«Бір елі ауызға – екі елі қақпақ»

30 қыркүйек 2022, 11:05

Ғаламат жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Жиырма төрт сағатта» әңгімесінде қазақтың «ұзынқұлағы» туралы былай деп жазған: «Қандай хабар болса да Орынборға жетуі мұң, одан әрі шексіз-шетсіз қазақ даласына ұзынқұлақтың өзі алып кетеді. Телеграммалар кешігеді, пойыздар кешігеді, уәкілдер кешігеді. Ұзынқұлақ ондайды білмейді. Кейде тіпті Орынбордың өзі орта жолда қалып, Москва, Париж, Лондон хабарлары атқа, түйеге мінгесіп алып даланы шарлап кетіп бара жатады».

Осыдан кейін «ойпырмай, ата-әжелеріміз әлеуметтік желісіз қалай өмір сүрген» деп айтып көріңіз!

Бүгінгінің ұзынқұлағы – әлеуметтік желіде. Еріккен де, желіккен де осында.

Өткенде Қызылордада тұратын бір келіншек су жағасында демалып отырғандардың видеосын TikTok-та жариялап, «Жалға беру бағасын 500 мыңға көтеріп, бізді пәтерден қуып шықты» деп байбалам салды. Полиция мән-жайды тексергенде, қуып шыққан түгі де жоқ. Үйлі-күйлі, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» біреу екен. 26 жастағы еріккен әйел «қалжыңдап едім» құтылыпты. Әйтсе де, көп адамның көкейіне күдік ұялатып үлгерді.

Терістік көршіміз әскерге ішінара шақыру туралы жариялауы сол екен, бермен қарай жөңкілгендер туралы ақпарат желдей есті. «Алматының қонақ үйлері лық толыпты», «Пәтер иелері жалға алғандарды қуып, одан қымбат бағаға өткізіп жатыр» деген айқай, «ресейліктер жұмыс орнымызды тартып алады деген «ойбай» көбейді. Бұл айқайға блогер тұрмақ, кейбір саясаттанушылар қиқу қосып жатыр. Алматыдағы қонақ үйлердің өткен жексенбіде жезтаңдай әншіміз Димаштың концертіне шетелден лек-лек болып жеткен жебеушілердің есебінен лық толғаны лезде «ұмыт» болды. Бір халық қалаулысы Фейсбук парақшасына еліміздің солтүстігінде шекара жабылғаны туралы жазды. Оны сенсацияға сусап отырған бірді-екілі ақпарат құралы іліп әкетті. Көп ұзамай бұл ақпаратты шекара қызметі теріске шығарды.

Обалы не керек, құзырлы мекемелердің ресми (яғни шынайы) мағлұматы іле-шала жарияланып отырды. Бас прокуратура жекелеген блогерлердің ақпаратына сенбеуге шақырып, үндеу жасады. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді қасақана жариялауы мүмкін екенін ескерткен Бас прокуратура жұртты ресми ақпарат көздеріне сенуге, түрлі іс-әрекеттерге бармауға шақырады. Ұлтаралық араздықты қоздыруға, бопсалауға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған бұл әрекеттер қылмыстық әрекет болып саналады. Қылмыстық кодекстің 174, 194 және 274-баптары бойынша жауап береді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі шынайы ақпарат таратуда журналистер қауымына артылар жауапкершілік жүгінің салмақты екенін ескертті. «Әсіресе, қалам мен сөзге серт берген әріптестеріміз – журналистер қауымы ақпарат таратуда кәсібилік көрсетіп, жалған мәліметтің жетегінде кетпейді деп сенемін. Себебі мұндай толқымалы кезеңде әр ақпараттың мәні, маңызы өте зор. Осы орайда жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын. Біз салалық министрлік ретінде тиісті ақпарат беруге даярмыз», – деді. Министрдің бұл сөзі жазарман қауымнан басқаларға, яғни жұрт алдында жүрген депутат, саясаттанушы сияқты азаматтарға да қатысты деп ойлаймыз. Бүгінгі сөз қуған заманда «Бір елі ауызға – екі елі қақпақ» керек.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді