
Азаматтық алуға рақымшылық жариялансын. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан премьер-министрден Қазақстанға қайтқан қандастарымызға қосымша уақыт беруді сұрады. Себебі, алыстан келген ағайын берілген 1 жылда құжаттарын реттеп үлгере алмай жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
-Қазақстан азаматтығын алу үшін ең алдымен оралман куәлігін алып, әрі қарай тұрақты тіркелетін үй таба алмай, үй табылса, бір кездегі ықтияр хат және азаматтық алуға қажетті қисыны бар, қисынсыз құжаттармен, сонымен қоса, зорға алатын анықтамаларды жинап болғанша 1 жылға берілетін оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен, олар азаматтыққа қабылданбай қалып отыр.
Қазір жеті мыңға жуық оралман уақытын өткізіп алған. Яғни олар 12 айда азаматтық алуға қажет құжаттарды түгендеп үлгермеген. Сондықтан қандастарымызға кем дегенде қосымша жарты жыл берілуі тиіс. Сөйтіп, қалай да қатарымызға қосылуына жағдай жасауға міндеттіміз дейді депутат. Сондай-ақ, ол азаматтық алу тәртібін түбегейлі қайта қарауды ұсынды. Және оралмандардың бір жылда құжаттарды жинап үлгере алмауына не себеп, соны да тексеруді талап етті.