jasqazaq.kz

Берік Шәріптің үйінен қару табылды ма?

26 сәуiр 2021, 13:41

«СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп 13 жыл бойы атыс қаруын заңсыз сақтаған. Осылайша ол Қазақстанның Қылмыстық кодексін бұзды.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотында «СК-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті.

Судья Қанат Дүйсембиев Берік Шәріпке қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-тармағы 3-тармақшасы «Ауыр салдарға алып келген, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану», сондай-ақ 287-бабы 2-тармағы «Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша қаралып жатқанын мәлімдеді.

Прокурор Дастан Күпербаев Берік Шәріп қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қасақана қылмыс жасағанын мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы түсіндіргендей, Шәріп 2006 жылдың қазанынан 2008 жылдың сәуірі аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған және облыстың денсаулық сақтау департаментінде қызмет еткен. Аталған кезеңде Шәріп Шымкенттің «Арсенал» ЖШС қару дүкенінен өзін-өзі қорғау тапаншасын – калибрі 18х45, ұңғысыз атыс моделі «Стражник» МР-461, сондай-ақ тапаншаға оқ-дәрі сатып алған.

«Қарудың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы заңның 6-бабына сәйкес, ұңғысыз атыс қаруы қызметтік қаруға жатады. Азаматтық және қызметтік қаруды, оның патрондарын ішкі істер органдарынан қаруды сақтауға және өзімен бірге алып жүруге рұқсат алған заңды және жеке тұлғалар сақтай алады. Шәріп атыс қаруын сақтауға және өзімен ұстауға тиісті рұқсаты болмаса да, 2007 жылдың тамызынан 2020 жылдың 6 тамызы аралығында өзін-өзі қорғауға арналған тапаншаны заңсыз сақтаған», — деді прокурор.

2020 жылдың 6 тамызында Берік Шәріптің пәтерін тінту барысында аталған тапанша мен оны қолдану кітапшасы, сондай-ақ төрт патрон мен бір гильза табылып, тәркіленді.

«Кешенді баллистикалық және трассологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тапанша травматикалық атыс қаруы санатына жатады, оқ атуға жарамды, патрондар да жарамды. ІІМ ӘПК жауабына сәйкес, жоғарыда аталған қаруды иемденуге, сақтауға және өзімен бірге алып жүруге құжат берілмеген. Сонымен қатар Шәріп 2014 жылдан бастап 12 калибрлі МР-153 және ИЖ-27 екі тегіс ұңғылы қарудың иесі болып табылады», — деді Дастан Күпербаев.

Осылайша Берік Шәріп Қылмыстық кодекстің 287-бабы 2-тармағында (травматикалық патрондармен ату мүмкіндігі бар атыс қаруын заңсыз сақтау) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деп айыпталып отыр.

sputnik

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия