jasqazaq.kz

Әуезов театрындағы жиын жанжалға ұласты (видео)

15 ақпан 2020, 12:16

Ақтоты Райымқұлова

Айғай әу баста ақшаға бола басталған. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директорына қатысты дау өнер ордасына жүргізілетін жөндеу жұмыстарына бөлінетін қыруар қаражатқа байланысты екені белгілі болды. Театр басшылығы қажетті құжатты дер кезінде дайындамаған көрінеді. Ал директордың кетуіне қарсы шыққан өнер ұжымына бүгін Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мән-жайды түсіндірмек болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Бірақ жиын жанжалға ұласып, директорды жақтайтындар мен даттайтындар болып екі бөлінген театр ұжымы қызыл кеңірдек болып ұрысты. Әдетте сахнада өнер көрсететін әртістер бүгін көрермендердің орнына жайғасты. Директор Сәбит Әбдіхалықовтың кетуіне қарсы шыққан Әуезов атындағы драма театрының ұжымына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі үн қатуға келіпті. Министр басшы қызметінен кетуге өз еркімен арыз жазғанын жеткізді. Бірақ бұйрық әлі шықпаған екен.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

— Сәбит Әбдіхалықовтың өзі өтініш жазды. Бізге министрлікке жіберді. Одан кейін өзі бюллетеньге шығып кетті. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Осында құрылыс болады деп айтып жатырсыздар. Бірақ ол құрылыс бола ма, болмай ма, белгісіз. Өйткені Сәбит Әбдіхалықов жобалық-сметалық құжат жасамаған.

Белгілі болғандай, бұл дау өнер ордасына жасалатын күрделі жөндеу жұмыстарына тікелей байланысты. Өйткені қара шаңырақты қалпына келтіруге қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ әкемтеатрдың әкімшілігі мекеме басшысының сөзін сол жерде-ақ теріске шығарды.

Әлібек Әмірсейітов, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары:

— Жобалық-сметалық құжат дайын емес деген – өтірік. Ол дайын. Тек мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қажет. Құжаттар экспертизаға берілді. Олар 45 күннің ішінде, яғни 4-наурызда дайын болуы тиіс. Бұлар ештеңке жібермеген. Істемеген дейді.

Ең қызығы, министрдің сөзінен кейін кеше ғана арнамызға ұжым болып директорды жақтаған әртістердің арасынан оны даттайтындары да табыла кетті. Олар жаңа басшы келгелі жұмыс тұралап, қойылымдардың «деңгейі түсіп кетті» дейді.

Берік Айтжанов, актер:

— Әзіл-ысқақ әлемінің бір адамы қара шаңырақ драма театрын басқарып отыр. Бұл фактіні өзі сұмдық қой. Қалай шыдап отырсыздар. «Қар қызы» дипломдық қойылым. Қазір біздің деңгейіміз ернеуден төмен түсіп кетті.

Берік Айтжановтың сөзін әріптестері бөліп, жаймашуақ басталған жиын жанжалға ұласты.

— Сен сондай деңгейде ойнап жүрсің бе? Сен кімсің өзі?!

Сахна киімін тігіп, оны безендіретін қызметкерлер де әртістерден қалмай, министрге жанайқайын жеткізді.

— Бүгін Гогольдің «Женитьба» қойылымы. Декорацияға қараңыз. Қандай ауыр. Техникалық қызметшілердің жалақысын көтеріңіз. Актердің құқығы болу керек. Шындықты біз айтпасақ, кім айтады?

Екіге бөлініп қызыл кеңірдек болған әртістердің арыны қатты болғандықтан, Ақтоты Райымқұлова кездесуді кабинетте жалғастыруға шақырды. Ұрыс-керістің немен біткені әзірге белгісіз. Белгілісі, «өз еркімен арыз жазды» деген театр директоры Сәбит Әбдіхалықов қазір шетелде ем-дом алып жатыр екен.

 

18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия