
«Ер есімі – ел есінде». Отанының тыныштығын күзеткен шекарашы, белгілі әскери және қоғам қайраткері, алғашқы қазақ генералдарының бірі – Баһадүрбек Байтасұлының туғанына 100 жыл.
Айтулы датаға орай Алматы тұрғындары генерал тұрған үйдегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Батырдың туған-туыстары мен ұрпағы оның ерен еңбегі мен адамдық болмысын әңгімеледі.
Баһадүрбек Байтасов – ел тарихы мен әскери қызметте жарқын үлгі көрсеткен жарық жұлдыз. Ол Отан алдындағы борышын екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украинаны, Сталинградты азат етумен бастаған. Жаһанды дүр сілкіндірген соғыс аяқталғанда, ендігі ғұмырын да ел қорғауға арнаймын деген батыр ширек ғасыр Қазақстан шекарасын күзетті.

Жиында сөз алған ҰҚК құрметті қызметкері Тұрсын Уажанов: «Баһадүрбек Байтасовтың еліміз үшін, қазағымыз үшін, еліміздің бостандығы үшін жасаған үлесі зор. Ақпан айының 23 күні Баһадүр ағамыз 100-ге келді.
Ал енді өзі басқарған шекара отрядының туған күні тағы да, 97-ге келіп отыр. Зайсан шекара отрядының туған күні болғаннан кейін офицерлерді, басшыларын, бәрін ардагерлерді, отбасыларын осы мерейтоймен құттықтап, аманшылық, бейбітшілік болсын, біздің шекарамыз әрдайым мықты күзетілсін», – деп жылы лебізін білдірді
Батырдың көзін көріп, тәлімін алғандар оның расында атына сай баһадүр, шынымен де, қайсар болғанын айтты. Бүгінгі еске алу жиынында да Байтасұлының бар болмысы, жарқын бейнесі сөз болды. Жас ұландарды тәрбиелеуге де өзіндік үлес қосқан Баһадүрбек Байтасовтың әскери-патриоттық тақырыптағы бірқатар кітаптардың авторы екенін де айта кетейік.
Генералдың еңбегі мен кешкен болашақ жадында сақталуы үшін бүгінде Алматы мен Түркістаннан Байтасовқа көше берілген. Сондай-ақ ел оңтүстігінде әскери-техникалық мектеп те, Баһадүрбек батырдың есімімен аталады.
Мақпал Ноғайбаева