Баласы мен келіні Сирия асқан ананың зары (видео)

13 наурыз 2017, 11:13

Өткен аптада Президент Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрді қабылдаған. Министр Н.Ермекбаевтың есебінше, елде қазір 18 конфессия, 3 600 діни бірлестік бар. Мемлекет Басшысы діни экстремизм бойынша заңнаманы қайта қарауды айтқан. Ал Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір ауылында тұратын Ақжібек жылап отыр. Баласы отбасын алып, Сирия асқан. Тіпті нақты Сирия ма, Ирак па, білмейді де. Үшінші немересін өппек түгілі, көрмеген. Оның туған жері – сол елдердің бірі, деп жазады Астана телеарнасы.

Дүниеде балаңның қайда жүргенін білмеуден, не істеп жүргеніне байланысты күдіктен артық азап жоқ шығар. Ақтөбе облысындағы меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал аңыраған ананы, ауыл ақсақалын, әкімін тыңдап қайтты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бершүгір ауылында 370 шамасында түтін бар. Халықтың тұрмысы жақсы. Дегенмен соңғы уақытта жат ағым жетегінде кеткен жастардың көбеюі тұрғындары алаңдатып отыр. Біз жағдайдың анық-қанығын білмекке әдейі келдік.

Бұл – темір жол бойында орналасқан ауыл. Халықтың тұрмысы көп елді-мекендермен салыстырғанда көш ілгері. Еңбекке жарамды азаматтардың түгелге жуығы екі қолға бір күрек тапқан. Дегенмен жастардың көбі ауылда қалғысы жоқ. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе жат ағым жетегіне ергендердің дені облыс орталығына, болмаса іргедегі Мұғалжар ауданына барып тұрақтап жатыр екен. Біз алдымен баласы Сирия асқан отбасының үйіне бас сұқтық. Мұратовтардың тыныш тірліктері бұзылғалы екі жылға жуықтаған. 2015-інші жылдың сәуірінде үйдің үлкені Дулат келіншегі, екі баласымен бірге Түркияға демалуға кетіп, сол жақтан Сирияға тартып отырған. Содан бері анасының көз жасы құрғаған емес. Айтуынша, ұлдары тәртіпті, салмақты болған. Үйленгеннен кейін Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына қоныс аударып, сол жақта жұмыс істеген. Қазір ата-анасы «оның дін жолында жүргеніне қуанбасақ, ренжіген емеспіз, арты мұндай боларын қайдан білейік» деп, зар илейді.

Қайрат Мұратов, Дулаттың әкесі:

Олар айтыпты, самолетке мінбей қалды, өз еркімізбен қаламыз деп. Артынан ватсаппен шықты. Онда да келін. Солай-солай, папа, мама, біз өзіміз қалып жатырмыз. Өтіп кеттік дейді ар жаққа. Сирияға. Қайтпаймыз дейді. Бастапқыда хабарласып тұрды. Онда да келін. Қайт деп жатырмыз. Олар айтты, обратно ход жоқ…

Мұратовтардың баласы мен келіні Сирияда жүріп, үшінші нәрестені өмірге әкелген. Анасы олармен соңғы рет екі ай бұрын шамасында сөйлескендерін айтады. Онда да тікелей емес, әлеуметтік желі арқылы. Олардың дәл қай жерде екенін бұлар білмейді. Ел қауіпсіздігіне жауапты органдар да нақты ештеңе айтпай отыр екен.

Ақжібек Құдайбергенова, Дулаттың анасы:

Өздері бір хабарласқанда «Ирактамыз, мен өз отбасымыды оттың ортасына тастамаймын, мен оларды қорғаймын, жамандық ойламаймын» деді. Біз Ирактамыз деп, видеосын жіберді, балдар талға мініп, апельсин теріп жүр екен. Менімше, семьясы бір жерде, өзі былай-былай барып қайтады-ау деймін.

Бір айта кететіні, ауылда әлі күнге дейін мешіт жоқ. Сондықтан жастар діни таным-түсініктерін кеңейту үшін өз еріктерімен ізденуге мәжбүр. Ал, ауыл әкімі «жат ағымдарда жүргендер соншалықты көп емес, қазір 4 отбасы ғана арнайы тіркеуде тұр» деп сендіруге тырысты.

Мереке Бисенбин, Бершүгір ауылдық округінің әкімі:

Діни картамыз тұр. Өзіміздегі есеп бойынша төрт отбасы. Олардың айтуынша,ұстап жүрген діндері дәстүрлі дін. Бізге де солай болып көрінеді. БІрақ, олар туралы құзырлы органдарда басқа ақпарат бар сияқты.

Тұрғындардың айтуынша, ауылда жақында ғана теріс ағымда жүрген бір жігіт қайтыс болған. Оның намазын бермей, бірден жерлеп тастаған. Жетісін де бермеген. Тіпті, ауыл үлкендерінің өзі «Біздер не болғанын білмей де қалдық» дейді.

Ыбырай Темірбаев, ауылдық қарттар кеңесінің төрағасы:

Олардың заңы бойынша, адам таңертең қайтса, кешке дейін қойып болу керек екен. Түнде қайтса, ертеңгісін қою керек дейді. Сапар да сол түнде қайтты, қойып болыпты солай. Садақа жасаған жоқ дейді, жеті нан пісірген жоқ.

Мереке Бисенбин, Бершүгір ауылдық округінің әкімі:

Оның басын қарайтатындай уақыт болған жоқ. Бірақ, әкесімен сөйлескенімде, жетісін, қырқын бермейтін болдық деді. Ол ауырған кезде қасында болып, бағып-қаққан келіншегі сондай талап қойып отыр, біз сол талаптан шыға алмадық дейді. БІрақ, ата-анасы бөлек жерден астарын беріп, ауылдың үлкендерін шақырып, соларға берді.Өзінің үйінен емес, бөлек үйден.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауыл іргесінде қиыршық тас өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Соның бірі қазір біз тұрған «Бершүгір шағылтас зауыты». Мұнда 60 адам еңбек етеді.Соның сегізі дін ұстанушылар ретінде тіркеуде тұр. Әкімнің айтуынша, оның барлығы сырттан келіп жұмыс істейтіндер. Бұл зауытта шынымен әр өңірден жиналған жандар еңбек етеді екен. Сондықтан олардың әрқайсысының діни ұстанымын нақты анықтау оңай емес,- дейді әкім. Тіркеуде тұрған 8 адамның барлығы дерлік күзетші болып қызмет етеді. Біз солардың бірімен тілдесуге тырыстық. Айтуынша, бұл жұмысқа мемлекеттік ұйымдардың көмегімен орналасқан.

Бақтияр Қараев, «Бершүгір шағылтас зауытының» аға күзетшісі: Жұмыскерлер жақсы бір-бірімен. Тату-тәтті, ауызбіршілікте жұмыс істеп жатыр. Ауыл адамдарымен, басшылармен, әкіммен жақсы қарым-қатынасымыз. Жақсы бәрі. Біз өзіміз қаладан, Ақтөбеден келдік, күзетші болып жұмыс жасаймын. Елбасшымыздың айтуы бойынша, адамдарға, жастарға жұмыс табу бойынша, бізді жұмысқа алды. Намаз оқуға, басқа да құлшылық амалдарға кедергі жоқ. Құдайға шүкір, бәрі жақсы жүріп жатыр.

Біз облыстық мешіт пен дін саласының мамандарымен де тілдестік. Олардың айтуынша, дінге бет бұрған жастармен жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бершүгір ауылына бұған дейін теолог мамандар бірнеше мәрте келіп, ақпараттық үгіт- насихат жұмыстарын жүргізген. Сирияда жүрген қандастарымыздың туыстарымен де жиі байланысып отыр. Айтуларынша, адасып, шет ел асқандардың ағайындарының ешқайсысы олардың ісін құптамайды.

Жандәулет Сүлейменов, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы, ақпараттық талдау орталығының басшысы:

Сирия жеріне кету біздің елімізде 3-4 жылдан бері дүрбелең болды ғой. Кейбір жылдары 150-ден астам қыз-жігіттеріміз кетті деді. Біздің Ақтөбеден де кеткен оқиғалар болды. Бершүгірде де, оның ар жағындағы, бер жағындағы ауылдарда да барлығын аралап, түсіндіру жұмыстарын жасап отырамыз. Нәтиже жоқ деп айта алмаймын. Егер бұл жұмыстарда нәтиже болмаса, жағдай бұдан да өршеленіп кетер ме де бәлкім?! Адамдар саны көбейіп кетер ме еді? Қиын сала ғой, адамның сана-сезімімен жұмыс істеу…

Анығы – адасып, шет елдерде жүрген жастарымыз туралы толыққанды мәлімет облыс имамдарында да, дін істері басқармасында да жоқ. Ол мәселемен тек ел қауіпсіздігіне жауапты органдар ғана жете таныс болса керек. Ал, Ақжібек Құдайбергенова Сирияда жүрген баласы, келіні мен үш немересі елге аман-есен қайтады деген үмітін үзген емес.

Ақжібек Құдайбергенова, Дулаттың анасы:

Әркім өз отанында өмір сүрген дұрыс, әрине. Балаларым, аман болсаңдар елге қайтыңдар! Біз сендерді сағындық…

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады