jasqazaq.kz

Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі

Бүгін, 14:25

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету және кәріз жүйелерінің жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда қаладағы су жүйесінің жалпы ұзындығы 4 990 шақырымға, ал кәріз желілері 494,2 шақырымға жеткен. Осы инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 2027–2029 жылдарға арналған төрт жоба жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 10,6 млрд теңге көлемінде бағаланып, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жұмыстардың ерекшелігі инженерлік желілерді жаңартумен қатар, су және кәріз нысандарын автоматтандыру мен цифрландыруға басымдық берілуінде жатыр. Осы және басқа да жоспарлар туралы Шымкент қаласының Су құбыры және канализация басқармасы басшысы Бағдат Байболов Jas Qazaq тілшісіне мәлімдеп берді.

– Қазіргі таңда қаладағы су және кәріз жүйесінің жағдайы қандай? Тұрғындар үшін қандай мәселелер шешілді?

– Біздің мекеменің негізгі міндеті – мемлекет тарапынан салынған су және кәріз жүйелерін өз балансына қабылдап, олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және күтіп ұстау. Қала аумағының ұлғаюына байланысты қазіргі таңда баланстағы су жүйелерінің ұзындығы 4 990 шақырымды, ал кәріз жүйелерінің ұзындығы 494,2 шақырымды құрайды.

Шымкентті негізгі сумен жабдықтаушы мекеме – «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС. Ал біздің мекеме суды тасымалдау функциясын атқарады.

Қазіргі таңда қала аумағында су тапшылығы орын алып отырған аудандар жоқ. Мекемеге қарасты су жүйелерінің тозу деңгейі 4,7 пайызды, кәріз құбырларының тозу деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді төмендету үшін су және кәріз жүйелерін қайта құру, сондай-ақ негізгі құралдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

– Алдағы жылдары қандай жобалар жүзеге асырылады?

– Қазақстандағы энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында төрт жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Біріншісі – Ынтымақ (Новотурановка) ықшам ауданындағы диаметрі 300, 200 және 150 мм кәріз желілерін реконструкциялау. Екіншісі – сумен жабдықтау жүйесіне цифрлық шешімдер енгізіп, оны жаңғырту және аспаптандыру, яғни АСКУВ жүйесін енгізу.

Үшінші бағыт – сумен жабдықтау және су бұрудың өндірістік процестерін жаңғырту және автоматтандыру – АСУТП жүйесін енгізу. Төртінші жоба – Ақжайық ықшам ауданында Қ. Төлеметов және Сырым батыр көшелері бойындағы диаметрі 400 мм су құбыры желісін реконструкциялау.

Осы төрт жобаны іске асыруға 10,6 млрд теңге көлемінде қаражат сұралды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды 2027–2029 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.

–Аталған жобалар іске асқаннан кейін тұрғындар үшін қандай өзгеріс болады?

– Ең басты нәтиже – су және кәріз инфрақұрылымының тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі. Жобалар аясында барлық су жинау орындары, сондай-ақ су және кәріз сорғы станцияларын автоматтандыру көзделіп отыр.

Бұл жүйедегі ақауларды дер кезінде анықтап, оларды қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғындарды үздіксіз сумен қамтамасыз ету сапасы артады.

Сонымен қатар қала аумағына қызмет көрсететін екі мекемеде бес жылға арналған инвестициялық жобалар бекітілді немесе қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінде қаралуда. Осы жобаларға сәйкес су және кәріз желілерін қайта құру, негізгі құралдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл жұмыстардың барлығы бірінші кезекте қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала аумағында бюджет қаражаты есебінен салынатын жаңа су және кәріз нысандары бойынша ақпаратты Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан алуға болады.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 14:25
Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі
02 қазан, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
30 қыркүйек, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде
28 қыркүйек, 14:29
Шымкент: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
22 қыркүйек, 16:36
Зауыт құрылысында - отандық жабдық! (Видео)
17 қыркүйек, 21:00
Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық