
«Білім — ырыс қазығы». Осы бір аталы сөз білім қуған әрбір жасқа талпыныс сыйлайды. Біздің елімізде білім аламын деген жасқа барлық мүмкіндік жасалған. Әсіресе «Болашақ» халықаралық бағдарламасының жастар үшін маңызы зор. Бағдарламаның шәкірті ретінде әрбір жастың дамуына, білім алуына, жеке тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін бағдарлама жайында көпшілікпен бөліспек.
«Мен өзімді Қазақстанның азаматы ретінде бақытты сезінемін». Оның бірден-бір себебі — мемлекетіміздің жастарына үлкен мүмкіндік беретін дәрежесі жоғары Болашақ білім беру бағдарламасы. Шетелде жүре тұра, әлем бойынша дәл осындай бағдарламалардың саны бірен-саран екендігіне көзім жетті. Дүниежүзі бойынша рейтингі ең жоғары университетке жолдама беретін және оқу барысындағы бүкіл шығындарды өтеп беруге дайын бұл бағдарламаға алғысым шексіз. Ауылдық жердің немесе қалалық жердің тумасысыз ба, мүлде маңызды емес. Ең бастысы, неге дәл өзіңіздің осы стипендияға және осындай құндылығы жоғары инвестицияға лайық екендігіңізді дәлелдеу.
Оқу мен жұмыс барысындағы жетістіктер
Мектепте озат оқушы болумен қатар Халықаралық бизнес академиясын (қазіргі таңда АЛМУ) үздік дипломмен тәмамдадым. Университеттің белсенді өміріне араласа отырып, олимпиадада жүлделі орынға ие болып, ғылыми мақалаларды жариялағанмын. Қаржы саласын бойынша тәжірибе жинадым. Осы сияқты жетістіктерімнің арқасында Болашақ стипендиясына лайық болып, АҚШ-тың University of Southern California оқу орнынан Қаржы мамандығы бойынша магистратура бағдарламасына шақыру қағазын алдым деп есептеймін. Ойымша, стипендиат болғысы келетін адам өз-өзін алдын ала дайындау керек. Қазақ және ағылшын тілін жетік меңгеріп, оқуға ерекше назар бөлсеңіз, бар қабілетіңізді мадақтау қағаздарымен дәлелдесеңіз, ешбір қиындық жоқ сияқты. Тағы да бір айта кететін жайт, өз-өзіңе деген сенімділік. Дайындық барысында талай рет, менен ештеңе шықпайтын шығар, мендей қарапайым адамға стипендия неге берсін, қоғамда «жемқорлық бар ғой» деген ойлар туындайтын. Бірақ Абай атамыз «Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз» демекші, алдын ала туындайтын сенімсіздік пен күдіктерге жол бермеу қажет. Нағыз еңбектің жемісі бар екендігіне, еңбегімнің шынайы бағаланғанына көзім жетіп көңілім толды. Мен бағдарламаның сайтына кіріп, ақпарат алу үшін «Үміткерге» деген батырманы басып, қашан «Стипендиатқа» деген батырманы басам деп тілейтінмін. Сол сәтте бұл маған орындалмайтын арман сияқты көрінетін. Менің қолымнан келген зат, өзгенің де қолынан келеді деп сенемін.
Еңбек жолы жайында
«Эйр Астана» Қазақстан Республикасының негізгі әуе компаниясында қаржылық есепші ретінде қызмет етуім, менің кәсіби тұрғыда тәжірибе жинауыма үлесін қосты. Менің негізгі бағытым — компанияның әлем бойынша маркетингтік шығыстарын қадағалау еді. «Эйр Астана» компаниясының Ресей, Франция, Грузия, АҚШ және де тағы басқа мемлекеттердегі өкілдерімен келіссөздер орнату мен үшін ғанибет еді. Жұмысты атқарумен қоса, кәсіби тұрғыда даму мақсатымен қосымша сабақтарға да үлгеретінбіз. Өз жұмысыңды белсенді атқарып, коллективтің көңілінен шығу өте маңызды деп санаймын. Еңбегімнің жемісі ретінде мадақтаудан тұратын ұсыныс хатын алу мен үшін үлкен қуаныш еді. Себебі жоғары оқу орындарынан шақыру алу үшін университетке ұсыныс хатын жіберу талаптардың бірі болып саналады.
Үміткерлерге берілетін кеңестер
Болашақ бағдарламасының магистратура стипендиаты атану үшін жоғары оқу орнынан шақыру қағазын алу қажет. Бұл ең қиын үрдіс деп есептеймін. Себебі ол үшін оқу орнының төменде айтылған талаптарын орындалуы тиіс.
— мотивациялық эссе. Сіз жайындағы баяндама қызықты және еркін тілде жазылуы тиіс. Оның өмірбаян немесе резюме стилінде болмауы міндетті. Осы күнге дейінге жинаған жетістіктеріңізді, қатысқан сайыстарыңызды дәл осы жерде баяндап, төрешілердің сізге деген қызығушылығын арттыру керексіз. Баяндама күніне қаншама мотивациялық эссе оқитын комиссия мүшелерінің есінде сақталатындай етіп жазылса, мүмкіншілік арта түседі.
Шындығына келгенде, жоғары оқу орындары тек қана тестілеудің нәтижесіне ғана қарап, шешім қабылдамайды, үміткер жайындағы жіберілген барлық ақпарат жан-жақты қарастырылады. Уақытым тығыз болып, GRE экзаменінен жоғары балл алдым деп мақтана алмасам да, бұл менің университеттен шақыру қағазын алуыма кері әсерін тигізбеді.
— IELTS немесе TOEFL. Мен IELTS экзаменін үш рет тапсырып 6.0-дан 7.5 баллына дейін арттырдым. Шетелдік университеттердің талабы 6,5-7,0. Экзаменге дайындалу барысы декреттік демалысымда өтті.
— GRE/GMAT – бұл тестілеу математикалық білім мен ағылшын тілінің грамматикасын тексеруге бағытталған. Егер GRE гуманитарлық мамандықтарға арналған болса, GMAT көбінесе математика және қаржы мамандықтарына арналған.
Гүлнұр Нұрпейісова