
Букмекерлік бәс тігуде баюға бола ма? Желіде бұл жайында небір әңгімелер айтылады. Мұндай «аңыздарды» кім шығарады және ол не үшін керек? Бұл жолы осыған тоқталайық.
«Сіз букмекерді алдай аласыз»
Спортқа бәс тігуге арналған тақырыптық сайттарды «капперлер», яғни өздерін осы салада кәсіби санайтын адамдар жүргізеді. Шын мәнінде, олардың көпшілігі – құпия тәсілдер мен стратегияларды саудаға салатын алаяқтар. Олар тұрақты түрде қалайша ұтуға болатынын, сол арқылы мол пайдаға кенелгенін айтып жұртты алдайды. «Сен де тоқшылықта өмір сүргің келе ме? Оны менен сұра» деп өзеурейді «мамансымақ».
Олардың бәс тігуден емес, өз өтірігінен ақша табатынын білеміз…
Асқан ақылы және қулығымен букмекерді алдап, ақша тапқандар туралы әңгіме тіпті көп.
Мәселен, «шанышқы» тәсілін (бір-біріне қарама-қарсы, бір-бірін жоққа шығаратын спорт бәсекесіне бір мезетте бәс тігу) пайдаланып, букмекерді тақырға отырғыз дейді. Соның нәтижесінде букмекер кеңсесі қаржыдан қағылып, қалай болғанда да пайдаға кенелуге болатынын айтады.
Ал шын мәнінде, мұндай ертегіге аңқаудың аңқауы ғана сенетін шығар. Букмекерлік кеңсе бизнесінің мәнін түсініп алған жөн. Оларды алдау мүмкін емес. Себебі ондаған жылдар бойы алаяқтар ойлап тапқан барлық айла-амал атаулыны кез келген букмекер жақсы біледі.
Солай жасап көрем десеңіз, ережеге сәйкес, сізді бұғаттайды, «қара тізімге» енгізеді. Оған қоса, айыппұл төлетеді. Букмекердің клиент ұтылысынан ғана ақша таппайтынын ұғыну керек. Олардың табысының басты көзі – әу баста коэффициентке салынған маржа. Нақты айтсақ, бәс тігуші ұтса да, ұтылса да, букмекердің есебі түгел.
Сондықтан алаяқтың әдісіне ергендер емес, әрбір спорт бәсекесіне тәптіштеп талдау жасайтын, барлық факторларды есепке алып, соның негізінде болжам жасайтындар ғана ұтысқа қол жеткізеді. Букмекермен ойын әсте де рулетка емес. Ол – ақыл-ой еңбегі.
Үнемі ұту мүмкін бе?
Ақылы кеңес берушілердің тағы бір өтірігі – әлемде ешқашан ұтылмайтын айрықша стратегия. Ол туралы білетіндер саусақпен санарлық деп сендіреді. «Егер сіз оны игеріп алсаңыз, жұмыс істеудің де қажеті жоқ. Сіз ылғи да ұтасыз ғой, онда жұмыс істеудің қажеті қанша?» – деп өзеурейді.
Әлгі «кәсіби маман» өзінің дәл осы ерекше стратегияның арқасында байығанын айтып сендіреді. Сізге де осы «супер құпияны» сатуға әзір. Ол қанша тұрады? Арзан емес, әрине. Біреу жүз мың теңге дейді, тағы біреуі 500 мың теңге сұрайды. Ауадан ақша жасайтын судырда ар-ұят бар дейсіз бе?
Ал шындығында ондай стратегия жоқ. Букмекерді де, басқаны да алдап, үнемі ұтысқа кенелу мүмкін емес. Болашақты жүз пайыз болжау ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан әлгіндей «ертегі» айтатын стратегия сатқыштарға ақша төлемеген дұрыс.
«Футбол – қарапайым спорт»
Футбол – кең таралған, еріксіз еліктіретін спорт. Беттингтің қыр-сырын меңгерген жандардың футбол матчтарына бәс тігуге құмартатыны да бекер емес. Неге екенін, букмекерлік бәс тігуде футбол ең оңай спорт түрі деген сөз бар. Бұлайша шатасуға футбол матчтарының жиі трансляциялануы және спорт баспасөзінде тұрақты сөз етілуі әсер етсе керек. «Футболға бәс тігу соншалықты күрделі емес» деген пікірге желідегі матч пен турнир статистикасының қолжетімді болуы да өз әсерін тигізеді.
Бұлайша адасуды «алдағы ойын нәтижесін есептеу қиын емес» деп болжам сатқыштар да қыздыра түседі.
Сонымен футболға бәс тігуде ұтысқа қол жеткізу шынымен оңай ма? Жоқ, әрине. Ойынға сіз білмейтін, біле де алмайтын көптеген факторлардың әсер ететінін ұмытпаңыз. Команда құрамы мен әрбір ойыншының қарым-қабілетін жақсы білу керек. Матч кезінде ойыншыларды алмастырып жатады. Бұған дейінгі кездесулердің статистикасына үңіліп, әр командада қандай құрам ойнайтынын да анықтап алу керек. Қай ойыншы жарақат алған, өз алаңында ма, сырт алаңда ойнай ма, ауа райы қандай – барлығы да есепке алынады. Мамандар футболды болжамға көнбейтін спорт деп бекер айтпайды. Қысқасы, букмекерлік бәс тігуде ең оңай спорт түрі футбол деген шындыққа жанаспайды.
«Ырғын ақша» туралы аңыз
Әдетте беттингке құмартушылар оған жай ғана ермек деп қарайды. Біреулер үшін ол демалыс, енді біреулерге ақыл-ойын дамыту, тағы біреулер үшін сүйікті командасына қолдау көрсету. Спортқа бәс тігуді ешкім ақша табудың тәсілі деп қарамайды. Бірақ «біреулер бәс тігуден ырғын ақша тауыпты» деген аңыздар тақырыптық сайттарда өріп жүр. Жаңадан бәс тігушілерге әлдебір «кәсібилердің» ай сайын табысқа кенеліп, бір жылдың ішінде шіріген байға айналатынын айтып, басын айналдырады.
Оған қалай жетуге болатынын да айтып береді. Әлбетте, ақша төлесеңіз.
Осындай ертегілер желіде букмекерлік бәс тігудің қандай да бір стратегияларына баулитын ақылы оқыту, түрлі вебинар, ақылы жазылым сияқты жарнамаларға ілесіп жүреді. «Кәсіби» білгішсымақтармен сөйлескеннен кейін көп адамда беттинг туралы қате пікір қалыптасады. Мұндай адасу түптің түбінде түңілуге әкеп соғады.
Әрине, стратегиялар туралы білу қажет. Дегенмен кез келген стратегияға сүйену үшін алдағы жекпе-жектің барлық факторларына мұқият талдау жасаған дұрыс. Онсыз ешқандай есеп-қисап көмектесе алмайды.
«Жұмыс істеудің қажеті жоқ»
Мол ұтыс туралы қырық өтірік және бір «аңызды» тудырды. Желіде стратегия сататын алдампаздар спортқа бәс тігу арқылы байығандарын айтып мақтануға құмар. «Енді ол ақша маған жұмыс істейді, – деп бөседі олар. – Бәс тігуден тау-тау ақша таптым». Осындай алдампаздардың бейнежазбасын көріп алған біреулер қомақты ұтыстан кейін-ақ жұмысын тастауға бекінеді. «Маған мына кеңсенің не керегі бар? Зауыт не керек? Бітті! Каппердің карьерасын жасаймын» дейді алғашқы ұтысқа мастанған аңқау. Ал екі-үш рет ұтса, тіпті ақылынан адасады. Қиялында қымбат көлікке мініп, яхта, көпқабатты үй сатып алады.
Бұл – психологиялық тұзаққа апаратын алғашқы қауіпті қадам.
Жұмысты тастамаңыз! Өйткені беттинг – жұмыс емес, ермек!
Сайып келгенде, өмірдің шындығы әлгіндей адасқандарды оңдырмай алып соғады. Ұтыстан табыс табу – жай ғана аңыз. Оны таратып жүрген алаяқтар. Олардың әр сөзі өтірік. Олар түкке тұрмайтын ақыл-амалын алдыға тартып, оңай ақша тапқысы келеді.
Шын мәнінде біздің елімізде спортқа бәс тігудің кеңінен таралуы спорт жанкүйерлерінің көбеюімен байланысты. Олар үшін беттинг жай ғана хобби, ермек. 50-100 мың ұтып алдың ба, тамаша. Ұтпадың ба, ештеңе етпейді. Спортқа бәс тігу кейде қосымша табыс көзі болуы мүмкін. Бірақ тек қана соған үміт артуға болмайды. Себебі спорт бәсекесінің нәтижесін әрдайым тап басу мүмкін емес. Міне, сондықтан да беттингпен бұрыннан айналысатындар жаңадан бастағандарға бұл ермекке байыппен қарауға кеңес береді. Жай ғана ермек – тәуелділікке, ұтысқа ұмтылу басты мақсатқа айналып кетпесін!
Айдос Құсайынұлы