Атырау облысында СПИД ауруын жұқтырғандардың қатары артқан. Қазір облыста қатерлі ауруды жұқтырғандардың саны 316 адамды құрап отыр.
Биылғы жылдың алғашқы 4 айында ауруға 10 адам шалдыққан. Өкінішке қарай, СПИД-ті емдеуге бүкіл әлемдік медицина әлі күнге қауқарсыз. Дегенмен дәрігерлердің үздіксіз ем-дом алған адамның өмірін ұзартып, ажалды тежеп тұруға шамасы келеді. «Бастапқы кезеңде вирусты таратушылар нашақорлар болса, қазір негізінен жыныстық қатынас арқылы таралуда», – дейді мамандар.
Гүлнәр Омарова, АИТВ орталығы, эпидемиология бөлімінің меңгерушісі:
— Анықталғандардың 60 пайызы 20-29 жас аралығындағылар, ал қалғаны 30-45 жас, ал барлық тіркелгенді алатын болсақ, 95 пайызы осы 15-49 жас аралығында. Бұл кезеңді нағыз сексуалды белсенді жас дейді. Біздің болашағымыз ВИЧ инфекциясынсыз өмір сүруі үшін біз осы жастардың арасында көп жұмыс жасауымыз керек.