jasqazaq.kz

Бағытымыз — кедергісіз келешек

20 қыркүйек 2018, 11:38

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Әлбетте олардың тағдыры әртүрлі, біреулері туа бітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегін бастан кешіріп отыр. Дегенмен, осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету — қоғамның зор парызы. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады.    

Сонымен қатар Астанадағы мұғалімдердің республикалық тамыз конференциясы барысында Білім және ғылым министрлігінің  вице-министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында еліміздің барлық өңірлерінде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілетінін атап өткен болатын. Бағдарлама аясында мамандандырылған ресурстық орталықтар ашылып, стандартты оқу бағдарламалары әзірленіп, арнайы балалармен жұмыс істейтін дефектологтарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылды.Ал бір ғана Алматы облысы, Іле ауданы  бойынша 3000 — нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар екен. Олар тек мемлекеттің жәрдемақысымен ғана күн көруде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғаммен байланыстырып, кәсіптік мамандыққа баулитын оқу орны Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентінде орналасқан. 2010 жылы «Прогресс» политехникалық колледжі мен «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясы бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіптік білім алып, маман атануына жол ашатын жобаны бастады. Назарларыңызға  Jasqazaq.kz тілшісіне аталмыш жобаның жүзеге асырылу барысы туралы «Прогресс» политехникалық колледжінің директоры Жанна Телпекбаеваның сұхбатын ұсынамыз.

Jasqazaq: Жанна Тілеубекқызы, аталмыш жоба қалай басталды? Әңгімемізді әріден бастасақ?

Ж. Телпекбаева:  Бұл әлеуметтік жоба жергілікті өндірістік компанияның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. 2010 жылы біз бұл жұмысты алғаш рет қолға алдық.  Әрине мұндай мүмкіндігі шектеулі баларды оқыту үшін арнайы бағдарлама жасалмаған. Алғашында оларды қалай оқытамыз деген қорқыныш болғаны рас. Осыдан 8 жыл бұрын алғаш бұл жобаны қолға алғанда біраз  қобалжыдық. Мұндай категориядағы адамдармен қалай қарым-қатынас жасаймыз деген сұрақтар тұрды. Алайда кәсіби оқытушылар оларды оқытуда психологиялық тұрғыдан дайын болды. Ең бастысы олармен шынайы болуымыз керек дегенді назарда ұстадық. Уақыт өте келе бұл қиындықты жеңе білдік. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар өте сезімтал, әрі адал. Егер оларға шынайы болсаң, шынайылығыңды сезіне біледі. Олардың көбісінде қолөнерге бейім  талант бар.

Jasqazaq: Мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіптің қай түрі үйретілді?

Ж. Телпекбаева:  Біз оларды оқыта бастағанда әрқайсысының ерекшелігіне қарай мүмкіндіктер ұсындық. Мысалы жанарынан айрылғандардың есту қабілеті жақсы дамыған. Олар қолдарымен бұйым жасауға бейім. Ал кейбіреулері қолөнер бұйымдарымен қатар   тігін тігу, шаштараз, аспаздық, саңырауқұлақ өсіру сынды жұмыстарға  тартылды. Біз Алматыдағы Микробиология институтымен бірлесіп, саңырауқұлақ өсіру технологиясын үйрендік.  Біз тәлімгерлеріміздің мүмкіндігіне қарай өз кәсібін әрі қарай дамытуға да мүмкіндік бердік. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, арнайы бизнес-жоба арқылы біздің студенттер өз кәсібін ашты. Бір тәлімгеріміз тігін цехын ашса, бірі — аяқ киім жөндеу, ал бірі-саңырауқұлақ өсіру кәсібін ашты. Сонымен қатар  IT-технологияларды, бағдарламалауды, дизайнды оңай меңгеретіндері де бар. Колледжде  ең алдымен мүгедек жандардың кәсібін игеруге шеберханалар арнайы заманауи жабдықтармен жасақталған. Студенттердің өнері халық шығармашылығы мен қолөнер жәрмеңкесінде жақсы сұранысқа ие. Есімде жаңа жыл қарсаңында арнайы жәрмеңке ұйымдастырып, қол өнер бұйымдарын сатқан кездеріміз де болды. Сондай-ақ шағын бизнесті дамытуға арналған  арнайы бағдарлама арқылы  өз кәсібін ашып әрі қарай игеріп әкететіндері де бар. Түлектердің көпшілігі аяқ киім жөндеу цехтарында,  киім-кешекті өңдейтін ательелерде, нан пісіретін наубайханаларда жұмыс істейді.  Осы жобаның арқасында ерекше қажеттілігі бар жүздеген адамдар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі деп сезіне білуде. Араларында отбасын құрып, қоғамның бір бөлігіне айналып кәсіби маман атанғандары да бар.

Jasqazaq:Сіз жоғарыда атап өткендей Білім министрлігі тарапынан жаңа бағдарлама мүмкіндігі шектеулі балалардың орта мектептерде өзге балалармен бірге білім алуға мүмкіндік бере ме?

Ж. Телпекбаева:  Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы орайда Білім министрлігі бұл жүйені алдағы уақытта енгізуді жоспарлап отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы мектептерде ғана білім алатын. Оқу аяқтағанымени оларға арнайы аттестат берілмейтін. Егер осы жүйе қолданысқа енсе әрбір мүмкіндігі шектеулі бала қолына аттестат алып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналады. Ең бастысы оларды қоғамнан алшақтатпай, олардың да ел қатарлы өмір сүруіне жол ашу болып табылады.

Jasqazaq: Жылына қанша мүмкіндігі шектеулі жанды қабылдайсыздар? Олар колледж туралы ақпаратты қайдан алады. Оларды жұмыспен қамту жағы қалай жүзеге асуда?

Ж. Телпекбаева: Жыл сайын біз 30 мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдаймыз. Іле ауданды  әлеуметтік қорғау ұйымдарынан мүмкіндігі шектеулі жандардың  тізімімін  аламыз. Осы арқылы әрбірінің үйіне барып колледждің мүмкіндіктері туралы түсіндіреміз. Ал біздегі тәлімгерлерді жұмыспен қамту жағына тоқталсақ, кентіміздегі бірнеше фабрика, наубайханалармен келісімге отырғанбыз. Кейбір фабрикаларда жұмыс жасау қарқыны мен көлемі үлкен болғандықтан, жылдамдық жағынан келгенде біздің тәлімгерлер ілесе алмай жатады. Олар істің техникалық жағын жақсы меңгергенімен, жұмыс көлемін өткізуде қиналып қалады. Ал асығыс жұмыс орындау олардың психологиясына кері әсерін тигізетін болады. Осыдан кейін біз тігіншілікпен айналысатын балаларды, асықпай отырып жұмысын жасайтын ательелерге орналыстыруды шештік. Біз Алматыдағы дүкеннің бірінен иіс сабындарын жасауға арналған барлық құрал-жабдықтары мен заттарын алып, мерекелік шараларда сабын жасап көрдік. Бұл біздің тәлімгерлерге қатты ұнады. Олар бұл істі бар ынтасымен жасады. Сонымен қатар биылдан бастап оларды компютерлік бағдарламаларға оқыта бастадық. Шыны керек олар  жаңа технологияны игеруге  өте зерек. Бізде білім алатын мүмкіндігі шектеулі жандардың жасына шектеу жоқ. 17 жастан жоғары қарай кәсіп игергісі келетіндердің барлығы қабылданады.

Jasqazaq: Жоба аясында қанша мүмкіндігі шектеулі жандар тәлім алды?

Ж. Телпекбаева: 2010 жылдан  бері 240 –тан астам мүмкіндігі шектеулі жандар «Прогресс» коледжінде тәлім алды. Жыл сайын 30-ға жуық адам қабылданады. Екі курсық оқу жүйесінен өткен тәлімгерге арнайы кәсіпті игергені туралы куәлік беріледі. Сонымен қатар колледж стандартқа сай мемлекеттік білім бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды.  Колледжде 28 оқытушы бар. олардың 50 пайызы жоғарғы категорияға ие. Оқу қазақ және орыс тілінде беріледі.  Біздің «Прогресс» техникалық колледжінде бухгалтер, техник-механик, программист мамандығы бойынша студенттер білім алады. Сонымен қатар  аспаз, шаштараз мамандығы және көлік жөндеу, оператор ЭВМ сынды мамандықтар да кәсіби түрде оқытылады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беру бұл «Филипп Моррис» компанияс қаржыландырылатын әлеуметтік жобаның бірі.  Соңғы 8 жылда бұл жоба көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беріп, кәсіби маман атануларына септігін тигізді. Жоба аясында қаншама адам өз кәсібін ашып, елімізге елеулі қызмет етуде.

       Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
Бүгін, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
Бүгін, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді