Бізде алдымен кино түсіреді, содан кейін ғана көрермен іздейді

30 қазан 2020, 17:11

Назарларыңызға өнертану ғылымдарының докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлымен болған «Ұлттық кино индустриясы» тақырыбы аясындағы сұхбатты ұсынамыз.

Jas qazaq: Арыстанбек Мұхамедиұлы, сізден сұхбат аларда кино туралы әңгіме бастаған едіңіз. Сөзді содан бастасақ. Қазіргі таңда Қазақстанды дүниежүзіне қандай фильмдермен таныта аламыз?

А.Мұхамедиұлы: Өте өзекті тақырыпты қозғап отырсыз. Осыдан біршама уақыт бұрын берген бір сұхбатымда «Кино саласы – идеология, өнер ғана емес, үлкен бизнес» деген болатынмын. Ал қазір, «Кино – өнер саласынан, идеологиядан, бизнестен де асып кеткен ерекше бағыт болып тұр». Себебі бүгінде бұл әр елдің өнері мен өркениетін паш ететін таптырмас жанрға айналды. Сондықтан, мемлекетті әлем танысын десек – еліміздің дамуын жан-жақты бейнелейтін, ұлттық ерекшеліктерімізге негізделген сапалы, әрі шығармашылық деңгейі биік фильмдер түсіруіміз керек.

Мысалы, алдыңғы қатарлы мемлекеттер үшін басты қағида – әр фильмде ұлт төмендетіп көрсетілмеуі тиіс. Керісінше, терең ойлы, керемет қабілетті халық ретінде бейнелеу талап етіледі. Біздің елде де осындай талап болғаны абзал. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Қай салада және қай жағынан болмасын қазақ елі биік болуы қажет!

Әртүрлі басшылық қызметтерде жүргенімде, әсіресе, вице-министр, өнер академиясының ректоры болғанымда бұл бағытты ілгерілетуді мақсат еттім. Өнер туындыларының мазмұнына мән беріп, халықты жігерлендіретін, ұлттық рухтың мерейін асыратын, ел өркениетін дәріптейтін шығармалардың шығуына көңіл бөлдім.

Әрине, министр кезімде мүмкіндік мол болғандықтан, Кеңес заманынан қалыптасқан стереотиптерді бұзып, халқымыздың мәртебесін дүниежүзіне паш ететін «Балуан Шолақ», «Әміре», «Құнанбай», «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш», «Алтын тақ», «Томирис» сияқты басқа да фильмдерді түсірдік. Сонымен қатар бүлдіршіндерімізге ой салатын, қанаттандыратын тәрбиелік мәні бар «Қазақ елі», «Мұзбалақ», «Күлтегін» сынды бірқатар анимациялық фильмдерді ұсындық.

Jas qazaq: Түсіріліп жатқан кинокартина бар. Бірақ соны әлемге таныту үшін қандай қадам жасауымыз керек?

А.Мұхамедиұлы: Ал фильмдерді әлемге таныту үшін қандай қадамдар жасауға тиіспіз деген сұрағыңызға келсек. Қазақстан тәжірибесінде алдымен кино түсіреді, содан кейін ғана көрермен іздейді. Оның өзінде де фильм тек ішкі нарыққа негізделеді. Яғни қазақ көрермендері үшін ғана түсіріледі.

Ал алдыңғы қатарлы елдерде керісінше. Фильм прокатқа шығарылмас бұрын бірінші кезекте жарнамаға көңіл бөлінеді. Демек, бір жыл бойы фильмнің трейлері әлемдік деңгейде жан-жақты насихатталады. Бір сөзбен айтқанда, киноны түсіруге дайындық кезінен бастап халықтың оған деген қызығушылығын ояту арқылы алдын ала көрермен жинап алады. Келесі кезекте фильм дүниежүзі бойынша прокатқа белсенді түрде шығарылады. Бұған қоса, бір туындыны бір емес бірнеше компания немесе бірнеше мемлекет бірігіп түсіреді.

Мысалы, «Оскар» киножүлдесінің бес номинациясын жеңіп алған американдық белгілі режиссер Мартин Скорсезенің «Авиатор» фильмін «Forward Pass», «Appian Way», «IMF», «Initial Entertainment Group», «Miramax Films» және «Warner Bros» компаниялары бірлесіп түсірген. Сол сияқты танымал британ режиссері Питер Веббердің «Император» фильмі де алты компанияның, сондай-ақ Жапония мен АҚШ-тың ортақ жобасы болып табылады.

Неге біз дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы бірнеше компаниялармен бірлесіп фильм түсірмейміз? Неге өзімізді шектеуіміз керек? Халықаралық тәжірибеге сәйкес, көркем туындыларымызды әлемдік прокатқа неге шығармасқа?

Айтылған ойды қорытындылайтын болсақ, келесі міндеттерді жүйелі түрде іске асыруымыз қажет:

Біріншіден, көркем туынды прокатқа шығарылмас бұрын кеңінен жарнамаланып елімізде ғана емес шетелде де насихатталуы тиіс.

Екіншіден, міндетті түрде халықаралық прокатқа белсенді шығарылуы тиіс.
Үшіншіден, дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, мұндай фильмдер «Paramount Pictures», «Warner Brothers», «HBO», «Disney», «Bazelevs» сияқты бір емес, бірнеше танымал кинокомпаниялармен, тіпті бірнеше мемлекеттермен бірлесе түсірілуі керек.

Jas qazaq: Оның нәтижесі қалай болар екен?

А.Мұхамедиұлы: Сонда ғана біз шетелден инвестиция тартып, фильмдерімізді шетелге прокатқа шығару арқылы Қазақстанды «кей фильмдерде» көрсетілгендей төмен деңгейдегі ел емес, керісінше парасаты биік, өркениетті мемлекет ретінде танытамыз.

Тағы да бір айта кететін жайт, біз кино саласында бәсекелестікке жол беруіміз қажет!
Мәселен, Ресейде сексеннен аса кинокомпаниялар мен олардың көптеген еншілес ұйымдары қызмет етеді. Бір ғана Мәскеудегі кинокомпаниялардың саны 20-дан асады. Бұлардың құрамында киностудиялар, продюссерлік, дистрибьюторлық, жарнамалық орталықтар, прокат компаниялары және тағы басқалары жұмыс жасайды.

Елімізде «Қазақфильммен» қатар, басқа да киностудиялардың ашылуына жағдай жасалуы керек. Кезінде «Астанафильм» киностудиясын құру туралы жоспар осындай мақсаттан туындаған еді.
Ал «Қазақфильм» – өндірістік базаға айналуы тиіс! Қазіргі уақытта оның негізгі мақсаты – кино саласына қаржы бөлумен ғана шектеліп отыр.

Ал «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» (продюссерлік орталық) – ұлттық мүддеге сай, сапалы фильмдердің түсірілуіне, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасауы керек. Көркем туындыларымызды Қазақстанда ғана емес шетелде прокатқа шығару, ілгерілету және танымал ету мақсатында қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар осы салада еңбек етіп жүрген мамандарға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, отандық және шетелдік инвесторларды тартуға аса көңіл бөлуі қажет.

Инвестиция неге керек? Себебі тек әлеуметтік, тарихи фильмдер мемлекеттен бөлінген қаржыға түсіріліп, әлемдік деңгейдегі басқа да жобалар отандық және шеттен тартылған көлемді инвестицияның көмегімен жүзеге асырылуы қажет.
Бұл ретте, көлемді инвестиция – сапалы фильм түсіруге мүмкіндік. Яғни инвестор фильмге салынған қаржысының жұмсалуына жауапкершілікпен қарайды. Нәтижесінде, бәсекеге қабілетті, деңгейі жоғары, әрі сапалы өнім шығады.

Өкінішке қарай, әзірге осы бағыттағы жұмыс баяулап тұр…

Jas qazaq: Сіз, мәдениет және спорт министрлігін 5 жылдан аса басқарып, осы салаға ең ұзақ жетекшілік жасаған министрсіз. Осы уақыт аралығында шетелдік ірі компанияларды тартуға қандай қадамдар жасалды? Өзіңізбен іске асырылған елеулі еңбектер турасында айтсаңыз.

А.Мұхамедиұлы: 2017 жылы 21-24 қарашада Лос-Анжелесте «Анаға апарар жол», «Қыз Жібек», «Алмас Қылыш», «Балалық шағымның аспаны» туындыларын көрсеткен болатынбыз. Фильмдер елеулі табысқа қол жеткізді. Көрсетілімнен кейін әлемдік «Paramount Pictures», «Warner Brothers», «HBO», «Disney», сияқты танымал кинокомпаниялардың жетекшілерімен кездесіп, өз кезегінде компания басшылары Қазақстан нарығына қатысуға ниетті екендерін білдірді. Осы жолы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келістік. Осылайша, бізде шетелдік компаниялардың инвестициясы мен шығармашылық әлеуетін елге әкелуге мүмкіндік туды.
Нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде тек екі жобаны жүзеге асырып үлгердік. Оның бірі – 2018 жылы жарық көрген «Әміре» фильмі.

«Әміре» фильмі үш тараптан, яғни министрлікпен, отандық инвестор – Алидар Өтемұратовпен және шетелдік кинокомпаниялармен бірлесіп түсірілген бірінші қазақ киносы екенін мақтанышпен айтамын.

Оның режиссері – Джефф Веспа. Басты рөлдердің бірін орындау үшін актерлік құрамға австралиялық танымал актриса Эбби Корниш шақырылды. Қаржы тең бөлінді. Бұдан кім ұтты? Әрине, біздің жеңісіміз көбірек.

Себебі Әміре – ұлт биігіне көтерілген тұлға. Париж сахнасында ән салған ұлт қайраткері. Ол фильм Голливудта «Шетелдік үздік фильм» номинациясын жеңіп алды. Осылайша халықаралық прокатқа шықты. Әлем қазақтың Әміресін көрді, таныды.

Екінші жоба – 2018 жылы қарашада американдық «Worldrace Productions» компаниясымен бірге түсірілген «The Amazing Race» («Керемет жарыс») реалити-шоуы болатын. Осы орайда жақында американдық әріптестеріміз қуанышты хабарды жеткізгенін айтып өткім келіп отыр. Әлемдегі ең танымал «The Amazing Race» реалити-шоуының Қазақстанға арналған бөлімі 1,5 миллиардтан аса тұрақты көрермені бар американдық канал CBS-тен 25 қарашада АҚШ уақытымен сағат 21.00-де көрсетіледі. Бұл жоба да осы бағытта қол жеткізген үлкен жетістігіміз.

Бұдан бұрын да 2016 жылы халықаралық деңгейдегі кино деп атауға тұратын Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы – «28 Панфиловшы» туындысы шетелдік көрерменге жол тартып, халықаралық прокатка шығарылды. Бұл кинотуындыны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин бірлесіп тамашалағанын өздеріңіз білесіздер.
Қазақстандықтардың керемет ерлігін көрсеткен. «28 Панфиловшы» фильмі бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, 2016 жылы «Ең үздік фильм» деп танылды.

2018 жылы шетелдік прокатқа шығып, үлкен танымалдылыққа ие болған режиссер Сергей Дворцевтің «Айка» фильмін түсіруге Қазақстан мен демеушілер атсалысқанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Барлығымызға белгілі, фильмде басты рөлді сомдаған қазақ қызы Самал Еслямова «71-ші Канн халықаралық кинофестивалінде» «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алды. Еуразия кеңістігінде бұрын-соңды мұндай биікке жеткен актриса болмағанын да айта кетуіміз керек.

Сол сияқты 2018 жылы Қазақстан мен Жапония бірлесіп тәжірибелі продюссер Сёдзо Ичиямамен «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі түсірілді. Фильмнің режиссері – Ерлан

Нұрмұхамбетов пен Лиса Такеба. Басты рөлдерге белгілі актриса Самал Еслямова мен жапондық актер Мирай Морияма түскен болатын. Бұл фильм үстіміздегі жылы ғана Жапонияда прокатқа шықты. Соңғы жылдары Жапония әлемдік кинонарықта алғашқы бестікке енген ел екенін ескерсек, бұл қуантарлық жайт.

Jas qazaq: Фильмге қаржы қалай бөлінді?

А.Мұхамедиұлы: Жапония тарапынан да, Қазақстан тарапынан да қаржы қарастырылды. Халықаралық прокатқа шығару үшін осындай қадамдар жасалуы тиіс. Бұл Қазақстанды жарнамалаудың ең озық үлгісі. Мұндай үлгі әлемдік кино компанияларда да жиі кездеседі. Жоғарыда айтып өткендей, әлемдік прокатқа шыққан фильмдердің дені бірнеше әлемдік компаниялардың бірлесуімен түсіріліп жүр. Блокбастер, экшн, фэнтези – барлығы да осындай бірлескен жұмыстың жемісі.

Сонымен қатар 2019 жылы «Кинематография туралы» Заңды талқылау аясында Ресейдегі танымал режиссер әрі қандасымыз Тимур Бекмамбетовпен бірігіп, ортақ жобаларды іске асыруды жоспарладық. Жоспар бойынша Тимур Бекмамбетов елімізде үш картина түсіруді көздеп, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қоры жариялаған іріктеуге қатысты.

Өкініштісі – бұл жоба іске аспады. Қынжылтатыны – Голливудқа шақырылған, Ресейдің ең үздік режиссері атанған қандасымыз Тимур Бекмамбетовтің жобалары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қоры жариялаған іріктеуден өтпегені…

Ал іске асырылған ең елеулі еңбек деген сұрағыңызға келсек, ең үлкен жетістік – «Кино туралы заңды» қабылдадық. Себебі осы заңды қабылдау арқылы біз ұлттық киноның мәртебесін көтердік. Ұлттық өнімдерімізді халықаралық прокатқа шығаруға мүмкіндік алдық. Бұған қоса, ұлттық киноны түсіруде қазақ режиссерлері мен актерлеріне халықаралық компаниялармен бірлесе жұмыс істеуге жағдай жасадық.

Jas qazaq: Арыстанбек мырза, жоғарыда өзіңізбен атқарылған бірқатар жобалар туралы айтып өттіңіз. Осы бастамалардың жалғасын таппауының себебі неде?

А.Мұхамедиұлы: Өздеріңізге белгілі, «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық киноны қолдау орталығын құрдық. Жоғарыда аталған мәселелерді осы орталық ілгерілетуі тиіс болатын.

Орталық құрылғанымен, кадрлық саясаттың дұрыс бағытта жүргізілмеуі салдарынан оның өзі бүгінде дау-дамайға ілікті. Орталық та, орталықты басқаруға тағайындалған басшы да ұлттық киноны дамыту үшін жұмыс жасауы тиіс еді.

Қазіргі уақытта Елбасының идеясы болғанына қарамастан, «Қасым хан» фильмін түсіру бойынша да даулы мәселелер туындап отыр. Біз ол фильмді түсіру үшін кезінде дүниежүзіне белгілі түрік режиссері Метин Гюнайды шақырған едік. Метин Гюнай «Ертұғрұл», «Осман» тарихи сериалдарының режиссері. Өз ісінің маманы. Алайда бұл фильмнің тарихы да басқа жаққа бұрмалануда.

Әрине, осындай жағдайлар саланың ілгері дамуына кедергі жасайды.

Jas qazaq: Кино туралы сөз қозғап жатырмыз ғой. Қалай ойлайсыз «Борат» сияқты фильмдерді тоқтатуға болады ма?

А.Мұхамедиұлы: Әрине, тоқтатуымыз керек! Бұл жөнінде жоғарыда айтып өттім. Тағы да қайталап айтайын, бірнеше танымал кинокомпаниялармен немесе мемлекеттермен бірлесіп, еліміздің өркениетін дәріптейтін әлемдік нарыққа шығаратын, бәсекеге қабілетті, шығармашылық деңгейі жоғары фильм түсіру керекпіз. Оны алдын ала жарнамалап, халықаралық прокатқа белсенді түрде шығару қажет!

Сонда ғана шетелдік көрермен «боратты» емес, осындай фильмдерді көретін болады. Осылайша, дүниежүзіне «бораттағы» Қазақстанды емес, өркендеген елді көрсете аламыз.
Сөзімнің басында «Кино – өнер саласынан, идеологиядан, бизнестен де асып кеткен ерекше бағыт болып тұр» дедім емес пе. Киноның құдіреті осында…

Jas qazaq: Арыстанбек Мұхамедиұлы, орайы келгенде сұрап қалайын. Жақында бір отандық басылымға «Сатаевтың «Қазақфильмді» басқаруына қарсымын» деп сұхбат беріпсіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз…

А.Мұхамедиұлы: Нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Ақан Сатаев – режиссер! Дегенмен, А.Сатаев сияқты маманның «Қазақфильмді» басқаруы қаншалықты дұрыс? Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір ол бар уақытын «Қазақфильмнің» төңірегіндегі дау-дамайға жұмсап жатыр. Режиссер – үздік кино түсіруі керек! Ал басшы менеджерлікпен айналысуы тиіс. Сіз меңзеген басылымға берген сұхбатымда айтпағым да осы болатын.

Жақында ғана «Қазақфильмде» қандай жағдайдың орын алғанын өзіңіз де білесіз. Елімізде кәсіби режиссерлер көп емес. Саусақпен санарлық десем артық айтпаған болар едім. Режиссерлеріміздің бір-бірімен арыздасуы өкінішті. Ал оны тоқтатудың орнына одан әрі шиеленістіру, тіпті келеңсіз жайт.

Jas qazaq: Соңғы бір жылда мәдениет ұйымдарының басшыларына қатысты кадрлық өзгерістерді байқадық. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

А.Мұхамедиұлы: Қазіргі саясатта көбіне егде жастағы кісілерге қолдау көрсетілетінін, оларға жауапты қызметтер де беріліп жатқанына өздеріңіз куәсіздер. Халқымызда «Үлкенге –ізет, Жасқа – жол» деген қанатты сөз бар емес пе. Меніңше, жастарды да міндетті түрде қолдап отырғанымыз жөн.

Мәселен, мен министр кезімде Асхат Маемировті Оралдан Алматыға шақырдым. Ол Мәскеуде театр өнері академиясында білім алған, Сорбонна университетін бітірген, Францияның ұлттық драма өнері консерваториясында біліктілігін жетілдірген мықты азамат. Әр жылдары режиссер, декан болды, театр басқарды, Өнер академиясына ректор болды.

Сәкен Майғазиевті неге Ұлттық өнер академиясына проректорлыққа шақырдым, Азамат Сатыбалдыны неге Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрына басшы етіп тағайындадым?

Мәдениет, өнер және спорт саласында басшылық қызметке жас та болса, осындай жігерлі тұлғалар тағайындалды. Олар өсе келе министр дәрежесіне дейін жетуі тиіс. Бәсекелестіктен қорықпау керек! Бұл жөнінде мен үнемі айтып келемін.

Мақпал Ноғайбаева

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді