
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуміз керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты.
«Атаулы әлеуметтік көмек уақытша тұрмысы нашар отбасыларға мұқтаждықтан шығу үшін төленеді. Ең негізгі мәселе — біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке орай, табыстарын жасырып, АӘК алған отбасылар көбейіп кетті», — деді Бердібек Сапарбаев. Вице-премьердің айтуынша, Алматы, Семей, Өскемен, Қарағанды, Жезқазған қалаларына сапармен барып, халықпен кездескенде негізінен тұрғындар тарапынан АӘК-ті ең алдымен, аз қамтылған отбасыларға және балаларға төлеу мәселесі көтерілген. «Соның бәрін ескере келе және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, АӘК төлеу тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасын ұсынып отырмыз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы әр уақытта мемлекеттің қамқорлығында болады. Ұсынылып отырған АӘК-ті төлеу тетіктерін жергілікті билікпен ары қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істейміз», — деді ол.