
Бүгін «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусы аударылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
«3 желтоқсанда сағат 05:25-те «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусының жүргізушісі көктайғақ салдарынан рульді басқара алмай, көлік аударылып қалған» делінген ТЖК таратқан хабарламада. Мәліметке сай, автобуста 35 жолаушы болған. Апаттан 7 адам ажал құшқан, оның бірі ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырған. Автобус «Құмкөл-Қызылорда» бағытында кетіп бара жатқан. Оқиға Қызылордадан 85 шақырым қашықтықта болған. Қызылорда облыстық ТЖД базасында жедел штаб ұйымдастырылды. (7242) 24-41-61, 70-03-28 телефондары бойынша жедел желі ашылды.