
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Бәріне ортақ журналистика» атты әлеуметтік жоба биыл да өз жалғасын тапты. «Жас Қазақ» газеті мен «Шеврон» компаниясы бірлесе ұйымдастырған үш айлық курстың басты мақсаты – жазуға бейім, ақпарат саласында бағын сынағысы келетін ерекше жандарға қолдау көрсетіп, журналистиканың қыр-сырын үйрету.
Биылғы оқу бағдарламасы ерекше мазмұнымен ерекшеленді. Қатысушылар дәстүрлі жанрларда мақала жазумен қатар, пресс-релиз дайындау, сторителинг, сондай-ақ жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдануды терең меңгерді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде өзін дұрыс таныту және кәсіби сұхбат алу, сұхбатты мақалаға айналдыру дағдыларын шыңдады.

Жоба соңында курс талаптарын сәтті орындаған қатысушыларға арнайы сертификаттар мен қаржылай қаламақылар табысталды.

Сертификаттарды белгілі журналист, жазушы, «Хабар» агенттігі Алматы филиалының директоры Серік Әбікен тапсырып, Курсқа қатысушыларға ақжарма тілегін жеткізді.

Курстың белсенді қатысушысы Захра Әнуарқызы да өз әсерімен бөлісіп, жобаны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді:

«Көптен күткен «Бәріне ортақ журналистика» курсына көптен-көп рахметімізді айтамыз. Осындай жобалар бізге қоғамның толыққанды тең мүшесі ретінде өзімізді сезінуге және бойымыздағы әлеуетімізді ашуға үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Дәріс өткізген кураторымызға, мамандарға ерекше алғыс айтамыз. Олар біздің кез келген сұрағымызға жауап беріп, пресс-релиз жазудан бастап сұхбат алу, оны мақалаға айналдыру және сторителинг әдістерін егжей-тегжейлі үйретті. Осындай жақсы адамдардан дәріс алып, үлгі көріп жатқанымыз үшін көптеген алғысымды білдіремін. Барлық қатысушылардың ізденістері мен білімдері жемісті болсын, қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз сергек болсын!».

Айта кетейік, жоба аясында қатысушылар түрлі мекемелер мен орталықтарға барып, өз бетінше сапалы материалдар мен сұхбаттар дайындауда шеберліктерін көрсетті.
Jas Qazaq
Суреттерді түсірген Ғалия Қалиева