Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі

08 қараша 2019, 12:12

Бала Қазыбек би небәрі 14 жасында қалмақтың қонтайшысына айтқан сөзі бар: «Қазақ деген мал баққан елміз…» – деп бастайтын. Мал – қазақтың ықылым замандардан бергі атакәсібі болғанын осыдан білеміз. Қорадағы малынан, астындағы атынан айырылған қазақтың не болғаны баршаға аян. Газетіміздің бүгінгі қонағы атакәсіптен алыстаған қазақты масылдық психология меңдеп, жалқаулық жеңгенін айтады.

Басылымның дәстүрлі айдары бойынша қоғамда айтар сөзі, орамды ойы бар азаматтарды әңгімеге тартып, сұхбат алып тұрамыз. Олардың әңгімесі оқырманға ой салса екен деген үміт біздікі. Бүгінгі қонағымыз – фольклортанушы ғалым, музыкатанушы маман, эпик жыршы Берік Жүсіпов. Таныстырып жатудың өзі артық. Берік Жүсіповтың еткен еңбегі мен алған атаң-даңқы жеткілікті. Қысқартып айтсақ: қазақ радиосының «Алтын қорында» жүзден аса авторлық бағдарламалары сақталған. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Үш жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалар мен бірнеше кітаптың авторы.

Jas qazaq: Берік аға, өзіңізбен сұхбатқа келіскен кезімде, ойымда ойқастаған әр алуан сұрақ көп еді. Енді, міне, неден бастарымды да білмей отырмын. Көп оқыған, көп білетін, білім-білігі жетік адаммен әңгімелесу журналист түгілі, қаламы қарымды жазушыға да оңай соқпаса керек. Өз басым, Берік Жүсіпов десе, ХХІ ғасырға сыймай жүрген, тас қалаға тосырқай қарайтын, ХVIII-ХIХ ғасырдағы дала оқымыстылары немесе құлдық санадан ада өткен дәуірлердің мінезді, жүректі қас батырын көргендей боламын…
Б.Жүсіпов: Дала төсінде еркін көшіп-қонып жүрген кешегі бір заманда біз кімге сәлем бергендей едік. Әрідегіні айтпағанда, бергі мұрты аузын қапқан, мысық тілеу, қысық көз көршілердің талайынан ақырып теңдік сұраған, алапасы асқан алдаспанды ерелердің ұрпағы екенімізді әлем біледі. Бірақ мына заманы құрымағыр сол есі бүтіндерден қалған есті дүниелерді, әсіресе адамның өзін обып бара жатқанын көргенде бөрі жүректің көкке қарап ұлитынын жасыра алмаймын.
Пенденің нәзік танымына тән тағдыр деген түсінік бар. Оны ешкім таңдай алмайды, туғанда пешенеңе жазылатын сол шытырманның тылсым ықпалымен адам атаулы өзіне жол таңдайды. Оны қазір көп жұрт мамандықпен шатастырып жүр, негізі екеуінің тек тамыры от пен судай қабыспайтын дүниелер. Әуелде біздің талайымызға бұйырғаны ескіден қалған есті мұраға шырақшы болу сияқты. Мен өзіме артылған осы аманат жүгін тым ерте, он екі-он үш жасымда сезінген қазақпын. Содан соң көп бұлтаққа салмай бұралаң жолға түсіп алып жүре беріппіз. Байқап отырсаңыз, қазір көп адам өресі тар өтірік сөзге орын беруге әуес. Менің өйтуге арым бармайды. Иә, әуелде көз ұшында бір сынық айдың сәулесі бар екені рас еді, бірақ біз оны шын ажыратып тани алған жоқпыз. Сөйтіп қаңғалақтап жүріп қалыптастық, түйсік арқылы әлгі жетегіне алған күштің ықпалында болдық, басымызды тауға да, тасқа да ұрдық, сан рет жаңылыстық, оңбай құладық, қайта тұруға талпындық, сөйтіп жүріп осы күнге жеттік. Сондағы көргеніміз, біздің ақжелең қиялымызды тербеген идеал атаулының әбден күйреп, адам айтса нанғысыз дәрежеге жеткені. Міне, білуге жазылғаны осы ғана екен. Егер бойымызда сен көрген әлгіндей қасиеттердің табы болса, сөз жоқ, бізді мына қоғамға сыйдырмай, мінезді етіп көрсетіп жүрген сол бабалардың санасын сансыратқан асыл рухы болса керек. Әйтпесе, біз де бойындағы асылын қала кеміріп бара жатқан қатардағы қазақтың біріміз.
Jas qazaq: Сіз көзін көрген даланың дара ұлдарының мінезі қандай еді? Қазір қыз мінезді жігіттер мен сөзінде тұрмайтын еркек аты бар бөріктілер көбейді. Бір-бірін мақтаса жер-көкке сыйғызбайтын, даттаса қара жерге көміп тастауға дайын мейірімсіз ағалар мен аталарды күнде көретін болдық. Қазақ мінезінің осыншалық өзгеруіне, тамырынан бүлінуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
Б.Жүсіпов: Оның рас, мақтаудан алдына жан салмайтын ұлтқа айналдық, түбінде осы қасиетімізден опық жейміз. Жамандық атаулының бәріне көз үйретіп, еш нәрсеге таң қалмайтын болдық. Қасиетті деген ұғымдар мен бейқасиет нәрселер мидай араласып кетті. Қоғамдық дерт әбден асқынды, Алла ақырын білмесе, адам пақырыңыз азуға айналды.
Біз дала қазағының үлгісінде тәрбиеленіп, таным-түсінігін баба қазақтың тамырына байлаған қариялардың тәлімін түйіп, батасын алып, солардың көкірегіндегі халық мұрасын жинастыра жүріп, балалықтың ауылынан алыстау өстік. Бір сәт елестетіп көрші, он үш-он төрттегі бала мына далиған дүниенің қадіріне әлдеқашан жеткен, алпысты алқымдап, жетпісті желкелеп, тіпті сексеннің сеңгірінде шамшырақтай жайнап отырған абыз қарттардың көкірегіндегі қазынаны қаттап алып қалу үшін екі арада қандай байланыс болу керек. Сондықтан да мен саған олардың мінезінің қандай болғанын сарқып айтып бере алмаймын, ол жарықтықтарды тек көзбен көру керек. Ал біздің бойымызда соның жұқанағы қалды, оны жасыра алмаймыз.
Табан етімді тоздырып жүріп жинаған мендегі екі мың сағатқа жуық аудио қазынаға заманында тек Ақселеу Сейдімбек сияқты зереннің ғана мұрағаты теңесе алатын. Бүгінде сол асылдардың дауысын оңашада өзім бей-жай отырып тыңдай алмаймын, кәдімгідей жүрегім ауырады. Шынын айтқанда, мұның қандай күш екенін әзірге өзім де түстеп тани алған жоқпын. Олардың жан дүниесінің тазалығы бұл күнде мына тұмса табиғатыңнан да табылмайды. Ал өзің айтып отырған мың сан сұраулы мәселенің басты себебі – бұлақ бастауларымыздан көз жазып, бойымызға жаттекі мәдениет пен сенім үлгілерін шамадан тыс сіңіріп, ақыр аяғында сананы тұрмысқа билетіп, ғасырлар сүзгісінен өткен жақсы әдеттерімізден жерініп, өзімізді ұлт ретінде менсінбейтін дәрежеге дейін құлдырауымыздан деп ойлаймын. Әрине, мұның бәрін жеріне жеткізіп айтып, талдап, таразылап беру үшін осы тақырып төңірегінде арнайы сұхбат жасау керек. Құдайлық бастамаларға құдайсыздар ғылымының нәтижесін қарсы қойған адамзат баласы үздіксіз дамудың ақыры әлемдік дағдарысқа ұрындыратынын білмеді деуге дәтім бармайды. Қоғамда орын алып отырған берекесіздіктер себебін терең түсіндіретін ғылымға құлақ асқан дұрысырақ. Жалпы, бүгінгі қоғамдық ой-пікірді бір қауызға сидыратын ортақ пәтуа болмайынша, бәлду-бәлду бәрі өтіріктің керінен әрі аса алмаймыз.

Jas qazaq: Сұрақты қазақ мінезінің өзгеруінен бастадық қой. Әженің қалтасындағы науатын жеп өскен соңғы буын сіздерден кейінгі біз шығармыз. Қазір немересіне науат беретін әжелер тойда сарқытқа таласып жүр. Әйел деген әдемі есімнің иесі ауылдағы аналарымыз (қаладағыларға сөзім жоқ) шашын бояп, шалбар кие бастады. Бүгін түскен жас келін ертең күйеуімен әй-шәй десіп, әке-шешесін ертіп келіп, ажырасып жатыр. Ұлттың анасы әйел табиғатының тамыры қайдан, қалай бұзылды?
Б.Жүсіпов: Ұлт қалыптастырған биік қамалдар өздігінен бұзылған жоқ, оны қолдан балталап жермен-жексен етті. Есіңде болса, бұрынғы қазақ «Ердің атын қатын шығарады, қатынның атын отын шығарады» деуші еді ғой. Сол иман сауыты кемел, ошағына тер төккен аналарымыз біздің ұлттық қасиетке толы кодымызды сақтап, бүгінге жеткізіп, келесі буынға өткізіп берді. Өкінішке қарай, заманның жылтырақтарына көзімізді сатып жүріп, біз ұлттың ізгі дәстүрлерінің бірін де тұтына алмай қалдық.
Сол екі ортада теңдік деген шайтани идеяны түрлі айла-шарғылармен санаға сіңіріп жіберген жат пиғыл иелері ақыры теңеспейтін дүниелерді теңестіріп тыңды. Бұрын шығыс әйелі рудың меншігі болса, қазір қазақ әйелдері ерлерін меншігіне айналдырды, тіпті кейбірін өзі тапқан үлкен ұлындай көреді. Соның арқасы емес пе, еркек байғұстарды қалаған жерден қайырып алып шідерді аттай шерменде қылып қойып отырғандары.
Былай қарасаң, түкке тұрғысыз нәрсе сияқты. «Екеуі бір отбасы емес пе, үлгірмей жатса, еркегі баланың жаялығын да жуа салсын» деушілер көп. Міне, осындай көзге көрінбейтін, көрінсе де елеусіз деп табылып жүрген жайттар жиынтығы жинала келе балталасаң, бұзылмайтын бүгінгі әйел атаулыға тән мұзтауға айналып болды. Бұл торай тобық қасиеттен қазақ әйелдері өздігінен, саналы түрде тыйылмаса, әзірге «әй дейтін ажа мен қой дейтін қожа» көріп тұрған жоқпын. Оған жалпының ішіндегі көргені бар жалқының тәрбиелі жолын қарсы қоятын қоғамыңның сиқы мынау. Тамырын құрт кеулеген ескінің үлгісі көз алдында шіріп, ағып түсіп жатса да, бас ауыртып отырған жанашыр аз. Ұя бұзу әбестік болмай қалды, ішіме сиған қызым сыртыма да сияды деушілер көбейді, оны айтудың өзі қорқынышты. Жаратушы жар болмаса, әйел ұлттың арына баланудан қалып бара жатыр. Мен бұдан асқан ақырзаман болады деп те ойламаймын!
Jas qazaq: Енді өнер тақырыбына көшсек. Өнер неге құнсызданып кетті десем, бәлкім, сұрағым жаттандылау естілер. Бірақ осы күні өнердің барлық саласындағы танымал адамдар, әсіресе жұрт теледидар арқылы білетін тұлғалардың дені таланы таяздар. Мәселен, эстрадада жүрген, дауысын компьютермен бояйтын әншісымақтарды бүкіл Қазақстан таниды. Театр тілінің шұрайы жоқ, фигурасы қызға бергісіз актерлер мен қылықты мінезінен гөрі еркекке бейім актрисалар қаптап жүр. Ал дәстүрлі әнді жағалаған кейбір аға-әпкелеріміз ақша үшін бе, шақша үшін бе, әйтеуір, домбыра мен эстраданы қосып «қос мекендінің» күйін кешіп кеткен. Өнердегі бата беретін ақсақалдарымыз кім ақша төлесе, соның тойына барып, соны мақтап, аты мен атағын саудаға салып болды. Осыдан кейін өнер туралы өрелі ой айтудың өзі қиын сияқты.
Б.Жүсіпов: Дәстүрлі өнерді жаппай өмір салтқа айналдыруға байланысты байбалам салу, теңіз бетіне дән сеуіп қойып «Енді мынау неге өнім бермейді?» деумен пара-пар сауатсыз әрекет. Өкінішті болса да шындығын айту керек, дәстүрлі (ұлттық) өнердің дәуірі батқан күннің тасасында қалды. Оған енді тыңдаушыны да күстаналай алмайсың. Ал қас таланттардың сорына талантсыз тобырды өсіріп шығару арқылы өнерді іштей ірітіп, бүлдіру, белгілі бір ұлт қасиет, кие тұтқан нәрселерді қасиетсіздендіру бұл ежелден келе жатқан тәсіл. Тек мұндай әрекеттің тасасында кім және қандай пиғыл тұрғанын ажырату өте маңызды. Жүз жылға, одан да көп мерзімге жоспарланып, кейін әлгі қағидалар қайта жойылып, содан соң мүлдем басқа қырынан, ешкім ойламаған қалыпта қайта қалқып шыға келетін саяси ойындар болады. Мұндай тәжірибеге заманның жымысқы саясатына ақылын алдырмаған ұлт қана төтеп бере алады. Кейінгі кезде мені осы мәселе қатты ойландыратыны, қалғанының бәрі майда-шүйде, түкке тұрғысыз нәрселер.
Руханият ауылының өкілдері, соның ішінде өзін мәдениет майданының жауынгерлері санайтын топтың дені ежелден ұйытқып соққан желдің бағытына қарай қисая кететін үкілі қамыс сияқты тым былқылдақ бекініске бой алдырып алғанын өздері де байқамайтын сияқты. Өйткені біз қазір өзімізге сырттың сын көзімен қарауды мүлдем тоқтаттық қой. Бұларды сатып алып, қайта сатып, қалағанынша қолшоқпар жасауға болатынын билеуші топ ежелден жақсы біледі. Сондықтан оған таң қалып керегі жоқ, оның бейопа табиғаты бұл өлкедегі екінің біріне таныс.
Біздің жұртқа өнердің сауда сипаты хақында тереңірек ойланатын уақыт жетті. Қай қоғамда болсын, өнер үшін ақы төленген, кейде ауызбастырық беру арқылы өнермен айналысуға тиым да салынған. Кейбіреулер ойлайтындай бұл өнердің қасиеті емес. Осы дертке жанасқандар ілкі табиғатында саудагерлік пиғылдан тысқары тұрғаны жоқ. Солай бола тұра, бізде сахнадан жылт етіп көрінген артистен тұлға жасап алып, оны пұтқа табынғандай дәріптеп, ұлтқа үлгі санағысы келетіндер көп. Артист атаулы кәдімгі ет пен сүйектен жаралған пенде, оның қызметінің түрі жер бетіндегі барша мамандықтар сияқты белгілі бір топтың көңіл күйі мен мүддесін қамтамасыз етуге арналғанын түсіну керек. Сонда оның кәдуілгі даяшыдан айырмашылығы не? Молда қателеспеу керек деп есептейтін біздің жұрт ұлттық өнер мен шоу-бизнес табиғатын шатастырып алған. Ең бастысы, өнерін сатып жүрген өнерпаздың кәдуілгі саудагермен бәсі бірдей екенін ұмытқан халық нағыз ұлт жанашырлары мен тұлғалардың басқа мамандық арасында жүргеніне сенгісі келмейтін сияқты. Міне, кейінгі кезде мені осы нәрсе қатты таң қалдырады.
Ал театрға қатысты айтылатын мәселе көп. Әлемде осы өнер түрі керек пе, жоқ па деген де екіұдай пікірлер бар. Өмір бойы басқа біреудің тағдырын кешіп, жасаған образының әсерінен толық шығып кете алмайтын, кейде сол шығармадағы уақиғалар өз тағдырына айналатын осы өнерге біздің жұрттың жирене қарап, «артист» деп тіксініп қалатын қылығына әлде де бас қатыра түсу керек сияқты. Әрине, бір заманда дала сахнасынан келіп, шын өнер жасаған алыптар жайында әңгімені бөлек өрбіткен дұрыс деп ойлаймын. Алайда олардың да кеңестік саясаттың құрбаны болып, жүйеге қызмет жасағанын естен шығармау керек. Заманында біздің қазақ өнерді жеке мамандық ретінде мойындамаған. Өз табиғи тегіне орай ол өмір салт болуы керек еді, өкінішке қарай, бүгінгі заман оны мүлдем көтермейді. Қай өнер түрі болсын, ұлт үшін оның алдымен тәрбиелік сипатын басты құрал есебінде дәріптеуден құралақан болып қалдық. Сондықтан біздің сахнагерлер қауымы болашағы бұлдыр құр сағымға алдана бермегені дұрыс сияқты болып көрінеді кейде маған. Қай қызметтің болсын әуелі Аллаға жаққаны абзал шығар. Өйткені оның анығы да тек соған аян ғой…
Jas qazaq: Қоғамдағы осындай түйткілдерге қарап отырсам, жалпы қазақтың психологиясы өзгеріп кеткен бе деген ой келеді. Мысалы, бүгін бір мекемеге басшы болып барған жас маман елге қызмет жасайын дегеннен гөрі, қалай пара аламын, қалай бірден байып кетемін, қалай көп ақша тауып зәулім үй саламын, бизнес ашамын деп ойлайтын сияқты. Өйткені істеген ісі соны аңғартады. Сондайлардың кесірінен парақорлық деген асқынып кетті. Мектептегі білімнің деңгейін өзіңіз де білесіз. Медицинамыздың да халі мүшкіл. Мемлекетке масыл болып алған сияқтымыз. Полицияның жағдайы бәрімізге аян. Жалпы, ақшаға байланған психологияға қайдан, қалай әуес болдық?
Б.Жүсіпов: Көкейіңді кеулеп, санаңды сарытап еткен мына салмағы қорғасыннан да ауыр әр сұрағыңа менен гөрі мемлекет басшылары жауап берсе, дұрыс болар еді. Бізге қоғамдағы барлық жайтқа байланысты ой айтуға айрықша құқық берілмеген және оның этикаға қиғаш келетін тұстары да баршылық. Сондықтан, мен күлбілтелендірмей бірден Аяз бидің тәсіліне көшейін. Әйтпесе, онсыз да күреңітіп тұрған қиғаш тіршілік емес пе. Жалпы, адам баласы өз табиғатында ақша араласқан жерлерден тысқары болған емес. Тиынды жек көретін ақымақты өз басым әзірге кезіктірген жоқпын. Ондайларды біздің жұрт кемпайда деп күстаналайды. Қарасақал Ерімбет молла бұл психология жайында «Ұшқан құс, жүгірген аң тамағы үшін / Ойлаған айып емес өлмес жағын» деп кесіп айтқан. Ал масылдық психологияға байланысты ойымызды айтуға болады.
Кешегі Кеңес одағы тұсында сегіз сағаттық жұмыс уақыты деген ұғым пайда болды. Біздің халық бұрын табиғатында жоқ осы жүйеге әлі көндіге алмай келе жатқан жұрттың қатарында. Бүгінде біздің арамызда сол заңмен міндет етілген жұмысына келуді ауырсынатын артистер көп. Бұл көкең оны да көрген. Бір ғажабы, жұмысқа келуді міндеттеген басшыны арыздың астына алып, төмпештеуден алдына жан салмайтын халықтың бірі болып тұрмыз. Осы сегіз сағат біздің халықтың бойына масылдық психология дәнегін егіп тастаған. Жұрт қатарлы жұмыс сылтауымен уақыт өткізіп келген қазіргі қазақтың басқа нәрсеге тұяғын қимылдатқысы келмейді. Аңшылық, егіншілік, малшылық тәрізді атакәсібімізден қол үзген күннен бастап бізді масылдық психология билей бастады. Бұл менің көлгір ойым емес, шын сөзім. Егер маған өмірді қайта сүру мен екінші рет мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан осы атакәсіптің бірімен айналысқан болар едім. Көкіректегі өнер мен қолдағы қаламды Алладан басқа ешкім бермеген соң, соның өзінен басқа ешкім тартып ала алмасы да белгілі ғой. Өнер атаулыны мамандықсыз да дамытуға болады. Жалпы, біз масылдық психологиядан құтылған күні шын азаттыққа қол жеткіземіз. Ретін тауып қоғам түгіл ешбір адамның алдында иілмей өмір сүргенге не жетсін, шіркін!
Jas qazaq: Мәнді де мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Жарас Кемелжан

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады