jasqazaq.kz

Әуесбек Опабек: Шымкентте экология мен жайлы ортаға басымдық берілуде

Бүгін, 13:04

Шымкентте қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, көгалдандыру және экологиялық ахуалды тұрақты түрде жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл қала көшелеріне 1,6 млн біржылдық қызғалдақ және көпжылдық гүл отырғызылды. Сонымен қатар 73 шақырым тамшылатып суару жүйесі орнатылса, ал 30 шақырым автоматты суару жүйесімен қамтылды. Қалада жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, қалдықтарды басқару саласында ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда.

Осы жұмыстардың барысы мен алдағы жоспарлар туралы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әуесбек Опабек Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Әуесбек Әзбердіұлы, Шымкенттің көгалдандырылуы жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударады. Биыл осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Қалада қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру және оның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы аумағы 48 мың шаршы метр болатын арнайы клумбалар жасақталып, оларға сәндік бұталар мен гүлдер егілді. Мұндай жұмыстар Темірлан тас жолы, Қазыбек би көшесі, Қонаев, Байдібек би даңғылдары, Қабанбай батыр, Айбергенов, Республика, Бейбітшілік көшелері, Әл-Фараби алаңы, Бауыржан Момышұлы, Тәуке хан, Түркістан, Ильяев және Желтоқсан көшелерін қамтыды. Көгалдандыру аясында 10 көше мен жолайрыққа 1 782 гүлді вазон қойылды.

– Биыл қала тұрғындары үшін бірнеше саябақ жаңғыртылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайдалануға берілді. Бұл жобалардың ерекшелігі неде?

– Шымкент қаласының күніне орай жаңғыртудан өткен «Жапон» және «City Park» саябақтары тұрғындардың игілігіне берілді. Жобалардың ерекшелігі – бұрын коммерциялық мақсатта пайдаланылған аумақтардың қоғамдық кеңістікке қайтарылуында.

Мәселен, бұрынғы «Кең баба» саябағы аумағындағы заңсыз пайдаланылған 2,34 гектар жер учаскесі сот шешімімен мемлекет мұқтаждығына қайтарылып, коммерциялық нысандар алынды. Оның орнына сакура аллеялары, бамбук тоғайлары, сәндік тоғандар, сарқырамалар мен демалыс орындары бар «Жапон» саябағы қалыптасты.

Ал бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының аумағындағы заңсыз құрылыстар бұзылып, мұнда «City Park» жаңғыртылды. Саябақта субұрқақ, су аллеясы, жасанды көл, амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары мен мұз айдыны орналасқан.

Жалпы, осы екі жоба аясында 7,2 гектардан астам аумақта заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптасты.

Бұдан бөлек бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында демеушілердің қаражаты есебінен 45 гектар аумақта «Экопарк» салынды. Мұнда жасанды су айдыны, жаяу жүргіншілер жолдары, шолу алаңдары мен жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Аумағына 5 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Қала арқылы өтетін ұзындығы 20,1 шақырым Қошқар ата өзенінің жағалауын да кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Экология мәселесінде көгалдандырумен қатар қалдықтарды басқару да маңызды. Дәл осы бағытта қандай ірі жобалар жүзеге асырылмақ?

– Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бойынша бірнеше маңызды жоба қолға алынды. Соның бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт салу жобасы.

Бұл жоба бойынша SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING KAZAKHSTAN CO., LTD компаниясымен инвестициялық келісім жасалды. Жоба 2026–2028 жылдары жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі – 100 млн АҚШ доллары. Зауыт тәулігіне 1000 тоннаға дейін қалдық өңдеп, 24 МВт электр энергиясын өндіре алады. Сонымен бірге 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда зауыт салынатын 12 гектар жер учаскесі инвесторға беріліп, мемлекеттік акт алынған. Инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу схемалары анықталып, қажетті техникалық шарттарға сәйкес жұмыстар қамтамасыз етілді.

Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша да жоба бар. Clean Village ЖШС-мен 10 жылдық келісім жасалды. Жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптайтын зауыт салу үшін 8 гектар жер телімі сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Зауытты 2027 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.

Мұндай жобалар қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, қалдықтарды тиімді басқаруға, қайта өңдеу үлесін арттыруға және экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Әбдіхалық Олжас

Бүгін, 13:04
Әуесбек Опабек: Шымкентте экология мен жайлы ортаға басымдық берілуде
09 қазан, 13:42
Шымкентте жасанды интеллект полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталуда
07 қазан, 15:02
Ұстанымы ұқсас Оман
06 қазан, 15:09
122 года спустя: Память, наследие и школа Мухамеджана Фаризова
05 қазан, 14:25
Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі
02 қазан, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
30 қыркүйек, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді