«Біліктілік бәйгесінде бағымды сынап көрдім»

02 желтоқсан 2022, 11:48

2019 жылы өткен президенттік сайлау қарсаңында жариялаған бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды бағыттардың бірі деп осы президенттік жастар кадрлық резервін құруды атап өткен болатын. Бұл жоба жастардың ел іргесін нығайтуға қосар үлесін молайтып, әлеуметтік баспалдақ болатынына басымдық берген еді. Атауы айтып тұрғандай, президенттік жастар кадрлық резерві тәуелсіздігін алғанына отыз жылдан енді асқан мемлекетіміздің келешегін кемел етуге ұмтылған буынға орасан мүмкіндік тудыратын даңғыл болып отыр. Бірнеше іріктеу мен сұрыптаудан өткен 300 жас кадр әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орын жарияланып, конкурс ұйымдастырылғанда өздерінің кандидатураларын ұсына алады. Тағы бір басы ашық жайт, іріктеуден өткен кадрлардың барлығы, яғни резервке алынған 300 жастың бәріне бірдей лауазымды қызмет беру міндет емес. Десе де, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып, өзінің білімін молайтып, біліктілігін нығайтуына мүмкіндік беріледі. Бағдарламаға жасы 35-тен аспаған, білімі жоғары, бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар, қазақ тілін В1 деңгейінде (еркін білетін) меңгерген әрбір жас қатыса алады. Міне, осы президенттік жастар кадрлық резервіне Жамбыл облысынан да бірнеше жас қатысып бағын сынады, өресі мен білімі биік көрінген таланттар резервке енді де. Тіпті әкімшілік, саяси лауазымды қызметке тағайындалғандары да бар. Біз Жамбыл облысы жастары арасынан бағы жанып, таңдаулы 300 жастың сапына қосылған азаматтарды газет оқырмандарына кеңінен таныстыруды ұйғардық.

Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысып, бірнеше кезеңдік сынақтан сүрінбей өткен жастың бірі – Дәурен Бұрханов. Дәурен әлеуметтік медициналық қоры Жамбыл облыстық филиалының сарапшысы.

300 жасты іріктеу қалай өткенін жамбылдық жас маманның өзінен сұрап, пікірін жазып алдық.

«Өзім бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында өмірге келдім. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы орта мектепке 1-сыныпқа қабылданып, қасиетті Әулиеата топырағында мектепті тәмамдадым. Одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде екі шет тілі мамандығы бойынша білім алып тәмамдадым. Отбасында екі ағайындымыз, өзім үйдің кенжесімін.
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу конкурсы өтеді дегенді естігенде ерекше қуандым, бірден бағымды сынап көруге бел байладым. Өйткені елімізде талантты, қабілетті, білімі мен біліктілігі қабат өрілген жастар жетерлік. Бірақ солардың барлығына бірдей қызметте сатылай өсуіне, басқару тізгінін ұстауына мүмкіндік беріледі деп айта аламыз ба? Міне, президенттік жастар кадрлық резерві осындай сайдың тасындай іріктелген абадан азаматтарға үлкен өріс ашатын жоба болып отыр. Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жоғары деңгейде, қатаң талап бойынша өткізілді. Бастапқыда іріктеу онлайн өткізіліп, ақырғы сұрыптау кезеңдері Астана қаласында офлайн форматта өтті. Конкурсқа қатысу барысында танысқан замандастарымыздың көпшілігі шетелде білім алған, жоғары білімін жалғастырып, ой-өресін шыңдаған және өзге елдерде тәжірибе жинап толысып келгендер екенін байқадым. Менің ойымша, мұндай конкурстар үзіліп қалмауы керек, керісінше жалғасын тауып, жастар өздерінің әлеуетін көрсететін алаңға айналуы тиіс. Жасыратыны жоқ, еліміздің жастары арасынан да шетел асып, жұмыс істеп жүргендері бар. Бүгінгідей жаһандану алқымдап тұрған заманда тың идеяға ұйып, жаңаша ойлайтын жастар қоғамның қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Мұндай жобалар жастардың арасында бәсекелестікті нығайтып, өсуіне, өрлеуіне серпін береді. Мен де президенттік жастар кадрлық резервінің конкурсына қатысу арқылы шыңдаудан өттім, тәжірибе жинадым, әлі де оқып, іздену қажеттігін сезіндім. Бұл бағдарламаның жастарға берері мол. Кейбір жастардың бойында «тамыр-таныстық жүреді, мені өткізбейді» деген үрей, күдік болуы мүмкін, шынтуайтында, әсте олай емес, кімнің білімі мен білігі жоғары, түйгені мол, көрген-білгені көп жастар іріктеу кезеңдерінде іркілмейді. Зерделі жастарды жарыққа шығарып, ел басқару ісіне тартудың төте жолы дер едім президенттік жастар кадрлық резерві жобасын.

Дайындаған
Нұрдан Көшімбай,
Жамбыл облысы

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады