Барыс-келіс болмаған жерде алыс-беріс болмайды

30 сәуiр 2021, 10:38

Кез келген мемлекеттің дамуына кесірін тигізетін фактор – парақорлық пен ұрлық. Қазақстанда да желге ұшқан, ұры-қарының қолында кетіп жатқан ақша көп. Есепсіз емес. Бақылаусыз да емес. Бірақ ашкөздердің араны тоймай тұр. Әңгімеге бұрын есеп комитетінде қызмет еткен, Мәжіліс депутаты болған, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаевты тарттық.

Jas qazaq: Омархан аға, соңғы сайлаудан кейін көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда, қандай жұмыс істеп жатырсыз?

О.Өксікбаев: Мен зейнет жасындағы адаммын ғой. Оның үстіне, халыққа көрініп болған адаммын. Құдайға тәубе, біраз жұмыс жасадық. Елбасына рахмет, сенім білдіріп жұмыс берді, қолымнан келгенше, кәсіби деңгейімді көрсетіп елге, мемлекетке қызмет еттім. Қазір енді белсенділік көрсететін емес, кәсібилігімді танытатын уақыт. Осы жағын ескеріп, мені білім және ғылым министрлігі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің директорлар кеңесіне сайлады. Сол жерде жұмыс істеп жатырмын.

Jas qazaq: Жаңа жұмысыңыз құтты болсын! Университеттің техникалық базалық мүмкіндігі қалай екен?

О.Өксікбаев: «Қара шаңырақтың» қазіргі хәлін көріп, қарным ашты. Техникалық базасы ескірген, тозған. Болашақ мұғалімдерді дайындайтын оқу орнында соңғы технологиямен жетілдірілген құрал-сайман, оқу-жабдықтары мүлде жоқ. Жақсы зертханасы болса деймін. Университетте оқып жатқан қыздардың бәрі заман талабына сай маман болса, соған сай білім алса деймін. Сол үшін үкіметке хат жазып, қыздар университетінің техникалық базасын жақсартуды қолға алып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, соңғы 20 жылдың ішінде бұл оқу орнына мемлекеттен қаржы бөлінбеген. Тек бөлінген гранттың ақшасымен ғана жан бағып отырыпты. Тіпті талан-таражыға түскен жағдайлары да бар екен.

Қыздар университетіне көп жағдайда ауылдан келген қыздар түседі. Ешкімге құпия емес, студенттердің дені – ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандар. Өйткені бұл оқу орнында әлеуметтік қорғау бар. Шәкіртақыдан бөлек, мұндағы студенттердің тамағына да ақша төленеді. Мұндай мүмкіндік Қазақстандағы бірде-бір жоғары оқу орнында жоқ. Сондықтан да ауылдан шыққан қыздардың көбі әке-шешелеріне салмақ салғысы келмей, осы жерді таңдайды. Жатақхана тегін, тамақ тегін, шәкіртақы бар. Міне, осындай әлеуметтік қамқорлығы бар университетке мемлекеттің қамқорлық жасамай отырғаны қарнымды ашырды. Қазақтың болашақ педагогтарына қашан да қамқорлық керек!

Jas qazaq: Педагог дегеніңізден шығады, өткен аптада депутаттар жалақы мәселесін көтерді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы өскенімен, санитар мен еден жуушы сияқты мамандардың еңбекақысы сол күйінде қалғанын айтты. Бұл ұйымдастырудағы олқылық па, әлде бақылаудың жоқтығы ма?

О.Өксікбаев: Бұл мәселені көтерген менің бұрынғы әріптестерім популистік шешімге үйір болмауы керек. Олардың қай партиядан екенін қайдам? Бұл жерде саяси немесе экономикалық білімсіздік танытып отыр. Мемлекет ешқашан өзінің азаматтарын шеттетпейді, ешкімді бөліп-жармайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шешім шығарған кезде, бірінші, алдыңғы шептегі өндірушілердің: мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын көтерейік дегенді басты орынға қойды. Бұл шешім – санитарлар мен тазалықшыларды шеттету деген сөз емес. Осы шешімнің өзі қазынаға үлкен салмақ салып отыр. Мұның бәрі кіріс пен шығысты есептеп қабылданып отыр. Қолда болса, әрине, санитардың да, еден жуушының да жалақысын бірдей көтеріп, шетелдегідей, Батыс елдеріндегідей жағдай жасауға болар еді. Бірақ біз Батыс елдеріндей дамыған мемлекет емеспіз. Экономикамыз енді-енді аяққа тұрып келе жатқан елміз. Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» деп бекер айтпаған. Бюджетіміздің бүйірі соншалық қампайып тұрған жоқ. Сондықтан да бұл кезең-кезеңімен жасалатын шаруа.

Мен де былтыр осы індетпен ауырып, емделіп шықтым. Сонда алғы шептегі дәрігерлермен бірге санитар мамандардың да жүргенін көрдім. Олардың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ «Бес саусақ бірдей ауызға сыймайды». Сізге бір нәрсе айтайын, осы пандемия басталғалы бері дәрігермен бірге техникалық қызметкерлердің де жалақысы үш есе өсті. Жалпы пандемиямен күреске республикалық бюджеттен 650 млрд теңге бөлінді. Орасан зор қаржы. Індет болмағанда, бұл бірнеше зауыт салуға жететін ақша… Бұл жерде алалау жоқ. Ақшаның бәріне бірдей бөлінбеуі – уақытша қиындық қана.

Jas qazaq: Бұрынғыларын айтпай-ақ қоялық. Індет басталған былтырдан бері парақорлық пен көзбояушылық асқынып кетті. Мысалы, былтыр ауру асқынғанда фармацевтика басшылары дәрі-дәрмекті қоймаға тығып қойды. Өткен аптада ғана эпидемиологтарға құрылысшы киімін сатып алғандар туралы ақпарат шықты. Мектептерде бюджеттен бөлінген ақшаға сапасыз компьютер мен планшет сатып алған білім басқармаларының жыры әлі бар. Өзіңіз кезінде есеп комитетінде жұмыс істедіңіз, мұндай заңсыздықтарға қашан бақылау болады?

О.Өксікбаев: Өзіңіз айтып тұрған сандар мен деректердің бәрі бақылаудың нәтижесі ғой. Бақылау болмаса, мұны сізге кім айтады, сіз кімнен аласыз мұндай деректерді? Бақылау болмаса, қаржы тістегеннің тісінде, ұстағанның қолында кетер еді. Бақылау бар. Мәселе басқада, яғни қаржыны игеріп отырғандардың кісілік келбетінің төмендігінде. Бұл – жекелеген адамдардың пиғылының дұрыс еместігі, елшілдіктің төмендігі, отаншылдық қасиеттің кемдігі, бойында мемлекетшілдік қасиеттің жоқтығы. Ел басына күн туғанда, сондай қиындықтан қаржы жымқырып қалу деген – қылмыс! Бұл – азғындық. Өкінішке қарай, азаматтарымыздың арасында сондай қара ниеттілер бар екен. Ешкім бізді сырттан келіп тонап жатқан жоқ. Біз өзімізді-өзіміз тонап жатырмыз. Өз балаларымыздың болашағына қол сұғып, олардың компьютерін ұрлап, планшетін жымқырдық. Мемлекет пандемия кезінде халықты ойлап, шамалы жеңілдік жасай қойып еді, өзіміздің азаматтар соны пайдаланып ақша жасады. Осыдан кейін кімге өкпе артасың?

Jas qazaq: Бұл біздің кадр таңдаудағы қателіктеріміз емес пе? Мысалы, бүгін ғана оқу бітірген жас студент ертең астанада бір бөлімнің басшысы болып отыра қалады. Өйткені оның әке-көкесі бар дегендей…

О.Өксікбаев: Жарасжан, өзің айтшы, адамның жақсы-жаманы, қу мен сұмы шекесінде жазылып тұра ма? Жоқ, жазылып тұрмайды. Кадр таңдауда оның біліміне, тәжірибесіне, ісі мен сөзіне қарайды. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген сол. Адамның жақсы не жаман екенін бір көргеннен ешкім білмейді. Сондықтан осындай олқылықтар болып жатады. Әрине, кадр саясатын қатаңдату керек шығар, мүмкін қосымша талап енгізген дұрыс болар.
Мейлі кім бол, саған мемлекет сеніп қызмет берді ме? Онда адал атқар. Сіз айтып отырған анау дәрі-дәрмекті тығып, компьютердің ақшасын жеп қойғандар – қысылтаяң кезде мемлекеттің жеңілдетілген заңын пайдаланып, ақша келді деп, сұраусыз дүниедей көру – бұл қарын ашыратын жағдай. Мейлі қой бақ, қоян бақ, ешкі бақ, ел бақ – сенде жауапкершілік болу керек! Жауапкершілік кісіліктен келіп шығады. Кісілік қасиетің болмады ма, онда қой да, қоян да баға алмайсың.

Jas qazaq: Экономист ретінде айтыңызшы, соңғы 5 жылда Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі азайып кетіпті. Әсіресе, Қытайдан келетін инвестиция төмендеген. Неге?

О.Өксікбаев: Жалғыз Қытайдан келетін инвестиция көлеміне қарап, жалпы Қазақстанға келетін инвестицияға баға беруге болмайды. Қытай бізге инвестиция салудан соңғы орындағы мемлекеттердің бірі. Бізге ең көп инвестиция әкелетін мемлекет – Нидерландтар. Екінші орында АҚШ тұр. Еуропа да осы қатарда. Қытайдікі 1 млрд долларға жетпейтін қаржы. 2020 жылы Қазақстанға келетін инвестиция көлемінде кему көрсеткіші бар. Оның басты себебі – пандемия. Жалпы әлемде пандемияның салдарынан шетелден келетін инвестиция көлемі 49 пайызға кеміген. Ал Қазақстанға келетін шетелдің ақшасы 37,5 пайызға азайды. Санға шағатын болсақ, былтырғы тоғыз айда 12 млрд теңге қаржы келді. Бұрын 12 айда 20 млрд теңге келетін. Салыстырып айтсақ, ақша азайған. 2021 жылдың есеп-қисабы әлі жариялана қойған жоқ. Басты себеп – індет. Індет басталғалы бері барлық мемлекеттер томаға-тұйық өмір сүріп жатыр. Барыс-келіс болмаған жерде алыс-беріс те болмайды. Сауда-саттық жасалмайды, инвестиция құйылмайды. Бұл – заңдылық. Оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Астана қаржы орталығы пандемияға қарамай, былтырдың өзінде тіркелген қатысушылардың есебінен салыққа 6 млрд доллардай қаржы түсірді. Жағдай жақсарса, бұдан да жақсы болады деп ойлаймын.

Jas qazaq: Қытайтанушылардың айтуынша, синофобияның салдарынан Қазақстанға бағытталған Қытай инвестициясы Өзбекстанға кетіпті. Бейжің Тәшкентке 1125 кәсіпорын салатын көрінеді. Саясат экономикаға көлеңке түсіруде. Мұндайда Қазақстанның таңдауы қандай болу керек?

О.Өксікбаев: Жалпы қазаққа ақыл айтудан аулақпын. Бірақ соңғы кездері біздің халықтың бойында қытай десе, жыланша жиырыла қалатын жаман мінез күшейіп кетті. Беталды сөйлеу, қытай халқына тіл тигізу, көрші елдің Қазақстанға деген көзқарасына күмәнмен қарау, бізде жүрген жұмысшыларына қыр көрсету – осының бәрі соңғы жылдары белең алып отыр.
Қытай – алып империя, алпауыт мемлекет, миллиард халық. Олар бізді жұтқысы келсе, жұтып қояды. Бірақ Елбасымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ шекараны шегендеп, Қазақстан мен Қытай арасында тең құқылы саясаттың іргетасын қалап қойған. Мемлекеттік тұрғыда қытайдың бізге деген территориялық алабөтен ниеті жоқ.

Қытайды мақтап отырған жоқпын, бірақ олар еңбекқор халық. Еңбектің арқасында экономикалық әлеуеті жағынан әлемнің алдына шығып барады. Өтірік намыстың қажеті не, біз қытайдан үйренуіміз керек. Жоқтан бар жасауды, барды ұқсатуды қытайдан үйренген артық етпейді. Көршіні жау санамай, қытайдың артықшылығын пайдаланып, өнерін, еңбекқорлығын үйреніп, мемлекетімізді, экономикамызды дамытуымыз керек. Ойланатын кез келді. Қытай – құдайы көршіміз. Көршіден қашып құтыла алмайсың. Онда тату бол. Қытай туралы қыңыр-қисық сөйлемей, ауызға абай бол. Ас үйде отырып алып, «қытай анау, қытай мынау» деу – батырлық емес. Батырлық – қытаймен тең өмір сүр, өнерін үйрен, бизнесін жаса, ақша тап, мемлекетті дамыт.

Қытайдың инвестициясымен көп дүние жасауға болар еді. 52 кәсіпорын ашылады дегенде, бәріміз өре түрегелдік, «қытай басатын болды» деп шуладық. Бұлай болмайды. Мемлекет бәрін қарап, бақылап, екшеп отыр ғой. Келіп тұрған ақшадан айырылдық. Қаншама зауыт салынар еді, қаншама жұмыс орны ашылар еді.

Біз артық сөйлейміз деп арғы беттегі қандастарымызға да кесіріміз тиіп жатыр. Бұл жақта отырып, қытайды жау санап, арғы жақтағы ағайынға сөзіміз бен ісіміздің ызғары тиюде. Соны неге түсінбейміз? Қытаймен жылы сөйлесіп, жіңішке дипломатия жасасу керек еді. Қытай мен Қазақстан арасындағы саясатқа депутаттар да, журналистер де атсалысып, көршіні жау санауды қойып, халыққа әр кез түсіндіріп отыру керек!

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды