
Алматыда тұрғын үйлердің біріндегі аулада болған төбелес видеоға түсіп қалды. Видеодан белгісіз біреулер ер адамды қатыгездікпен ұрып жатқанын көруге болады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Болжам бойынша, төбелес Ақсай-1 ауданында болған. Оның видеосы Telegram-дағы kris_p_almaty каналында жарияланды.
Видеодан төбелеске қатысушылардың бірі жерде жатқан ер адамды жүгіріп барып тепкенін, кейін бірнеше рет соққы жасағанын көруге болады.
Алматы қаласының полиция департаменті күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
«Жедел іс-шаралар барысында бұл қылмысты жасады деген күдікпен 1987, 1996 және 2000 жылдары туған Жамбыл облысының 3 тұрғыны ұсталды. Олар мас күйде «Ақсай-1″ шағын ауданындағы үйлердің біріндегі аулада 34 жастағы жергілікті тұрғынды ұрған», — делінген хабарламада.
Қалалық жедел жәрдем қызметі төбелес болған түні оларға мұрны сынуы мүмкін деген күдікпен ер адам түскенін хабарлады.
«Ол №5 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр», — делінген хабарламада.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген.
«Жәбірленуші алған дене жарақатының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген хабарламада.