
Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мәселесін көтеріп, ел қазынасындағы ақшаны жымқыратындарға қатысты қатаң жаза қолданылуы керектігін айтты.
«Қаржыны ірі көлемде жымқырғанына қарамастан, біздің елде ғана ұзақ жылдарға сотталған азаматтар артық у-шусыз бірінші мүмкіндікпен бостандыққа шығады. Олар көбісі жымқырған ақшаның арқасында шетелде шалқып өмір сүріп жатқанына күмән жоқ. Осыған орай «Ақ жол» фракциясы жемқорларды рақымшылық арқылы тоқтату қажет деген пікірде. Рақымшылықты оларды тонап жатқандарға емес, халық пен кәсіпкерлерге жасау керек», — деді мәжіліс депутаты.
Әрі қарай ол жемқорлар қылмыс жасаса, қаржыны толықтай қайтармайынша шекарадан өткізбеуді сұрады.
«Рақымшылықты халық пен кәсіпкерлерге жасау керек, оларды тонап жатқандарға емес. Осыған орай, жемқорларды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салуды ұсынамыз. Қандай жағдай болмасын сотталған жемқорларды ұрланған қаржыны толық қайтармайынша елден шығаруға тыйым салуды ұсынамыз. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде Үкімет мүшелері, Ұлттық компания басшыларының шетелдегі шоттары үшін «банк құпиясы» принципін алып тастауды тағы бір мәрте ұсынамыз», — деді Азат Перуашев.