
АҚШ әскері Кабул әуежайында қалған ондаған ұшақ пен брондалған техника, сондай-ақ жоғары технологиялы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін істен шығарып кетті. Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығының (USCENTCOM) бастығы генерал Кеннет Маккензи айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Times of Israel басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, құны бір миллион долларға жететін MRAP минаға қарсы қорғанысы бар 70 бронды техника, 27 әскери джип, 73 ұшақ және басқа да техника жарамсыз күйде Ауғанстанда қалған.
«Біз бұл жүйелерді залалсыздандырдық: олар енді ешқашан қолданылмайды. Адамдарды шығару, біз үшін техниканы қайтарудан маңызды болды», — дейді әскерилер.
Әуежайда орнатылған зымыран мен миномет қондырғылары соңғы рет қосылып, ең соңғы сәтте — 30 тамызда істен шығарылған.
Трамп Ауғанстанда қалған техниканы қайтаруға шақырды. Американың бұрынғы басшысының айтуынша, егер содырлар техниканы қайтарудан бас тартса, онда Вашингтон «әскери күшпен келіп, оны алуы керек».