jasqazaq.kz

Бәріне букмекер кінәлі дейсіз бе?

18 ақпан 2022, 11:34

Елімізде букмекерлерге қарсы ақпараттық науқан басталып кетті. Бұл кімге және не үшін қажет?

Желге ұшқан миллиондар

Өткенде жолы болмаған бір ойынпаз Бейнеудегі лото-клубқа от қойды. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары «букмекер кеңсесін өртеп жіберді» деп бір-бірінен іліп әкетіп, жарыса жазды. Оқиғаның анық-қанығы белгілі болғанда, ешкім жоққа шығаруға асықпады. Одан кейінгісі тіпті күлкілі. Белгілі блогер, кәсіпкер және Алматы мәслихатының депутаты букмекерлік кеңселерге қарсы петиция ұйымдастырды. Ойынқұмарлыққа тартады деген айып тақты. Онымен қоймай, Алматыдағы букмекерлер кеңсесін шұғыл түрде жабуды талап етті. Ал «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес, олар баяғыда Қапшағайға көшіп кетті емес пе? Мәселенің мәнін білмейтіні осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Бұл ақпараттық шабуылдың бір бөлігі ғана. Соңғы кезде түрлі басылымдарда бәс тігуге тәуелділік, ойынқұмарлық туралы небір мақала жарық көруде. Соның бәрі букмекерлер туралы. Мәселен, беделді бір портал аноним ойыншымен сұхбат жариялады. Онда Шымкентте тұратын жас жігіт букмекерлерге бақандай 30 миллион теңге ұтылғаны туралы баяндайды. Бір қарағанда айтқаны шындыққа жанасымды сияқты. Сөйлеген сөзі, бірге ойнаған жолдастары, жалпы құмарпаздық психологиясы, бәрі де шын сияқты көрінеді. Тек автор бір нәрсені ескермепті: сұхбатта спорттан мүлде хабары жоқ, турнир, ойын стратегиясынан түк білмейтін адамның букмекерлерден қалай ірі сома ұтып алғанын айтпайды. Ұтысқа кенеліпті, бір емес, бірнеше рет! Ақырында құмарпаздыққа салынғаны сонша, 30 миллион теңгеден қалай айрылғанын білмей қалыпты.
Бұл тақырыптың жілігін шағып, майын ішетін адамдар мақаланы оқыған соң ішек-сілесі қатқанша күлді. Өйткені спортты білмей дәлме-дәл болжам жасап, ақша ұтып алу мүмкін емес қой. Егер де казино немесе картада ойнаса, бір басқа. Оларға ешқандай білімнің керегі жоқ. Онда әлгіндей әңгімеге сенуге болар еді.

Мұндай үгіт-насихаттың не керегі бар? Букмекер деген лото-клуб немесе казино сияқты дегенге сене қоятын жұрт ақымақ емес қой. Тіпті өмірінде бірде-бір рет бәс тігіп көрмеген адамның өзі спорт болжамы деген рулетка да, карта да емес екенін түсінеді. Бұларды ажырата білу керек.

Беттинг пен гемблинг

Айырмашылық терминнің өзінен де байқалады. «Беттинг» сөзбе-сөз аударғанда қандай да бір оқиғаның нәтижесіне бәс тігу дегенді білдіреді. Ал «гемблинг» – «to gamble», яғни «құмар ойын ойнау» деген етістікмен байланысты. Егер беттингте, яғни букмекерлік бәс тігуде барлығы да алдағы спорт оқиғасына қарай анықталса, гемблингте алдын ала белгілі фишкалар, сандар немесе карта қисындарының кездейсоқ түсуіне қарайды.

Беттингте спорт оқиғасының нәтижесін ойдан айта салып, матч немесе жекпе-жек туралы ештеңе білмей ұтысқа қол жеткізу деген әшейін қиял. Әрине, теориялық жағынан тирде көзді жұмып тұрып атқанда «ондыққа» дәл тигізуге болатын шығар. Алайда іс жүзінде бұл мүмкін емес. Демек әлгі шымкенттік жігіттің букмекерлік бәс тігуде спорттан ештеңе білмей, әлденеше рет ірі ұтысқа қол жеткізуі шындыққа жанаспайды.

Спорт болжамының дәлме-дәл келуі бәсеке нәтижесіне әсер ететін көптеген факторлар мен шарттарды қаншалықты терең болжай алдыңыз, соған байланысты. Мұндай факторлар он шақты: команда құрамы, олардың турнир кестесі мен премьер-лигадағы орны, жеңіс пен жеңілісінен бастап, матч кезіндегі ауа райы және т.б. Оның бәрін білмей, жарыстың нәтижесін тап басу тирде көзді жұмып тұрып «ондыққа» дәл тигізумен бірдей.

Дәл осы себеппен беттинг интеллектуалдардың хоббиі саналады. Қиыннан қиыстыруды қажет етеді. Сондықтан патологиялық құмарпаздар бұл салада ұзақ аялдамайды. Ойынпаздар одан гөрі рулетка, лото, карта, ойын автоматтары сияқты қарапайым және түсінікті саланы құп көреді. Олар бас қатырып, талдау жасап, арнайы әдебиетті оқып, стратегияны таңдау машақатынан қашады. Болжам жасағанша, кездейсоқ ұтысты күтеді.

Ойынпаздық қайдан шығады?

Міне, сондықтан да ақпарат құралдарында отандық букмекерлер тарапына айтылатын бүкіл сын-пікірлер ойдан құраған ертекке ұқсайды. Ойынпаздық тәуелділігіне букмекерлік кеңселерді кінәлағанша, авторлар лудомандардың пайда болу себебін басқа жақтан іздесін. Айталық, классикалық құмарпаздық саласында. Себебі казино, ойын автоматтары салондарында, лото-клубтарда ондай психологиялық тәуелділігі бар адамдар өте көп.

Дегенмен медицина қызметкерлеріне сенсек, еліміздегі лудомания мәселесі соншалықты ушығып тұрған жоқ. Біздің елімізде психиатриялық статистика жабық мәлімет саналады. Алайда дәрігерлердің өзі келтірген бейресми дерекке сенсек, елде ойынпаздыққа шалдығып тіркелгендер саны 25-30 адамнан аспайды екен.

Әрине, ойынпаздыққа тәуелділік – жылы жауып қоятын тақырып емес. Мұндай психологиялық құбылыстың зияны мен қаупі туралы жасырмай айту керек. Құмарпаздық – әлеуметтік қауіп. Отбасының шырқын бұзатын кесел. Сондықтан оған қарсы күресу керек. Әйтсе де, кәсіби емес ақпараттық шабуыл, БАҚ-тағы тапсырыспен жазылатын сауатсыз жазбалар арқылы емес, ғылыми қоғамдастықтың қолдауымен жүзеге асатын жоспарлы жұмыс болуы керек. Медициналық, азаматтық сарапшыларды, тіпті ойын бизнесінің өкілдерін тарту арқылы талдау жасайтын, кеселге қарсы күрес жолдарын ұсынатын жарияланымдар БАҚ-та жарық көрсе, құба-құп.

Бізге өркениетті қоғамдық диалог қажет. Ол көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, сонымен бірге ашық ереже мен регламенттерді қалыптастыруы тиіс. Ойын бизнесі саласында астыртын және заңсыз құрылымдармен мемлекеттік күресті жалғастыру маңызды. Соның ішінде Қазақстанда жұмысын жүргізуге құқығы жоқ шетелдік букмекерлік сайттарға тосқауыл қоятын кез келді. Аңқауларды тұзағына түсіретін онлайн-казинолардың жолын кесу керек.
Лото-клубты өртеу және ақпараттық соғыспен мәселе шешілмейді.

Айдос Құсайынұлы

17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр