
Алматы әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы отбасыларға баспананың алғашқы салымын субсидиялау туралы ұсыныс айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс отырысында қалалық филиал төрағасы Бауыржан Байбек көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларды қорғауға бағытталған кешенді жоба ойластыруды тапсырған болатын. «Аудан әкімдіктері мұқтаж отбасылармен кездесіп жатыр. Есепті кездесулерден маған мәліметтер, ұсыныстар түсіп жатыр. Айтылған мәселелерді талдау кезінде халық ішінде баспана мәселесінің өте өзекті екендігі белгілі болды. Тұрғындардың көпшілігінде жеңілдігі бар бағдарламаларға қатысу үшін бастапқы жарна сомасы жоқ болып шықты. Осыған байланысты 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға алғашқы салымды субсидиялау мүмкіндігін қарастырамыз», — деді әкім.