
Швейцарияның табиғатынан кем түспейтін жерді білесіз бе? Ондай жер Қазақстанда да бар. Солардың бірі Талдықорғанан 40 шақырым жерде орналасқан – Текелі қаласы. Текеліде көздің жауын алатын тау да бар, ерекше өзен де бар. Қора, Чажа, Текелі өзендері бір ағысқа түсіп, бір шеті тұнық, мөлдір болса екінші шеті лай болып ағады. Бұл жерге саяхатшылар жиі келеді. Соған орай қала әкімдігі Текелінің туристік жерлерін қолға алып жатыр. Қала әкімі Батыр Молдахмет ішкі туризмді дамыту барысында жасалған жобалармен бөлісіп оған 12 млн қаражат жұмсалғанын айтты.

Оның айтуынша толығымен төрт нысан жоспарлануда. «Болашақта Текелі ақылды қала болады. Біздің қалада Қазақстандағы ең ұзын көше бар. Ол Қонаев көшесі, жалпы ұзындығы 36 км. Жоспарда Қонаев көшесін қосқанда үш көшені жолақтарға бөлу. Көліктерге, велосипедшілерге және жаяу жүргіншілерге арналған бөлек-бөлек жолдар болады. Сонымен қатар, Алматыдағыдай жалға беретін самокат пен велосипедпен қамтамасыз етеміз. Қонаққа келген кез-келген адам самокатпен қаланы аралауына болады. Текеліге туристер жиі келеді, осыны ескере отырып, келген қонақтарды гидтер күтіп алса дейміз. Яғни, қонақ қандай жерлерге барады, қандай қонақ үйде тұрақтайды, соның бәрін гидпен ақылдасып, оңтайлы нұсқасын таңдай алады».
Текелінің болашағына күмән жоқ. Ауасы таза, табиғаты сұлу, адамдары қонақжай. Індет өршіп тұрған кезде денсаулымызға қауіп төндірмей, өз еліміздің керемет жерлерін аралайық!

Тоғжан Әбдеш