
Елімізде жол-көлік оқиғасы жазға қарай жиілеп кетеді. Өйткені алысқа жол жүретіндер мен саяхатқа шығатындардың қарасы артады. Осындайда қара жолдың қасірет әкелетіндігін рульде отырған кейбір азаматтар ескере бермейтіні өкінішті.
Тиісті жерге тезірек жеткісі келетін немесе жол-жөнекей желік қуғандар жол апатына қалай түсіп қалғанын білмей де қалады. Тіпті өз жөнімен келе жатқандарды да жапа шектіретіндер бар. Олардың арасында жолаушылар көлігінің болуы қатты ойландырады.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов былтыр жолаушылар көлігінің қатысуымен 495 жол апаты болғанын айтады. Барлығына көлік жүргізушілері кінәлі. Оқиға барысында 52 адам өліп, 731-і жарақат алған. Өмір бойы мүгедек болып қалғандары қаншама!
Министрлік өкілі барлық көрсеткіш бойынша жол-көлік оқиғасы төмендеу барын айтады. Тек апат салдарынан балалар өлімі артыпты. Ал бізге салсақ, қара жолдың бойында қан төгілмегені, ешкімнің де жарақат алмағаны керек.
Биылғы жылы жолаушылар көлігі апатының көшін бастап тұрған қала – Алматы. Тұрақты маршруттарда қатынайтын автобустардың қатысуымен 72 жол апаты тіркелген. Барлық оқиға көлік жүргізушілерінің кінәсінен туындаған. Қысқасы, тәртіп жоқ. Құзырлы орындар дер кезінде тиісті шара қолданбайды, қадағалау жағы нашар. Автобустардың бір бөлігі жекенің қолында, ескі автобус көп. Жүргізушілер медициналық тексеруден тұрақты өтпейді. Айналып келгенде, апатқа жол беретін мүмкіндіктер көп. Сондықтан алдағы уақытта жолаушылар көлігінің қала ішінде сағатына 60-тан 50 шақырым, сыртқы жолдарда 80-90 шақырым жылдамдықпен жүруіне ғана рұқсат берілуі мүмкін. Бұл апатты болдырмауға мүмкіндік береді. Алайда желмен жарысқандар бұл бастамаға қалай қарайды? Нәпақасын жолдан табатындар мұны қысым деп қарауы да мүмкін. Бірақ бәрімізге жолаушы көлігінің қауіпсіздігі керектігін олар ескергісі келмейтіндей.
Айтпақшы, ішкі істер министрлігі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп жасаған «Жол картасындағы осындай жаңалыққа күні кеше жамбылдық жолаушылар көлігінің иелері наразылық білдірді. Бастаманы жұрттың жүйкесіне тиетін жағдай деп есептеген жүргізушілер жұрт жаппай жеңіл көліктерге мініп кетеді деп қорқады. Алайда қауіпсіз болса көппен бірге автобуста отырғанға не жетсін!
Жолдасбек ДУАНАБАЙ