
Түркістан облысында ауруханадағы былықты айтып басы дауға қалған дәрігердің ісі аяқасты басқа қырынан өрбіді. Хирург Қайрат Сейдуалиев ота жасауға берілген қолғаптардың сапасыз екенін айтқаны үшін Келес аудандық ауруханасындағы қызметінен қуылған болатын. Ал бүгін оның жаңа қызметке тағайындалғанын Денсаулық сақтау министрінің өзі мәлімдеді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Біз бұл мәселеге қатысты тексеріс жүргіздік. Ол жақтағы әріптестерімізбен ақылдаса келе, Қайрат Сейдуәлиевті Сарыағаш аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындадық. Қазіргі уақытта дәрігерлерді жұмыстан шығару емес, керсінше, оларға қолдау білдіруіміз керек. Ал мұны басты назарда ұстайтын боламыз.
Министр Қайрат Сейдуалиевтің әлеуметтік желіде сынаған қолғаптары елімізге гуманитарлық көмек ретінде келгенін мәлімдеді. Сондықтан оның өлшемдері кейбір дәрігерлерге сәйкес келмеген. Хирургтің ота қолғабының сапасыз екенін айтқан видеосы қызу талқыға түскен болатын. Артынша 10 жылдық тәжірбиесі бар маман жұмысынан босатылды. Мұның арты үлкен шуға ұласқан соң, іске Денсаулық сақтау министрлігі араласып, хирург басшы болып тағайындалды.