jasqazaq.kz

Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда

08 қыркүйек, 14:32

Шымкентте тұрғындар денсаулығы үшін шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыру – басты назарда. Бүгінде қалада 10 қосалқы станция мен 3 қосымша орналасу орны жұмыс істеп, кезекшіліктегі бригадалар саны 125-ке жетті. Автопарк соңғы екі жылда 54 жаңа арнайы көлікпен толығып, бригадалармен жасақталу деңгейі 97%-ды құрап отыр. Бұдан бөлек реанимациялық топтарға арналған «жасыл дәліз» жүйесі жолға қойылған.

Қаладағы жедел жәрдем қызметінің сапасы туралы Шымкент қалалық «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» бас дәрігерінің міндетін атқарушы Берік Төлеуов Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Берік Әшірханұлы, бүгінде жедел жәрдем қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының «Жедел медициналық жәрдем станциясы» тарапынан медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар кешені іске асырылуда.

Ең алдымен, оперативтік бөлім қызметкерлерінің 100%-ы шақыруларды қабылдау алгоритмдері мен «Қоңырауды ұстап тұру» стандарты бойынша оқытылды. Ол бригада келгенге дейін қоңырау шалушыға қажетті консультациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар навигациялық жүйе жаңартылып, реанимациялық бригадалар үшін «жасыл дәліз» жүйесі енгізілді. Ол Интеллектуалды көлік жүйесіне интеграцияланғандықтан, жол қиылыстарында жедел жәрдемге басымдық беріледі.

Тағы бір ерекше жаңалық – «Көмек» жүйесі «Яндекс» сервисімен интеграцияланды. 1-санаттағы шақыртулар бойынша пациентке SMS арқылы сілтеме жіберіледі. Сілтеме арқылы жедел жәрдем көлігінің қозғалысын картадан нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Бригада келгенде және шақырту аяқталғанда да SMS хабарлама өтіп, тұрғындарға баға беру мүмкіндігі ұсынылады.

Мамандарды даярлау да басты назарда. Қызметкерлер әр екі жыл сайын BLS, ACLS, PALS, NRP, PHTLS секілді халықаралық стандарттар бойынша оқытылады. 2026 жылдың 8 айында 307 қызметкер бейінді ауруханаларда инсульт, улану, күйік және жіті коронарлық синдром бойынша тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ Симуляциялық орталықта 7 608 тренинг өткізілді. 2025 жылы жүргізушілердің 100%-ы қауіпсіз жүргізуге, ал парамедиктер алғашқы көмек көрсетуге үйретілді.

Стационарлармен және емханалармен де цифрлық байланыс жолға қойылған. Ауруханалар жеткізілетін пациент ақпаратын алдын ала алса, шақырту аяқталған соң деректер бірден емханаға амбулаториялық бақылау үшін түседі.

– Қала халқының өсуі мен жүктеменің артуына байланысты қандай жүйелі шаралар қолға алынуда?

– Шымкент қарқынды дамып жатқандықтан, жедел жәрдем қызметінің желісі де кеңейтілуде. Бүгінде қалада 10 қосалқы станция және 3 қосымша орналасу орны жұмыс істейді. Ал былтырдан бастап Таскент, Елтай, Сәуле және Бозарық тұрғын алаптарындағы өрт сөндіру деполарында бір-бірден жедел жәрдем бригадасы орналастырылды. Бұл шалғай аудандарға жету уақытын айтарлықтай қысқартты.

Бригадалар саны да өсуде. 2024 жылы 106 болса, 2026 жылы 125 бригадаға жетті. Жасақталу деңгейі 97%-ды құрайды – бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Автопарк те жаңаруда. 2025 жылы 29, ал 2026 жылы тағы 25 жаңа санитариялық автокөлік сатып алынды.

Емханаларда 68 мобильді бригада 4-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсетеді. 58 емханада шұғыл көмек кабинеттері, 17 стационарда қабылдау бөлімдері жұмыс істейді.

– Осы салада тағы қандай заманауи цифрлық шешімдер енгізілді және алда қандай жоспарлар бар?

– Цифрландыру – біздің басты бағытымыз. 2019 жылдан бері шақырту картасы толық электрондық форматта жүргізіледі. Жүйе РПН, Damumed, ФСМС және Денсаулық сақтау министрлігінің деректер қоймасымен интеграцияланған.

Бақылау мен қауіпсіздік үшін бригадалар 100% кеуде камераларымен, ал автокөліктер бейнетіркегіштермен және жаңа GPS-трекерлермен жабдықталған. 2024 жылғы шілдеден бастап дәрі-дәрмектер штрих-кодпен таңбаланып, есебі нақты режимінде жүргізілуде. 2026 жылдың сәуірінен кадрлық есептің бірыңғай цифрлық платформасы енгізіле бастады.

Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тілдік кедергісі бар жандарға арналған арнайы мобильді қосымшаларды енгізуді және «Qalqan» цифрлық платформасымен жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз.

Біздің басты мақсатымыз — қала тұрғындарына барынша уақтылы, қолжетімді әрі сапалы шұғыл медициналық көмек көрсету.

– Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда
07 қыркүйек, 16:47
Мауия Алданазарова: Шымкентте аға буынға белсенді өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер жасалуда
02 қыркүйек, 14:04
Мұхит Кемелов: Цифрландыру – әр тұрғынның жайлылығы үшін жасалатын қадам
01 қыркүйек, 14:43
Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады
27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді
26 тамыз, 13:38
Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды