Балақай, шет тілін оқымайсың!

10 маусым 2022, 11:23

Бұдан былай 1-сыныпқа қабылданған оқушылар шет тілін оқымайды. Нақтырақ айтсақ, қазақ мектебіне қабылданған балақай 1-сыныпта орыс тілін оқымайды. Орыс мектептері, керісінше, қазақ тілін 2-сыныптан бастап меңгереді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үш тілді 1-сыныптан бастап оқытудың пайдасынан гөрі, ауырлығы артып кеткенін алға тартып отыр.

Осы орайда ол: «Біз зерттеу жасап, балалардың мүмкіндігіне қарай шет тілдерін оқыту жүйесін енгіземіз. Мысалы, қазақ мектебіне барған бала 1-сыныпта тек қазақ тілін оқиды, 2-сыныптан орыс тілі пәні қосылады, 3-сыныптан ары қарай ағылшын тілі қосылады» деді.

Бұған дейін оқушылар 1-сыныптан бастап үш тілді қатар оқып, әбден сансыраған болатын. Министр мойындағандай, алты-жеті жастағы балаға үш тілді қатар алып жүру қиын тиетіні анық. «Баланы медресеге біл деп берген» (Абай) ата-аналар үшін де бұл жақсылық рәуіштегі хабар болып отыр. Қазақ тілінде «Р» деп оқыған әріпті сол күні ағылшын тілі пәні өткенде «Р» әрпін «пи» деп оқуы расында да шатастырады.

Үш тілде оқыту мәселесін талқылау мен тарқату, таразылау мәселесі қоғамда маңыздылығын жойған жоқ. Дүркін-дүркін басқосуларда да осы шаруаның шикі тұсы көп екенін айтылып келеді. Мәселен, жуырда жарты күнге ұласқан онлайн марафон барысында да осы үштілділікті бастауыштың есігін енді аттаған баланың басына байлап жіберудің зияндығы туралы Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек те айтып еді. Қазақ, орыс, ағылшын, испан, латын, жапон тілдерінде сөйлейтін, Батыс көрген мәжілісмен бүй дейді: «Әдістемелік жағынан кішкентай балалар тілді тез үйреніп кетеді. Ал нейрондық байланыстардың қалыптасуы жағынан олар шатасуы мүмкін. Сондықтан оқушылар 1-5 сынып, тіпті болмағанда 1-3 сынып аралығында тек бір ғана тілде оқығаны дұрыс». Бір емес, бес-алты тілде еркін сөйлей алатын полиглот депутаттың айтқаны айдай анық нәрсе.

Апта бұрын Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы да балаға 1-сыныптан шет тілін оқытудың орасан қателік екенін ескерткен болатын.

Отандық білім саласы орасан реформаны бастан өткеріп келеді. Министр ауысқан сайын реформа жасалады, заңға да сан түрлі өзгерістер енгізіледі. 2016 жылдан бері қарай 29 рет білім және ғылым туралы заңға өзгерту енгізіліп, толықтыру жасалған. Мемлекеттік білім беру стандарты 17 жылдың ішінде 7 рет өзгерген. Саланы басқаруға келгендер шаруаны өздерінше «өргісі» келгендіктен, түрлі өзгерісті енгізу арқылы осындай статистика бой көрсетіп отыр. Өзгерте беру өркендеуге бастамайтынын Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауал ретінде жолдады. Ел қазынасынан білім саласына бөлінетін қаржыда қазымырлық қылаң берген емес, мемлекеттің қамқорлығы да алабөтен ерекше. Бірақ білім деңгейін жақсартуға әлі де орасан жұмыс атқарулы тиіс. Осы мәселеге қатысты М.Бақтиярұлы. «Жастардың ағылшын тілін білуі – уақыт талабы. Бірақ ойлау, сананы дамыту жүйесі әлі толық қалыптаспаған қазақ бүлдіршіндеріне бірден үш тілді оқытудың қажеті қанша?! Шет тілін білу сауаттылықтың негізгі көрсеткіші емес, әлемдік ғылымды игеруге қажетті құрал», – деді.

Дамыған отыз елдің ортасынан дәмеміз бар. Бірақ сол отыз елдің көпшілігі балаларына шет тілін 1-сыныптан бастап үйретпейді, буыны бекіп, қабырғасы қатайған шағынан шет тіліне суарады.
Осы жылдың 1 сәуірінен бастап 1 тамызға дейін 1-сыныпқа баласын беру үшін ата-аналардан өтініш қабылданып жатыр. Осы күнге дейін 250 мың бала тізімделген. Оның 70 пайыздан астам қазақ мектебіне баруға қамданып отыр. Қуанарлығы, биыл да мемлекеттік тілде білім алғысы келетін балақайлардың шоғыры қалыңдай түскен. Әсіресе, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Атырау облыстарында өтініш берген балалардың 80 пайыздан астамы қазақ мектептерінде білім алғысы келеді.

Алматы қаласындағы № 33 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог зерттеуші Гүлжан Жансеркееваның ұстаздық жолда 33 жылдық тәжірибесі бар. «Бала 1-сыныпта тек бір тілде оқығаны дұрыс. 42 әріпті бір тілде оқып-үйреніп меңгерген соң ғана, шет тілін сатылай енгізу өте тиімді болмақ. Қазақ мектептерінде орыс тілін 2-сыныптан, ағылшын тілін 3-сыныптан қосу тиімділігін көрсетеді, баланың қабылдауына да салмақ болмайды», – дейді білікті ұстаз.
Болжам бойынша, жаңа оқу жылында мектеп босағасын 400 мыңнан астам балақай аттауы мүмкін. Министр Аймағамбетовке биылдан бастап 1-сыныпқа баратын балалардың басын шет тілімен «ашытпайтыны» үшін Тәңір жарылқасын айтамыз.

Қуан Көшек

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды