
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов бірқатар спорт нысандарының құрылысымен танысты. Сондай-ақ қала обьектілерін аралау барысында қаланың сол жағалауынан тағы бір жаңа Оқушылар сарайының салынып жатқаны туралы мәлім етті.
«Астанада балалар мен қала тұрғындарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатырмыз. Мысалы, Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестициялар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға және т.б. арналған залдар болады», — деді қала әкімі.
Сол көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы — 5,5 млрд теңге. Спорт орталығы 2023 жылы есігін айқара ашпақ.
Сол сияқты қалада жеке инвестициялар есебінен «Алау» мұз сарайының жанында үстел теннисі орталығын ашу жоспарланып отыр.
Жаңа Оқушылар сарайы Есіл ауданы, Тұран даңғылында бой көтермек. Оның құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр екен. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, сол сияқты гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, робототехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін және т.б. ашу жоспарланып отыр. Жаңа Оқушылар сарайы 2023 жылы пайдалануға берілмек.

Сол сияқты, бұрын хабрлағанымыздай, қалада бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. «Жастар» сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша бір мыңға жуық бала жаттығады.
«Қала тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізе алуы үшін спорт және демалыс орталықтарының желісін ары қарай да кеңейтетін боламыз. Спорт орталықтары бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», — деді Астана әкімі.
Абзал Ибрагим,
Астана