
Шымкентте «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелік бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аталған конкурс 20 маусым мен 19 шілде аралығында www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүргізіледі.
Бағдарламаға қатысушылар – санаттары мен кезекке қойылған жылына қарамастан қатысуға өтінім бере алады. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады.
Тұрғын үйге кезекке тіркелген күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы фактор болады. Азамат үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) санатындағы азаматтар қатыса алады.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласына 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.
Шымкентте биыл 500 азаматқа тұрғын үй сертификаты беріледі. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Аталған әлеуметтік көмек бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталған жоқ. Алдын ала ақпараттандыру үшін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022жылға-37 389теңге) соңғы 6 (алты) ай ішінде орташа табысы (115 905 теңге) болған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары бұл аталғандарға қосылмайды.
Тоқтар Жақаш