Әулиеата жеріндегі қуғын-сүргін құрбандары

31 мамыр 2019, 11:22

Еліміздің оңтүстік өңірінде өткен ғасырдың 20-30-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ашық баспасөз және мұрағат материалдары бойынша жасалған сараптамаға сәйкес, тұтқындалған кездегі әлеуметтік жағдайына байланысты қуғын-сүргінге ұшырағандардың басым көпшілігін мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми-техникалық және гуманитарлық интеллигенция өкілдері құраған. Сотталғандардың сапында қатардағы колхозшылар мен жұмысшылардың да саны аз болмаған. Тіпті бұл тізімде «қуғын-сүргінге көбірек ұшырауы тиіс» көрінетін жекеменшік шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 150 адам шамасында болса, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға және елді индустрияландыруға тікелей қатысқан колхозшылар мен жұмысшылардың саны 700-ге жуықтайды.

Бұл арқылы оңтүстік өңірде жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің, оның бірінші басшыларынан бастап төменгі деңгейдегі басқа да кадрларға қолданылғанын байқауға болады. Олай болса, «репрессиялық қауіптің» қатарына тек мемлекеттік қызметкерлермен қатар, олардың тобын мал және егін шаруашылығындағылардың, мақташылардың және басқа да көптеген әлеуметтік саладағы мамандардың да толықтырғанын айта аламыз.
Қызыл империяның құрсауына ілігіп, жапа шеккендердің алғашқы қатарында дін қызметкерлері де болды…
Нақты мысал келтіре кетсек. Онда Сырдария округі Әулиеата ауданының шаруасы БК(б)П мүшелігіне қандидат, 1903 жылы туылған Жамбыловтың (құжатта аты жазылмаған) мәселесін қараған партиялық тазалау комиссиясы мәжілісіндегі сұрақ-жауапқа мән бере отырып, мынадай жағдайларды аңғарамыз.
Біріншіден, Жамбыловтың баймен бірігіп, көк базарда сауда жасауға қатыстылығы. Екіншіден, Аллаға сенетіндігі. Үшіншіден, Әулиеата қаласының базарында сауда жасайтын діншіл әкесімен қарым-қатынасын үзбегені. Төртіншіден, 18 жасар қалыңдығын мекеменің атымен (жылқысымен) алып келгендігі. Бесіншіден, атқарған жұмыстарына тиесілі нан берілмеген кезде (кәртішке бойынша) бүлік шығарғандығы аталған азаматтың партияға мүшелікке үміткер қатарынан шығарылуына алып келеді. Комиссия мүшелері Наумкин, Лихушин, Лозовский және Шоқымбаев жоғарыда көрсетілген жәйттерді Жамбыловқа «кінә» ретінде тағады. Тіпті Шоқымбаев «Мен Жамбыловтың қазір де мешітке баратынын, бес уақыт намазын үзбейтінін біліп те, көріп те жүрмін, бірақ бұл туралы ол партияға шындықты айтқысы келмейді», – деп өзеурейді.
Бүгінгі күннің көзқарасымен таразыласақ, Жамбыловтың тірліктерінде күстаналайтындай ештеңе жоқ. Дегенмен кәлиманы айтқан мұсылмандардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырай бастауы осы тұс болатын. Аталған жылдары тек оңтүстік өңірде 48 молда мен 9 дін қызметкері қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен баршасы дерлік атылады. Солардың қатарында – Ғаниқожа Әбдіжәмілов, Жақып Ақназаров, Бабақұл Алтабаев, Ақмұрат Аманов, Жұман Әбдиев, Нарымбек Әзімбаев сынды хақ жолынан таймай қаза болған бабаларымызды айта аламыз.
Халықты қасіретке ұшыратқан келесі бір науқан ірі байлар шаруашылығы мен жартылай – феодалдарды кәмпескелеу мен жер аудару туралы қаулыны жүзеге асыруы болды. Осы мәселе бойынша декреттің жобасы 6-шы рет шақырылған Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ Халық комиссарлар кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы біріккен мәжілісінде Нұрмақовтың баяндамасы бойынша қарастырылған еді. Декретке сәйкес кәмпескеленген малдарды бөлу «…аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек, жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға) деп есептелді. Іс жүзінде олай болмағаны кәмпескелеуден кейінгі Қазақстанды жайлаған алапат аштық арқылы көрініс тапқан еді. Мәселен, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934 жылы оның 7 мыңы ғана қалған.
1932 жылғы аштықтың немесе басқа да себептерге байланысты болар, кеңестік репрессиялық аппарат 1932 жылдың «7 тамыз заңын» күшіне енгізді. Халық арасында «бір түйір дәнді алғаны үшін сотталу» ретінде белгілі осы «7 тамыз заңы» бойынша мемлекет мүлкіне қандай бір мөлшерде қол сұққандығы үшін 10 жылға немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыратын. Мұрағат құжаттарында осындай «ұр да жық» саясат құрбандарының қалай «сотталғаны» туралы мәлімет көп. Соның біріне мән берсек.
Қыр қазағы Хамит Бекболатов Ақыртөбедегі интернатқа шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып (завхоз) жұмысқа кіреді. Хамит жұмысқа кіре салысымен жүргізілген тексеру интернаттағы көп былықтың бетін ашады. Әйтсе де, осыған дейін интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп, шошқа сатып, мұртын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов (еврей не сарт болар) аман қалып, Хамит Бекболатов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Мал-мүлкі кәмпескеленеді. Бұл жерде санкцияны аудан прокуроры Сенников берсе, үкімді аудандық сот Аверкиев шығарғанын айта кету керек. Дегенмен кеңестік «халық сотының» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге құлқы бөлек сияқты. Оны Полюкович есімді жанашырының кепілдікке босатып алуы өз алдына, тіпті кейін кассациялық өтініш арқылы қаралған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1-ші сот алқасы (төрағасы Мұхамеджанов мүшелері Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін төмендетеді. Құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932 жылдың «7 тамыз заңы» бойынша Оспан Ысқақов, Дәулет Көшеров, Аязбек Байбеков, Алуа Мырзақұлова, Саймұратов, Тілегенов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдәулетов, Дәрменқұлов, Сәлима Хасенова (тектері құжаттарда осылай жазылған) және басқалары да сотталғаны туралы мәлімет бар.
Сонымен қатар қуғын-сүргін нәубеті кезеңінде «отқа да күймейтін, суға да түспейтін» «ерекше» қызметкерлердің де болғаны анық. Соның бірі – Лев Моисеевич Хайкин «Қосшы» одағының Әулиеата бөлімінің меңгерушісі. Еврей. Әрине, халықпен, соның ішінде қазақы ауыл халқымен жұмыс істеуге еврейдің таңдалуы ол кезде кездейсоқ емес. Тек большевиктердің туын көтеріп жүрген уездік басшы қызметкердің (айлық жалақысы 154 сом 80 тиын) 1925 жылға дейін партия қатарына өтпей, оның себебін «кездейсоқтық, әзірге кепілдік беретін ешкім болмай тұр», – деуі аярлықтай көрінеді. Хайкин өзінің кеңес үкіметіне көзқарасы дұрыс екендігін, сонымен қатар еңбекшілер мен езілген халықты қорғау жолында жан аямайтындығын жазады. 37 жасында мақта фирмасында приказчик болып жұмыс істеген. Кеңес үкіметі аппараты қызметкерінің бұл шыны ма, жоқ па? Хайкин әртүрлі сындардан сүрінбей өтіп отырған.
Дәл осы «Қосшы» одағында басшылық қызмет атқарған Жүзбай атамыздың өмірбаяны басқаша өріліпті. Ж.Мыңбаев – 1896 жылы Әулиеата уезі Қарабақыр болысында дүниеге келген. Кеңестік билікті халыққа теңдік әпереді деп түсінген Жүзбай атамыз жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшесі ретінде тұрғылықты халықтың арасында большевиктер саясатының оң тұсын түсіндіру жұмысын жүргізеді. Осындай белсенділігімен танылған Ж.Мыңбаевты кеңестер билігі әртүрлі мемлекеттік органдарға қызметке тартады. Өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты атқарған Жүзбай Мыңбаев әсіресе, 1917-1918 жылдардағы ашаршылықтың зардаптарын жеңілдету бағытында шаршамай, шалдықпай еңбек етеді. Аш адамды тамақтандыру орталықтарының жұмысын жиі-жиі тексеріп, нәтижесін сол кездегі Әулиеата депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұловқа жеткізіп, тиісінше іс-шара қабылдап, халықтың басына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін бар күш-жігерін аямайды. Осылай, қажырлы да қайратты еңбегімен көзге түскен Жүзбай атамызды жергілікті билік Әулиеата уездік «Қосшы» одағы басшылығының құрамына енгізеді. Мұнан кейінгі кеңестік эксперименттер науқанында Қарабақыр болысында басшылық қызметте жүріп, халқының қамын жеген Жүзбай Мыңбаев большевиктер билігінің қазақтарды қынадай қырған озбырлығын түсініп, қанқұйлы саясатқа қасқайып қарсы тұрады. Нәтижесінде, 1937 жылғы 8 қыркүйекте «халық жауы» деген жалған ат таңылып, осы жылдың 20 қазанында атылады.

Сейдахан Бақторазов,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады