
Жақында «Жас қазақ» ұлттық апталығына белгілі абайтанушы ғалым, бүгінде жасы 90-нан асып отырған әдебиетіміздің абыз ақсақалы Мекемтас Мырзахметов ағамыздың тамаша сұхбаты шыққан еді. Осы сұхбатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да оқып, «Бұл кісіге эстафетаны өзің берсең жөн болады» деп маған арнайы тапсырма берген болатын.
Президенттің осы тапсырмасы бойынша дана Абайдың бір өлеңін оқымақпын.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Өздеріңізге мәлім, Абай өлеңдерін оқу эстафетасына Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да қолдау білдіріп, ақынның өлеңін оқыған болатын. Мемлекет басшысы осы игі бастаманың бір реттік науқан болып қалмауына үлкен мән беріп отыр.
Осыған орай, Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Елеуұлы еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер мен шетелдердегі біздің елшіліктерді, Қазақстан халқы ассамблеясын, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын, Абайдың есімін иеленген Жоғары оқу орындары мен колледждер ұжымдарын, орта мектептерді, Абай аудандары мен ауылдарын, тіпті, қала берді Абай есімді азаматтардың бәрін қамтыған шын мәніндегі жалпыхалықтық эстафетаға айналдыру мақсатында, тиісті мекемелерге арнайы Тапсырма-жоспар әзірлеуге нұсқау берді. Бұдан Абай шығармаларын оқу эстафетаның қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Бұл игі бастама бір жыл бойы өтіп, келесі жылдың осы уақытына белгіленіп отырған ақынның 175 жылдық мерейтойына дейін жалғасуы тиіс. Еліміздің барлық азаматтарын осы челленждге атсалысуға тағы да шақырамын.
Енді осы эстафетаны белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамызға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Амангелді Айталы ағамызға, жазушы, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ағамызға, сондай-ақ досым Тәубажанға және жалпы абайтанушы, зерттеуші ғалымдардың бәріне жолдаймын!
https://www.facebook.com/100003403233694/videos/2255862667870486/
Берік Уәлидің facebook парақшасынан