Елімізде қатерлі ісікке жылына 30 мыңнан астам адам шалдығады екен. Оның ішінде 550-600-ге жуығы 18 жасқа дейінгі балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына жүгінсек, қазіргі кезде балалардың осы дерт салдарынан көз жұмуы кездейсоқ оқиғалардан кейінгі екінші орында тұр. Бүгінде елімізде қатерлі дертпен күрес қалай жүргізілуде? Денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бағдарламалар қаншалықты жүзеге асты? Аурудың алдын алу шаралары қандай деңгейде? Осындай түйінді сауалдарға Алматыдағы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» балалар онкологиясы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғарғы санаттағы дәрігер Бахрам Мәлікайдарұлымен бірге жауап іздедік.

Jas qazaq: Бахрам Мәлікайдарұлы, балалар арасында кездесетін қатерлі ісік ауруының деңгейі қандай?
Бахрам Жұмаділлаев: Статистикалық анықтамаларға сүйенсек, жыл сайын балалар арасындағы қатерлі ісік елімізде жүз мың балаға шаққанда 10-12 балада кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруға шалдыққан ұл-қыздардың мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Балалар онкологиясы орталықтарында науқас балалар тегін ем алады. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балаларда кездесетін қатерлі ісіктің барлық түріне емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру мүмкіндігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамадан өтіп тұрады. Дертті ерте анықтау әлдеқайда жақсарды.

Jas qazaq: 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін қандай шаралар атқарылды?
Бахрам Жұмаділлаев: Денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бағдарлама аясында әрбір медицина орталығында жұмысты жақсарту, науқастардың жазылуына барынша күш салуға баса назар аударылды. Бағытымыз балалар онкологиясы болғандықтан, олардың толық жазылып кетуі үшін мамандар тарапынан барлық жағдай жасалуда. Сондай-ақ диагностиканы жақсарту үшін «Еуропалық емдеу протоколын» енгіздік. Ең маңыздысы – қатерлі ісіктерді алғашқы сатыларында анықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ол үшін дәрігерлер әр аймаққа шығып, облыстық балалар ауруханасының мамандарымен кездесіп, балалар бойындағы онкологиялық дертті қалай ерте анықтау және қадағалау керектігін үйретеді. Дерттің түрлерін, оларды клиникалық көріністерін анықтауды, әрі қарай науқастың бағытын айқындау үшін онкологиялық клиникаға ертерек келу жолын түсіндіреді. Ата-аналарға да балаларының денсаулығына аса мән беру қажеттігі ескертіледі.

Jas qazaq: Қатерлі ісікке шалдыққан балардың дертін дер кезінде анықтау, жедел көмек көрсету қызметі қаншалықты жолға қойылған?
Бахрам Жұмаділлаев: Ең алдымен балаларда онкологияны ерте анықтау бойынша әр аймақпен байланыс орнатылған. Еліміздің батыс өңірі және орталық өңірі Нұр-Сұлтан қаласына қараса, өзге аймақтар Алматы қаласына келіп емделеді. Науқастың толық жазылып кетуі, дертінің алғашқы сатыда анықталуымен тікелей байланысты. Қатерлі дерттегі негізгі мәселе – ісікті ерте анықтау. Бала бойында болатын қандай да бір өзгерісті ең алдымен байқайтын ата-анасы. Сондықтан әрбір ата-ана бала денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Өкінішке қарай, ауру балалардың көпшілігі мамандандырылған ауруханаларға ісіктің 3-4 сатыларында келеді. Аурудың 1-сатысында онкологиялық ауруханаға дер кезінде түсетін балалар саны 30 пайыз шамасында. Ал негізгі агрессивтік емес ем тәсілдері осы аурудың 1 және 2-сатысында уақытылы қолданылса, баланың толық жазылып кетуі және ағзаны сақтап қалу мүмкіндігі 90-100 пайызға жетеді. Ал 3-4 сатыда ауруды емдеудің нәтижесі де едәуір төмен және қолданылатын қаражаттың мөлшері де 6-10 немесе одан да артық болады. Балалардағы қатерлі ісіктер ісікке қарсы дәрімен емдеу (химиотерапия), ісікті оталау және сәулемен емдеу тәсілдерімен жасалынады. Біздің елде балалардағы қатерлі ісіктерді анықтау және емдеу Еуропалық ем тәсілдеріне сәйкес жүзеге асады.
Jas qazaq: Сіздің орталықта маман тәжірибесін арттыру, цифрландыру. Дәрі-дәрмекпен қамту жағы қаншалықты шешілген?
Бахрам Жұмаділлаев: Қазіргі таңда заманауи аппараттардың көмегімен, гистологиялық, иммуногистохимиялық тәсілдермен науқастың диагнозы 100 пайыз толық анықталады деп айта аламын. Орталық қажетті құралдар және дәрі-дәрмекпен толық жабдықталған. Бүкіл зертханалық тексеру жүргізу, диагнозды толық анықтау құралдары бар. Сәйкесінше аурудың сатысына қарай ем қолданылады.
Jas qazaq: Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асқанын білеміз. Маман ретінде медициналық сақтандыру туралы не айтасыз?
Бахрам Жұмаділлаев: Міндетті әлеуметтік сақтандыру денсаулық сақтау саласында халықтың әлеуметтік мүдделерін қорғаудың формасы деп санаймын. Біздің елде, әлемнің үздің тәжрибесін есепке ала отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделі енгізілген. Бұл денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақтылығын және медициналық қызметтер сапасының жоғары деңгейін және қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Әлеуметтік маңызды ауруларға және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мемлекет оған кепілдік береді.
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева