jasqazaq.kz

«Бәріне ортақ журналистика» — жаңа белестің бастауы

05 қараша, 15:36

Білімге деген құштарлық пен ізденіске деген ынта адамның мүмкіндігін шектемейді. Ал арманға бастайтын жолда қолдау мен мүмкіндік болса, алынбайтын асу жоқ. «Jas Qazaq» газеті мен «Шеврон» компаниясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен ерекше жандарға арналған «Бәріне ортақ журналистика» курсы осы ойды тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қоғамда әр адамның өз орны, өз үні, айтар ойы бар. Бірі сөзбен жеткізсе, енді бірі жазу арқылы ойын өрнектейді. Ал сол сөз бен ойды қоғамға жеткізіп, көпшіліктің назарын маңызды мәселелерге аударатын мамандықтың бірі – журналистика. Бұл сала тек ақпарат таратумен шектелмейді. Ол – шындықты іздеу, адам тағдырын баяндау, қоғамның үнін жеткізу және жауапкершілікті сезіну.
Мен үшін журналистикаға жақындау, оның қыр-сырын тереңірек тану – көптен бергі қызығушылықтың бірі. Десе де, бұл саланың өзіндік талаптары мен кәсіби машықтарын меңгеру үшін бағыт-бағдар мен тәжірибе қажет екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, «Бәріне ортақ журналистика» курсы мен үшін үлкен мүмкіндіктің есігін ашты.
Курстың атауының өзі көп мағынаға ие. «Бәріне ортақ» деген тіркестің астарында үлкен идея, терең түсінік жатыр. Өйткені журналистика – белгілі бір топқа немесе адамдар санатына ғана тиесілі сала емес. Ол – ізденуге, білуге, жазуға және қоғаммен байланыс орнатуға ынталы кез келген адамға ашық шығармашылық кеңістік. Аталмыш жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың да журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қоғамның ақпараттық өміріне белсенді араласуға жол ашады.


Курс барысында біз журналистиканың сан түрлі бағыты бойынша білімімізді толықтырып, кәсіби дағдыларымызды жетілдірдік. Сабақтар мазмұндық тұрғыдан да, тәжірибелік жағынан да өте пайдалы болды.
Алғашқы сабақтарда баспасөз релизін жазу шеберлігіне назар аударылды. Ақпаратты жинақтап, ең маңыздысын іріктеп, оны сауатты әрі нақты жеткізудің жолдарын үйрендік. Сондай-ақ баспасөз хабарламасын жай ғана ақпараттық мәтін күйінде қалдырмай, оны мазмұнды мақалаға айналдырудың қыр-сырын меңгердік. Бұл жұмыс журналистен тек сауаттылықты емес, оқиғаның мәнін терең түсініп, оның оқырманға қаншалықты қызықты болатынын бағамдай білуді талап етеді.
Тақырып қою да – журналистикадағы үлкен өнердің бірі. Өйткені оқырманның назарын ең алдымен тақырып аударады. Қысқа болғанымен, мағынасы терең, мазмұнды дәл жеткізетін тақырып таңдаудың өзіндік әдістерін үйрендік.
Өзіме ерекше әсер қалдырған бағыттардың бірі – сторителлинг. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір қоғамның мәселесін ашып көрсете алады. Қарапайым оқиғаның өзінен үлкен мағына тауып, оны оқырманға әсерлі етіп жеткізу – журналистің шеберлігі. Сторителлинг арқылы оқиғаны құрғақ баяндаудан гөрі, оның ішкі мазмұнын ашып, кейіпкердің сезімі мен өмірлік тәжірибесін жеткізудің маңызын түсіндік.
Қазіргі заман журналистикасын жасанды интеллектісіз елестету қиын. Сондықтан мақала жазуда жасанды интеллектіні қолдану әдістері де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, қажетті ақпаратты жүйелеу, мәтінмен жұмыс істеу және сонымен бірге журналистің кәсіби жауапкершілігін сақтау жөнінде пайдалы мағлұмат алдық. Технология журналистің орнын алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жеңілдететін көмекші құрал бола алатынын түсіндік.


Бұған қоса, журналистік этика, фактчекинг және деректермен жұмыс істеу сабақтары кәсіби жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Журналист үшін жылдамдық қана емес, шынайылық та басты орында тұруы қажет. Кез келген ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу, дереккөзді тексеру, кейіпкердің құқығы мен жеке өміріне құрметпен қарау – әрбір қалам иесінің ұстанымы болуы тиіс.
Подкаст шеберлігі мен сұхбат алу өнері де біз үшін тың тәжірибе болды. Сұхбат алу дегеніміз – жай ғана сұрақ қою емес, әңгімелесушіні тыңдай білу, оның ойын ашуға көмектесу, орынды сұрақ қоя отырып, оқырман мен тыңдарманға қажетті ақпаратты жеткізу. Ал подкаст – ойды дауыс арқылы өрнектеп, тыңдарманмен ерекше байланыс орнатудың заманауи тәсілі.
Бұл курстың құндылығы – бізге дайын ақпарат берумен ғана шектелмеуінде. Әр сабақ барысында жаңа білімді тәжірибемен ұштастырып, өзімізді сынап көруге мүмкіндік алдық. Жазу, ойлану, ақпаратты саралау, сұрақ құрастыру, мәтінді өңдеу сияқты жұмыстардың әрқайсысы кәсіби қалыптасуымызға ықпал етті.
Кейде адам өз бойындағы қабілетті толық танып үлгермейді. Оған тек мүмкіндік, қолдау және бағыт-бағдар қажет. Меніңше, осы курстың ең үлкен жетістіктерінің бірі – қатысушыларға өз күшіне сенуге, жаңа дүниені үйренуге және кәсіби тұрғыдан дамуға ынталандыруында.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың журналистикамен айналысуы туралы сөз болғанда, кейбіреулердің көкейінде түрлі сұрақ туындауы мүмкін. Алайда бүгінгі технологиялық мүмкіндіктер көптеген кедергілерді еңсеруге жол ашып отыр. Экраннан оқитын бағдарламалар, дыбыстық технологиялар, қолжетімді цифрлық құралдар ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – адамның ынтасы, білімі және өз ісіне деген жауапкершілігі.
Біз де қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, көпшілік біле бермейтін оқиғаларды зерттеп, кейіпкерлердің өмір жолын баяндап, маңызды ақпаратты оқырманға жеткізе аламыз. Өйткені журналистиканың басты құралы тек көзбен көру емес, мәселені сезіну, мәнін түсіну, зерделеу және оны сауатты жеткізу.


Кез келген курстың аяқталуы – бір кезеңнің қорытындысы ғана емес, жаңа белестің бастауы. «Бәріне ортақ журналистика» мен үшін де осындай жаңа жолдың алғашқы баспалдағы болды. Осы уақыт ішінде алған білімім мен тәжірибем болашақта талай пайдалы дүниенің бастауына айналады деп сенемін.
Осы орайда бізге осындай мүмкіндік сыйлаған «Jas Qazaq» газетінің ұжымына және «Шеврон» компаниясына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл бастама зағип жандардың кәсіби әлеуетін дамытуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және ақпарат кеңістігінде өз орнын табуына жасалған маңызды қадам деп білемін.

Сондай-ақ білімімен бөлісіп, тәжірибесін ортаға салған ұстаздарымызға, әр сабақты қызықты әрі мазмұнды өткізуге атсалысқан Срайыл Смайыл, Олжас Әбдіхалық және КТК телеарнасының журналисі Азамат Есбергенге ерекше ризашылығымды білдіремін. Бізге тек журналистиканың әдіс-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, ізденуге, ойлануға, өзімізге сенуге шабыт бергендері үшін алғыс айтамын.
Курс аяқталды. Бірақ біздің үйренуіміз, ізденуіміз, жазуға деген құлшынысымыз тоқтамайды. Ендігі міндет – алған білімді тәжірибеде қолданып, қоғамға пайдалы ақпарат тарату, журналистика әлемінде өз үнімізді қалыптастыру.
Мен үшін «Бәріне ортақ журналистика» – жай ғана курс атауы емес, үлкен өмірлік ұстанымның көрінісі. Өйткені білімге ұмтылған жанға мүмкіндік берілуі керек, ал адамның қабілеті мен талантына ешқандай шектеу қойылмауы тиіс.
Журналистика – көзбен көргенді ғана емес, жүрекпен сезінгенді де жеткізе білу өнері. Ендеше, әр адамның айтар сөзі, жеткізер ойы қоғамға жетсін. Журналистикада кедергі емес, мүмкіндік көп болсын!

Захра Әнуарқызы,
курсқа қатысушы

Суреттерді түсірген Ғалия Қалиева

05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі
05 қараша, 15:36
«Бәріне ортақ журналистика» - жаңа белестің бастауы
05 қараша, 15:17
«Бәріне ортақ журналистика»: Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған курс өз мәресіне жетті
04 қараша, 14:18
Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі
04 қараша, 14:12
Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобалары кеңейіп келеді
04 қараша, 14:04
Каха Имнадзе: Қазақстанның өңірлік интеграцияға серпін беруі – заңды құбылыс
04 қараша, 12:44
Данияр Жүсіпов: Табиғи қауіптің алдын алу – басты назарда
02 қараша, 14:24
Айман Оспанова: Шымкентте медициналық көмекті цифрландыру мен жаңғырту жұмыстары күшейді
29 қазан, 14:55
Шымкент жастары: жүйелі қолдау және жаңа бастамалар