«Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.
Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлділінің қатысы жоқ».
Ілияс Жансүгіровтің атақты поэмасында Күреңбай Құлагерді осылайша сипаттаған еді. Аттың жалы, түйенің қомында өскен қай қазақтың болмасын жылқы десе делебесі қозады. Жеті қазынаға кіретін арғымақпен ұлттың тарихы мен әзірге дейін өрбіген өмірі қабаттасып жатыр. Әлімсақтан бүгінге дейін қандай да бір үлкен той бәйгесіз, аламансыз, жорға жарыссыз өтпейді. Тайтұяқ пен боталы түйе тігетін қомақты жүлдесі өз алдына бөлек әңгіме. Бұдан ат баптау мәдениетінің бастауында бабаларымыздың тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ ендігі мәселе сол аманат етілген мұраны біз дұрыс сақтай алдық па? Оның дамуы кенже қалған жоқ па? Заманның ағымына қарай оны ұлттық деңгейден халықаралық көкжиекке шығару үшін т иісті қадамдар жасалды ма?
Әңгіменің «әлқиссасын» биыл қыркүйекте шу болған Шымкенттегі ипподромнан бастасам. Сонау кеңес дәуірінен бері келе жатқан нысан аяқ асты көзге сүйел болғандай. «Оны сүріп, орнына тұрғын-үй кешені салынуы мүмкін» деген сыбыс шыққанда-ақ әлеуметтік желіде туған қаласына бей-жай қарамайтын азаматтар бас көтерді. Мердігер компанияның «шаһардың басқа шетінен жаңа ипподром салып береміз» деген сөзі де жұртқа жұбаныш болмады. Өйткені бұл Шымкенттегі атқа құмар жандардың бас қосар жалғыз жері. Ипподром тек сауық құратын, беталды шабатын алаң емес. Бұл келешек аламанда шашасына шаң жұқтырмас арғымақтарды дайындайтын, баптайтын, былайша айтқанда, нағыз ұстахана. Іле-шала әкімдік мұндай жоба оларға түскенін растағанымен, әлі бекітілмегенін айтып, әңгіме әзірге жылы жабылды.
Онсыз да босағадан сығалап, қалыс қалған ат баптаудың бүгінде бабы болмай тұрғанда, тарихи ипподромды жабу ұлттық өнерге жасалған қиянат болар еді. Ұқсата білгенге мұндай нысан жылқы индустриясын дамытуға, өркениетті түрде бәс тігу арқылы бизнесті дөңгелетуге мүмкіндік беретінін көптеген елдердің тәжірибесінен көріп жүрміз.
Журналист һәм атбегі Нұрсейіт Жылқышыбайдың бұл мәселеге келгенде кіжілі ішіне жиналып қалған. Өз ойын бізге берген сұхбатында былайша өрбітті: «Осыдан бес жыл бұрын орталық ипподромның орнына үлкен супермаркет саламыз деген. Сол кезде шырылдаған, шын жаны ашыған адамдардың бірі Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков болды. Соның арқасында стадионды алып қала алдық. Ипподромдарға көлденең көк аттылардың сұқтануының екінші себебі бар. Бізде атқа қызығатындар аз. Қай бәйгеде стадионның толып отырғанын көрдіңіз? Өйткені үгіт-насихат жоқтың қасы. Көрсете бермейді. Одан бөлек, бізде сұрыптау қазір атымен жоқ. Кезінде Қостанайда болған. Қазір шетелден 4-5 млн теңгеге алып келеді. Бір-ақ маусым шабады да, келесі маусымға жарамай қалады. Сондықтан қазір ипподромдарды қолға алып, дамытудың маңызы зор».
«Күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінген» қазақтың кең жазира даласы талай тұлпарды дүниеге келтірді. Оның дәлелі тарих қойнауында аңыз болып қалған Тарғын батырдың Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Ақан серінің Құлагері еді. Тұяғы тасты илеп, шапқан жері ор болып қалатын сәйгүліктерді баптайтын біздің мектепке әлем бір кездері таңдай қақты. Мәселен, 1934 жылы құрылған Жамбыл облысындағы Луговой ат зауыты соның айғағы. Сол кезде бар қазақтың, КСРО-ның атын жаһанға танытқан үш дүркін Олимпиада чемпионы сәйгүлік «Абсент» осы зауыттан шыққан еді. Бертін келе сол жылқы зауыты қайраңға шыққан кемедей күй кешті. Талай тұлпардың тұқымы сырт елдерге сатылды. Кезінде 10 спорт түрінен аттарды жарысқа дайындаған ат спорты мекенінде бұл күні сәйгүліктер тек екі сайысқа машықтандырылады.
Бұдан шығатын қорытынды, қолда барды құнттамағандықтан, көз алдымызда құрдымға кетіп жатыр. Дегенмен білек сыбана кіріссе, әлі де кеш емес. Бұл, әлгінде айтып өткендей, бірінші кезекте осы саладағы бизнестің өрісін кеңейтеді. Бәйгеге атын қосатындардан бөлек, жылқының сырын ұғатындар да олжалы бола алады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бізде бәс тігу десе бірден көпшілік казиномен шатастырып, мәселенің мән-жайына қанықпай теріс пікірін қалыптастырады. Ал тереңге бойласа, бәйгедегі атқа сыйлық ату, бәстесу атам заманнан бар салт. Сол дәстүрді заманауи тұрғыда жаңғырту әлі күнге жолға қойылмай тұр. Саланы зерттеген сарапшылардың көбі оның алғышарты осындай бәйгелерді букмекерлік кеңселер тізіміне қосу деп біледі. Көптеген елде букмекерлік кеңсе экономикалық өсімді әкелетін тетіктердің бірі. Британдық зерттеушілердің айтуынша, букмекерге барған адамның ойлау қабілеті артады, ақпарат іздеуге ден қояды. Бәрін сараптау арқылы дұрыс таңдау жасап, олжаға кенелуіне мүмкіндік бар. Соңғы жылдары бізде букмекерлік кеңселердің тынысы тарылды.
Еліміз бойынша бар-жоғы ондай мекемелердің қырқына ғана лицензия берілген. Іс жүзінде қызмет атқарып жатқандары негізінен он компания. Заң бойынша мұндай кеңселердің жұмысын Қапшағай мен Бурабайдағы арнайы аумаққа көшіру қарастырылған. Бұл букмекерге барып бәс тігетіндердің жаппай интернетке көшуіне әкеліп соғады. Ондай жағдайда азаматтардың ақшасы сыртқа кетеді. Ал әр ұтыстан түскен ақшадан алынатын салықтың сол шетелде қалатыны айтпаса да түсінікті. Осы салаға ерекше шұқшиып, заңды қатайту арқылы астыртын букмекерлердің жұмыс бастауына да ықпал еткені ешкімге жасырын болмаса керек. Мұндай сәтсіз тәжірибені Алатаудың арғы жағындағы Қырғызстан бастан кешкені мәлім. Сөзге тұздық, 2019 жылы букмекерлік кеңселер еліміздің бюджетіне 20 млрд теңгенің салығын төлепті. Тақырыпқа байланысты Букмекерлік кеңселер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Бергенова бізбен мынадай ойымен бөлісті: «Елдегі букмекерлік кеңселердің 90 пайызы жабылып тынды. Кассадағы қызметкерлер, сарапшылар, күзетшілер, техникалық қызметкерлердің бәрі жұмыссыз қалды. Қазір осы кәсіпті бастаймын деген адам болса, ол тек арнайы аумақта ғана аша алады. Проблема басқада. Мұндай компаниялардың жабылуы еріксіз клиенттердің интернетке кетуіне мәжбүрлейді. Онда таңдау көп. Шетелдік кеңселерде ұтқан отандастарымыздан біздің салыққа бір теңге де түспейді. Осыны біздің парламент депуттаттары мен үкімет заң қабылдағанда неге ескермеді екен? Әлде бұл заңның артында басқа күш тұр ма деген де ойға кетесің. Егер де заңмен біздің кәсіпке әр қалада рұқсат етілсе, кассаларымыз болса, клиенттеріміз заңмен қорғалады. Келіспейтін жері болса, сотқа бере алады. Ал онлайн букмекерлер қандай кепілдік бере алады? Әрине, ешқандай. Мұны заң талқыланған жұмыс тобында сан мәрте айттық. Салдарын түсіндірдік. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай нәтиже шықпады».
Букмекерлердің заң жүзінде жұмысын реттеп, қызмет істеуіне рұқсат беру жоғарыда айтылған ат баптау, оны дамыту, көптің қызығушылығын оятудың бір тармағы ғана. Заманына қарай ағысы. Қазір тек сөзбен қай саланы болмасын, көтере алмайсың. Нарықты зерттеу арқылы ғана оның бизнес жоспарын, әкелетін пайдасын болжауға болады. Осы ретте ұлттық спорттың көсегесін көгертуге құлқы бар атқамінерлер бұл мәселені айналып өтпей, дұрыстап ден қойса деген тілек бар. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Әйтпесе, өз сәйгүліктерімен мақтанатын, паш ететін біздің араб, түрік, ағылшындардан қай жеріміз кем? Оларда біз көтеріп отырған мәселе бұрыннан шешілген, дұрыс жолға қойылған. Нәтижесі көзге ұрып тұр. Бұл салада барын салып, кәсібінен нәсіп тапқандар да, жылқы десе делебесі қозып бәс тігетін атқұмарлардың ұпайы түгел. Бюджет те осы спорттың арқасында қаншама миллиардқа толығып жатыр. Сондықтан озық елдің үлгісін қаңсық көрмей, біз де қолданып көруден ұтпасақ, ұтылмаспыз!
Асқарбек Қазанғап