
Адамнан айла асқан ба? Жеңіл жолмен ақша табу үшін кейбіреулер кісінің қиялы жетпейтін «сценарий» құрастыруға ойысыпты. Ондай «сценарийді» киногерлердің өзі қомақты қаламақыға жаздыра алмайтын шығар. Жуырда Түркістан облысында өздерін «блогерміз» деп таныстырып, бопсалаумен ақша тауып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Алаяқтардың құрған тұзағына 17 адам түскен. Олар – жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер.
Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов оқиғаға мынадай түсініктеме берді: «Біз аудандық және облыстық полицияның үздік қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобын құрдық. Сотқа дейінгі барлық қажетті жедел және тергеу іс-шаралары жүргізілді. Жеткілікті дәлел жинақталды, қылмыскерлер ақша алу кезінде ұсталды».
10 ай ішінде қылмыстық топтың әрбір мүшесінің кінәсі толығымен дәлелденді. Төрт адамнан құралған шағын топ алты ай бойы Жетісай мен Мақтарал аудандарында қара ниетін іске асырып келген. Бопсалау және алаяқтық арқылы жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың ақшасын алып отырған. Жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден астам шығын келтіріпті.
Мына қызықты қараңыз! Қылмыскерлер өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтынушылардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын жалған қоғамдық ұйым ашқан. Жалған куәлік пен есімхат жасаған. Сөйтіп жәбірленушілерге өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырады. Әрқайсысы бір-бір рөлді «сомдаған».
Алаяқтар барлық әрекетті бейнетаспаға түсіріп, «бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялаймыз!» деп қорқыту арқылы ақша талап етіпті. Мысалы, 2019 жылы әлгі төрттік Мақтарал ауданында құрылыс алаңдарының біріне барған. Содан «құрылыс жұмыстарының сапасы нашар, олқылық көп» деген сылтаумен құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап етеді. Фирма иесі сұраған ақшасын беріп әрең құтылады.
Тағы бірде, яғни өткен жылдың күзінде экологияны қорғайтын маман кейпіне еніп, жергілікті фирмалардың бірінің кеңсесіне келеді. Директордан ай сайын 100 мың теңге төлеуді талап етеді. Директор да осал емес екен (өзі таза болса, несіне қорқады?), Жетісай аудандық полиция бөліміне арызданады.
Жасалған қылмыстың ауырлығы мен бірегейлігін ескере отырып, қылмысты ашу және тергеуге облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері аудандық полиция қызметкерлеріне көмекке жіберіліпті.
Ақырында блогер мен журналистің кейпіне еніп, жұртты қан-қақсатқандар Қылмыстық кодекстің 262-бабының1-бөлігі «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», 194-бабы «Қорқытып алушылық» және 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тергеліп, төртеуі де 10 және 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушілер аты-жөнін көрсетуден, бізге сұхбат беруден бас тартты. Ал Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болып, алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақ болуға кеңес береді. Егер де сіз осындай қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.
Мәриям АЙТБАЙ,
Түркістан облысы