Атырау облысында әлі де 200 дәрігер жетіспейді. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде медициналық нысандарды жаңарту мәселесі шешімін тауып келеді. Былтыр бұл салада 2 нысан іске қосылды. Тағы 12 ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. «Дәрігер жетіспеушілігі мәселесі әлі күнге толық шешімін таппады. Былтыр өңірге 130 дәрігер-маман келді. Әлі де 200 маман жетіспейді. Осыған орай биыл кадр тапшылығын жою үшін медициналық білім беретін жоғары оқу орындарына 110 грант бөлу жоспарланды», — деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Сондай-ақ, сала қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуде құжаттар қабылдануда. Қазіргі уақытта медицина саласының 89 қызметкері баспаналы болды.