсуге дайындайтын болдық. Қуанбаған жан жоқ. Әрине, алдымен біз қуандық. Содан кейін ұстаздары да мәз болды. «Баланың бағын байламаңыздар! Бұл болғалы тұрған, бүкіл әлемді аузына қаратқалы тұрған бала!». Директордың осы сөзі құлағымнан әлі кетер емес, – деген үй иесінің туысқаны келіншегіне жымиып қарады. Отызды орталаған келіншек екі беті сәл қызарып, ұялғандай болып отыр.

– Үйге келдік. Баламызбен сөйлестік. «Қандай есеп болса да шеше беремін» деп отыр. «Назарбаев мектебінде оқисың ба?» десек, тіпті бөркін аспанға атып қуанды. Баланың қуанышынан артық қандай бақыт болсын? Шапанымызды сатсақ та, оқытсақ, оқытайық дегенге келдік. Әйелім екеуміз ақылдаса келе, алыс-жақындағы туыстарды шақырып, ақжолтай жаңалықты айтып, осы үйде баланың жолына арнап құрбан шалып, әруақтарға арнап құран оқытатын болдық. Сөйтіп бір-ақ күнде той болды. Карантиннің кесірінен мейрамханада емес, екі бөлмелі шағын пәтерімізде.

Павлодардан әке-шешем бастаған, аға-бауыр, туыс-туғандарым ағылды. Қостанайдан қайын жұртым бір автобус жалдап жетіпті. Алматы, Атырау арасындағы достарым жетті шашуын алып. Ресейге кеткен сыныптастарым бар еді, олар «құтты болсы» айтып телефон шалды. Баламыз вундеркинд болып жатқанда, кім қуанбасын?.. Сөйтіп екі-үш бөліп шақырған қонақтарымыз баланың болашағына арнап жақсы тілек айтып, қазақтан шыққан алғашқы Илон Маск болсын деп мақтап, ішіп-жеп кетті.

Той сонымен бітті. Біздің батыр да Назарбаев мектебіне түсемін деп сыныптастарының бәріне айтып қойыпты. Апайлары берген есепті үйден шықпай, кітапханаға бармай, ешкімнен сұрамай-ақ, көзін жұмып шешіп жүрді. Бір күні ауырып жұмысқа бармай қалдым, – деген вундеркиндтің әкесі мырс-мырс күлсін. Бұл жолы келіншегі де күлді.

– Балам, апайы берген үй жұмысын орындап жатқан. Ұлымның сыртынан қарап сүйсініп: «Менің болашақ Илон Маскым!» деп емірендім. Сөйттім де ұлыма деген әкелік сезімімді білдіргім келіп, еңкейіп бетінен сүймек болдым. Сүйіп жатып планшеттегі қалың есепке көзім түсіп кетті. Құдай-оу, адамның миы жетпейтін жыпырлаған қалың сан, ию-қию бірдеме. «Менің балам күрделі есептерді де шешетін болған ба?» деп емешегім езіліп кетсін. Есепті қалай шығаратынын көргім келді. Бірақ вундеркиндім мені қасына жолатар емес.

– Папа, ары барыңызшы! Сіз қарап тұрсаңыз, есеп шығара алмай қаламын, – деп шыр-пыр болады.

– Неге? – дедім.

– Сол.

– Онда шығарған есептеріңді көрсетші!

– Кейін көресіз, – деп, планшетін құшақтап алыпты. «Ұрының арты қуыс» деуші еді, мына бала бірдеңе бүлдіріп, порносайттарға кіріп жүрген жоқ па екен?» деген суық ой сап ете қалды. Құшақтап тұрған планшетін жұлып алып, тексере бастадым. Қалың есептен басқа ешнәрсе жоқ. Бірақ әлгі есеп адам қолымен жазылғандай айдақ-сайдақ. Бұл қалай? Электронды жазуға ұқсамайды. Сөйтсем…

– Сөйтсеңіз не болыпты?.. Әңгіменің майын тамызып айтады екенсіз… Ертегі тыңдағандай бәрімізді ұйытып тастадыңыз… – деп үйдегі қонақтар жан-жақтан жамырап кетті.

– Сөйтсем, балам бір бағдарламаны жүктеп алыпты. Бұл не деп ашып қарасам, mathway деп тұр ағылшынша. Бағдарламаға қандай есеп ендірсеңіз, компьютер сізге бірер секундтың ішінде есептің шешу жолын, жауабын, бәрін дайындап береді екен. Баламның аяқ астынан ерекше дарынды болып кетуінің сыры сол болып шықты. Оны біз де, апайлары да байқамапты, – деп қонағымыз әңгімесін аяқтағандай арқасын қабырғаға сүйеп отырды.

– Туған-туысты шақырып құрған мәслихат, ұстаздармен жасаған келелі кеңестеріңіздің ақыры не болды? – деп, әлгі сөзшең келіншек отқа май құйып жатыр. Болмай қалған вундеркиндтің папасы қабағын шытып: «Бәрі бос сөз, бос тірлік болды» деп күрсінді…

Тақырыпты зерттеп көрдік.
Ғаламторда сабақ үйрететін сай, қара есептің қабырғасын қаусатып тұрып шағатын, физика мен химияның күрделі теңдеулерін тауып беретін бағдарламалар өріп жүр. Тіпті әдебиет пен қазақ тілі, тарих пен жағрафия сияқты пәндерге де арналған бағдарламалар баршылық екен. Әлгі болмай қалған вундеркиндті күйдірген mathway.com-мен таныстық. Алгебра пәніне арналған бағдарлама барлық сыныптың есебіне жүріп тұр. Тіпті ойланып-толғанып жатпайды, қас пен көздің арасында шешіп тастайды. Одан кейін znanija.com деген сайтты тауып алдық. Ол да жүйрік, ағып тұр. Сұраған есебіңіздің үтір-нүктесіне дейін жазып береді. Оқушыда көшіре алатын сауат болса, жеткілікті.

Russian-kenguru.ru деген сайтты оқушылардан сұрап білдік. Бірақ бұл көшіруге арналмаған, есі дұрыс сайт екен. Алматының іргесіндегі Талғар ауданында оқитын 5-сыныптың оқушысы Ақтанберді «кенгуруді» пайдаланатынын айтты. Ол: «Бұл өте жақсы сайт. Ішіндегі есептері өте қызықты. Қиын есептер де бар. Бірақ ойланып, асықпай шығаруға болады. Біздің оқулықта мұндай жақсы есеп жоқ. Мен жарты жылдан бері осы сайтты пайдаланып, оқып жүрмін», – дейді.
Handwrittner.com деген қызық сайтты көзіміз шалып қалды. Бұл «жалқаудың асы» екен. Кез келген пәнге пайдалануға болады. Әсіресе, көлемді мәтін жазатын қазақ әдебиеті, қазақ тілі, тарих, жағрафия сияқты пәндерге таптырмайтын «көмекші». Қалай дейсіз бе? Жазатын мәтінді интернеттен табасыз да, «конспекті» деген жерге ендіресіз, болды. Handwrittner сөз-сөйлемді адам қолымен жазылғандай, қыңыр-қисық күйінде шығарып береді. Оқушы оны мұғаліміне қарай «лақтырады». Оқушы ұзақ мәтінді жазып әуре болмайды, қолы талмайды. Жалқау баланың іздегені интернеттен осылай оп-оңай табыла салады екен.

Біз «баламыз онлайн оқып жүр» деп мәзбіз. Олар ғаламтордан білім көшіріп жүр. Онысы кейін білім бола ма, бойларына тарыдай бірдеңе қона ма – ол жағы енді белгісіз!

Жарас Кемелжан

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді