
Павлодарда жеті адамның өмірін жалмаған белгісіз сұйықтық қолдан жасалған спирттік ішімдік болуы мүмкін. Марқұмдарды ажалдан арашалап қалуға барын салған дәрігерлер осылай деп болжап отыр. Ертіс ауылында болған оқыс оқиғаның жай-жапсары жіті тексеріліп жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қайғылы жағдай 27-сәуірде күні болған. Полицейлердің мәліметінше, бір үйден үш адамның өлі денесі табылған. Оның біреуі 67 жастағы үйдің иесі болса, екіншісі 32-дегі баласы. Ал үшіншісі – зейнеткер. Сол күні тағы төрт адам ауыр хәлде ауруханаға түскен. Олардың төртеуі де емдеу мекемесінде жатып көз жұмды. Қаза тапқандардың денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Бірақ олардың белгісіз сұйықтық ішкені анықталыпты. Содан кейін бәрінің іш құрылысы істемей, шетінен көз жұмған.
Айдар Сейтқазинов, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Ауруханаға жеткізілген азаматтардың спирттік ішімдік ішкені бірден байқалып тұрды. Ащы судан уланған ба деп күдіктеніп, диагнозға сәкес емдом жасалған. Бірақ науқастардың өмірін сақтап қала алмадық.