
Бұдан былай Қазақ елінің азаматтары үшін Черногорияға қатынау бұрынғыдай қиындық тудырмайды. Қиындық дейтініміз, бұл елге біздің азаматтар тура баратын рейс жоқ болғандықтан, Украина, Түркия, Ресей арқылы барып жүрді.
Жуырда Air Astana әуе компаниясы Қазақстаннан Черногорияға тіке рейсін қосты. Бұдан былай Нұр-Сұлтан қаласынан Подгорицаға сәрсенбі, сенбі күндері қатынаса, Алматыдан бейсенбі, жексенбі күндері ұшады.
Осы аптада Алматыдан Подгорицаға ұшып келген Airbus A321LR лайнері Подгорицаға сәтті қонды. Екі елдің арасында төте рейстің салтанатты ашылуына орай баспасөз мәслихаты Подгорица әуежайында өтті.
Қазақстанның Хорватия мен Черногориядағы төтенше және өкілетті елшісі Төлежан Барлыбаев, Черногорияның экономикалық даму министрлігі, туризм департаментінің директоры Александра Гардашевич-Славульица және Air Astana компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-презденті Ричард Леджер, Подгорица халықаралық әуежайының бас директоры Огнен Йовович қатысып, екі елдің журналистері қойған сауалға жауап берді.

«Черногория Балқан орта аралындағы Қазақстан үшін визасыз қатынайтын мемлекет. Тура рейстің ашылуы екі елдің туризмінің дамуына ғана емес, мәдениеті мен өркениетінің өрлеуіне септігін тигізеді» деді елші Төлежан Барлыбаев.
Air Astana әуе компаниясының вице-президенті Ричард Леджер Черногорияға тіке қатынайтын рейс ашу екі мемлекет үшінде тиімді екенін атап өтті. «Черногория мемлекетіне Қазақстаннан қатынайтын жолаушыларға жоғары сападағы қызмет көрсетуге әзірміз» деді Ричард Леджер.
Қуаныш Нұрданбекұлы,
Подгорица, Черногория