jasqazaq.kz

Аяусыз соққыға жығылған фельдшер ауруханаға түсті

17 наурыз 2021, 12:07

Алматы облысында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі оңбай таяқ жеді. Дәрігерлер кезекті шақыртумен мекенжайға жеткенше, науқас қайтыс болған екен. Марқұмның ұлы жедел жәрдемге кешігіп жеттіңдер деп кінә артыпты. Айқайдың арты төбелеске ұласып, тіпті ашулы жігіт пышақ ала жүгірген. Ал соққыға жығылған жүргізуші қазір ауруханада жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Жүргізуші аяусыз соққыға жығылған жанжал кеше кешкі уақытта болған. Шақырумен құстай ұшқан жедел жәрдем қызметкерлері діттеген жерге уақытынан бұрын жеттік дейді. Өкінішке қарай, 58 жастағы науқастан тіршілік белгісін байқамаған дәрігерлер туысқандарына қаралы хабар естіртеді. Сол сәтте «кешігіп келдіңдер» деп балағаттаған марқұмның ұлы қолына пышақ алып, бәрін қуалай жөнелген.

Сандыбек Елекенов, фельдшер:

— Біздің шақыртуға келу уақытымыз 15-17 минут аралығында болу керек. Біз, шамамен ол жерде 13 минутта болдық. Ұлы неге кешігіп келесіңдер деп, жүргізушіме қарай пышақ ала жүгірді. Қайта ол сәтте ол көліктің ішінде болған. Пышақпен келген кезде есікті жауып үлгерді.

Алайда отағасының өліміне сенбеген туысқандары оны ауруханаға жеткізуді талап етеді. Мұндай әрекеттің заңға қайшылығын айтып түсіндіре алмаған дәрігерлер полицияға хабарласуға мүмкіндік тумады дейді. Ақырында жалаңдаған пышақтан қорыққан жедел жәрдем қызметкерлері олардың дегеніне көнген. Бірақ көлікке жете бере, оңтайлы сәтті күткен жуан жұдырықты жігіт сойқанды бастап кетеді.

Сандыбек Елекенов, фельдшер:

— Мәйітті машинаға алуға тура келді. Алып жатқан кезде жүргізуші сырғытқы қоларбаны ұстап тұрған. Салып жатқан кезде ол жүргізушінің бетінен ұрған. Жүргізушінің мұрынынан қан ақты.

Қаралы үйдің қайғысын сезінген дәрігерлер әріптесімізге араша түссек те, артық сөзге келмедік дейді. Алайда ауруханаға жеткенде марқұмның ұлы көлік тізгіндеген азаматты тағы жұдырықтың астына алады. Ауыр соққыдан есеңгіреп тасқа құлаған жедел жәрдем қызметкері ауруханадан бір-ақ шыққан.

Идрисжан Мансамов, травматология бөлімінің меңгерушісі:

— Қабылдау бөліміне түскен сәтте басы мен бетіндегі жарақаты анық көрініп тұрды. Толық тексеруден кейін бас сүйегі зақымданып, мұрны қатты жарақаттанғаны, сондай-ақ миы шайқалғаны анықталды. Қазір жағдайы орташа ауыр деңгейде. Әлі бір апта ауруханада жатуына тура келеді.

Айналдырған бір сағаттың ішінде екі рет оңбай таяқ жеген азамат полицияға шағымданған. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушіні жазым ете жаздаған жігіт жазадан құтылмайды дейді.

Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

— Күдікті 1987 жылғы Есік қаласының жергілікті тұрғыны анықталды. Қазір ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауыр, орташа зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Алайда кешегі сорақылықтан жедел жәрдем қызметкерлерінің бойын үрей билеген. «Өзгені өлімнен арашалауға барып, өзіміз ажал құшамыз ба» деп қауіптенгендер соңғы уақытта тұрғындар тарапынан қоқан-лоққы тым көбейгенін айтады. Алты айдың ішінде облыс аумағында дәл сондай бес жағдай тіркеліпті.

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия